Әлем • 23 Қаңтар, 2018

Қазақстан Пхеньянды бейбіт жолмен жүруге шақырды

255 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығы туралы шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының жарыса жазып жатқаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Ендігі кезекте Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңес отырысында Солтүстік Корея мәселесін көтеріп, бұл елді бейбіт жолға шақырғаны да әлем назарын өзіне аударғанын айтқымыз келеді. Оған дәлел ретінде назарларыңызға әлемге танымал БАҚ-та жарияланған мақалалардың ықшамдалған мазмұнын ұсынамыз. 

Қазақстан Пхеньянды бейбіт жолмен жүруге шақырды

The New York Times

Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстанның халықаралық беделінің артқанын жеткізіп, Солтүстік Корея мәселесіне қатысты маңызды мәселелер туралы айтты.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің жоғары деңгейдегі пікірталасында жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау тақырыбы талқыланды. Онда Нұрсұлтан Назарбаев сенім ахуалын қалыптастырудың және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуының маңызды шарты ретінде «ядролық бестіктің» КХДР-дің қауіпсіздігіне кепілдік беруін жақтайтынын айтты. Президенттің айтуынша, мүдделі тараптар қажет еткен жағдайда, Қазақстан келіссөз алаңын ұсынуға дайын. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Солтүстік Кореяның ядролық қаруға ұмтылуын АҚШ, Ресей мен Қытай арасындағы сенімді нығайта отырып шешу керек екенін айтты.

«Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе түрғысынан кө­мек болар еді. Біз тәуелсіз ел болып, мем­­лекетімізді нығайттық. Ядролық қару­дан бас тартып және ядролық держава­лар­­дан шабуыл жасамау кепілдігін алып, жо­ғар­ы беделге ие болдық. Осы ретте, Сол­­түс­тік Корея басшылығын біздің жолы­­мыз­бен жүруге шақырамыз», деді Президент.

ABC News

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның төрағалық етуіндегі негізгі шара «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: шаралар мен сенім» атты тақырыппен өткен отырыс болды. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен жиын жаһандық күн тәртібіндегі ең өзекті мәселеге арналды.

Кеңес отырысында Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Кореяның ядролық проблемасын реттеудің маңызы зор екеніне тоқталды және Корея түбегіндегі қазіргі оқиғалар терең қарама-қайшылықтың бар екенін көрсететіндігін айтты. «Солтүстік Кореяның ядролық проблемасын реттеуде жылдам әрі конструктивті тәсіл қолдануды ұсынамын. Сенім ахуалын қалыптастырудың және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуының маңызды шарты ретінде «ядролық бестіктің» КХДР-дің қауіпсіздігіне кепілдік беруін жақтаймыз. Мүдделі тараптар қажет еткен жағдайда Қазақстан келіссөз алаңын ұсынуға дайын», деді Н.Назарбаев.

Associated Press

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен жиынға қатысып, ядролық қарудың қаупі жылдан-жылға артып келе жатқанын айтты. Отырысты қаңтар айындағы ҚК Төрағасы Қазақстан тарапы ұйымдастырды. Бұл мемлекет 1991 жылы тәуелсіздігін алған соң әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан бас тартқан болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес отырысында Солтүстік Кореяға бейбіт жолды таңдауды ұсынды. «Біз ядролық қарусыз-ақ тәуелсіз мемлекетімізді дамытып, халықаралық аренада беделімізді арттыра алдық», дей келе Н.Назарбаев АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания мен Францияны КХДР-дің қауіпсіздігіне кепілдік беруін жақтайтынын айтты. Сонымен қатар ол ядролық қаруды таратпауға қатысты бірқатар жүйелі шаралар ұсынды.

The Washington Post

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстанның төрағалығымен өткен жоғары деңгейлі отырыста Н.Назарбаев жаппай қырып-жою қаруы бар елдердің көбеюі ядролық, химиялық, биологиялық және радиологиялық қарудың деструктивті күштердің қолына түсу қаупін тудыратынын айтты. Сонымен қатар ол ядролық қаруды таратпауға қатысты бірнеше шара ұсынып, Солтүстік Кореяның ядролық проблемасын шешудің маңызы зор екенін жеткізді.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев мүдделі тараптардың Солтүстік Корея мәселесін неғұрлым жылдам әрі конструктивті жолмен шешуге шақырды. «Сенім ахуалын қалыптастырудың және Пхеньянның келіссөз үстеліне оралуының маңызды шарты ретінде «ядролық бестіктің» КХДР-дің қауіпсіздігіне кепілдік беруін жақтаймыз. Мүдделі тараптар қажет еткен жағдайда, Қазақстан келіссөз алаңын ұсынуға дайын», деді Н.Назарбаев.

The Herald Online

Қаңтар айында БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде Қазақстан өте маңызды отырыс ұйымдастырып, жаппай қырып-жою қаруларын таратпау туралы айтты. Кеңес Одағы ыдыраған соң Қазақстан ерікті түрде кеңестік ядролық зымырандарды өз территориясынан алып тастауға келісіп, ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылды. Ядролық қарудан бас тарту арқылы Президент Назарбаев әлемнің өзге елдеріне үлгі көрсетті. Енді, міне, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Қазақстан Солтүстік Кореяны бейбіт жолды таңдауға шақырды.

«Күш ядролық бомба мен ракеталарда емес. Әлемді тек халықаралық қоғамдастықтың сенімі қорғап қала алады. Қазақстанның ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан көмек болар еді. Біз тәуелсіз ел болып, мемлекетімізді нығайттық. Ядролық қарудан бас тартып және ядролық державалардан шабуыл жасамау кепілдігін алдық. Осы ретте Солтүстік Корея басшылығын біздің жолымызбен жүруге шақырамыз», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Дайындаған

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»