Қазақстан • 23 Қаңтар, 2018

Елбасы сапары елеулі жетістіктерге бастайды

147 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаевтың қатысуымен «Қазақстан Республикасы Президентінің Америка Құрама Штаттарына сапары» тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтті.

Елбасы сапары елеулі жетістіктерге бастайды

Жиын барысында спикер Елбасының Нью-Йорк пен Вашингтонға жасаған сапары Қазақстандағы ғана емес, АҚШ-тағы саяси маусымның шымылдығын ашқан сапар болғанын тілге тиек етті.

«Себебі Елбасы сапары 2018 жылғы АҚШ астанасына шетел көшбасшылары тарапынан жасалған алғашқы сапар болып табылады. Сапар барысында Н.Назарбаевтың жұмыс бағдарламасы тығыз болды. Өздеріңізге мәлім, Пре­зидент АҚШ басшысымен жеке кездесумен қатар, ке­ңейтілген құрамдағы келіс­­сөздер өткізді.  Бұл сапар – Қазақстан – АҚШ қарым-қа­тынасы тарихын­дағы бетке ұстар елеулі оқиғалардың бірі. Неге десеңіздер, екіжақты кез­десу нәтижесі бойынша қабылданған Бірлескен мә­лімдеме – бұл Қазақстан мен АҚШ-тың ХХІ ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық әріп­тестігі жөніндегі маңыз­ды құжат. Бірлескен мәлім­демеде екіжақты қарым-қа­тынастардың өзекті мәсе­лелерімен қатар, көптеген халықаралық проблемалар қам­тылды. Алдағы уақытта қа­рым-қатынасымыз қар­қын­ды дамитынына сенім­дімін», деді Ержан Ашық­баев.

Журналистердің қойған сұрағына орай спикер екі ел арасындағы визалық же­ңіл­діктер мәселесіне де тоқ­талып өтті.

«Визалық жеңілдіктер бо­йынша айтар болсақ, қазіргі таңда Қазақстан азаматтары Америка Құрама Штаттарына 10 жылдық  визалар алуға құқылы. Біз америкалық әріптестермен 2016 жылдан бастап екіжақты негізде 10 жылдық визалар беру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізген болатынбыз. Бұл тұрғыдағы басымдық қазақстандық бизнес өкілдеріне, оқушыларға, туристерге беріледі», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Сонымен қатар Ержан Ашықбаев Ауғанстанның Ка­­бул қаласында болған тер­рор­лық шабуылға қатысты пікір білдірді.

«Кабулдағы «Интер­кон­­тиненталь» қонақ үйіне жасалған террористердің ша­буылынан Қазақстан азаматы қаза болды. 1978 жылы туған Астана қаласының тұр­ғыны Ауғанстанда іскер­лік мақса­ты­мен, дәлірек айт­сақ, телеком­муни­ка­ция саласында жұ­мыс істеп жат­қан бір ауған компания­сы­ның шақыр­туымен барған. Қа­зіргі таңда біздің дип­ломат­тарымыз мерт бол­ған аза­матымыздың денесін Қазақ­станға жеткізу мәсе­лесімен айналысуда. Біздің ақпарат бо­йынша, ол кісі Ауғанстанға қазан не, қараша айында бар­ған», деді ол.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»