Қазақстан • 23 Қаңтар, 2018

«Тәу­елсіздік дәуірі». Мемлекет тарихының баяны

480 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тұңғыш Президент – Елбасыға жаңа тұрғыдағы мемлекет құрып, оның тоз-тозы шыққан экономикасын дамудың мүлдем тосын жолымен дамытып қалып­тастыру оңай болған жоқ.

«Тәу­елсіздік дәуірі». Мемлекет тарихының баяны

Қазақстан тәу­елсіздігінің алғашқы жылдарында соци­ализмнің біржақты дамыған, қатаң талабын аңсаушылар аз емес-ті. Солардың қарсылығын жеңіп, еркін қоғам, үлгілі мемлекет орнатқанын, тәуелсіз ру­хы­мыздың қалай қалыптасқанын «Тәу­елсіздік дәуірі» кітабында Елбасы жүйелі түрде баяндады. Сонымен қатар азғантай уақыт ішінде жаңа сипаттағы тәуел­сіз мемлекеттің қалыптасу жолын егжей-тегжейлі айтқан.

Нұрсұлтан Назарбаев бір кездегі аграрлы елден Қазақстанды экономикасы тұрақты индустриалды елдердің қатарына жеткізді. Әлемде бірінші болып ядролық қарудан бас тарта отырып, тажал полигонын жауып, халықтардың бейбітшілікте өмір сүруіне жол ашты.

Біз ұзақ жылдар басқаның бодан­ды­ғында болғандықтан экономикалық дамуда артта қалудың орын алғаны рас,осы тығырықтан шығару үшін Елбасы үлкен жұмыс жасады. Саясат пен экономика таразы басын тең тартып, ұлттың дамуы бірінші кезекке қойылды. Артта қалған, біржақты қалыптасқан аграрлы шаруашылықтың желісін үзіп, көпсалалы дамыған елдер қатарына қосудағы Елбасының философиялық тұжырымдамасы кімді де болса ойландыратын мәселе. Осы ретте жаңа еңбекте «қазақстандық даму үлгісінің» жаңаша эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған.

Еуразиялық экономикалық одақты, Тәуелсіз мемлекеттер достастығын, Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымын құру жөніндегі идеялар мен олардың іске асуы Елбасымыздың есімі­мен тығыз байланысты. Оның әлем­дік жи­ын­­дардағы халық­ара­лық мәселелер жө­нін­дегі ойлары да әрқашан қызы­ғу­шылық ту­дырып жүреді. Ал «Дағ­да­рыс­тан шы­ғудың кілті» атты мақа­ла­­сындағы мемлекеттераралық, қар­жы жүйе­­сін қайта құру туралы пай­ым-пі­кір­­лері де басқа елдердің бас­шы­­­ларына ой тастаған өзекті мәселе.

Бүгінде біз үлкен мүмкіндіктері бар ел ғана емес, сол мүмкіндіктерді нақты жүзеге асырып отырған іргелі мемлекетке айналудамыз. Мемлекеттің бәсекеге қабілетін көрсететін басты көрсеткіш – оның экономикасы. Экономиканың бә­секеге қабілетті болуының басты ба­ғы­ты – индустриялық-инновациялық эко­номика құру және шикізаттық емес сек­торды дамыта отырып, инновациялық үде­ріс­терге бет бұру екені Елбасы еңбе­гінде көрсетілген.

Еліміз тек қана газ бен мұнай шикі­за­тын сатып отырмауы тиіс. Тәуел­сіз елдің өндірісі шикізатты өңдеп, оны әлемдік нарыққа шығаруы қажет. Шетелдік инвесторларды тарта отырып, Қазақстан тәуелсіз мемлекеттер арасында беделге ие болды. Кітапта нарықтық экономиканы игеріп, елдің әл-ауқатын жақсартып, болашақтағы «қазақтың ұлттық брендін» жасауға күш салынғаны атап айтылды.

Экономика тұрақты дамып, оны әр­тараптандыру үшін индустриялық-инновациялық даму стратегиясы қабыл­да­­нып, еліміз әлемдік рейтингтерде жо­ғары көрсеткіштерге ие болды. Осы эко­номикалық дамудың арқасында еліміз бәсекеге қабілеттілік рейтінгісінде елу елдің қатарына кірді.

Еуропа мен Азия аралығындағы сау­да-саттықты жетілдіру, Жібек жолын жаң­ғырта отырып теңізге шығар уақыт­ты қысқартып, құрлықтардағы көне сүрлеу жолдарын жаңартып, сол жолдар арқылы Батыс пен Шығыс елдерінің эко­номикасын үйлестіре дамыту – ұлы м­ұ­рат. Осынау жаңа салынған жолдар бойындағы инфрақұрылымды есептей отырып, мемлекеттің мәдениетін, эконо­ми­касын басқа елдермен байланыстырып, жаңа даму жолдарын көрсете білді. Елі­міздің Батыс пен Шығыс арасында қо­лайлы орналасуы болашақ табыстардың маңызды алғышарты екендігін де Елбасы өз кітабында саралай таратып айтады.

ХХІ ғасырдағы адамзаттың басты, негізгі құндылықтары білімнен басталатын болады. Жастарымызды осы бағытта тәрбиелеп, әлемдік білім дамы­ған ірі оқу орындарында кадр дайындап, сол арқылы экономиканың дамуына жағ­дай жасады. Ғылымның әр саласынан «Бо­ла­ш­ақ» бағдарламасы бойынша оқып келген мамандар қазір іс басында екен­дігіне аталмыш еңбекте үлкен мән берілді.

Озық дамыған 30 елдің қатарына ену үшін бағдарламалар жасалынды. Елбасы мемлекетіміздің ірі өндіріс орындарын жандандыру арқылы экономиканы одан әрі индустрияландыруға серпін берді.

Қазақстанның үшінші жаңғыруы – келешекте дамудың әрі көркеюдің кепілі. Ол – еліміздің экономикалық дамуының инновациялық өзегіне айналған, бәсекелік қабілетін арттырудағы бола­шақ­­тың ба­ғыты. Елбасы еңбегінде елімізді жаң­ғыр­ту­дың үш толқыны кеңінен ашып көр­сетілген. Бірінші және екінші жаң­ғыр­ту аясында тоталитарлық жүйеден түбе­гей­лі ажырап, нарықтық экономиканы құру және бәсекеге барынша қабілетті елу ел­дің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұ­рын орындалды. Үшінші жаңғыртудың мақ­саты – елімізді қалыптасқан жаңа жаһандық ахуал жағдайында жаңғырта отырып, әлемдегі өркениетті 30 елдің қатарына қосу.

Қазіргі заман талабы – ұлы көштен қалмай, еліміздің ұлттық технологиялық нег­ізін қалауға қадам басу. Елбасы елді Үшін­ші жаңғырту жөніндегі 2025 жылға дей­інгі дамудың стратегиялық жоспарын әзірлеуді ұсынды. Мұндай батыл бас­тама, іскерлік ұмтылыс келешек­те Қазақстанның көркейіп, озық 30 ел­дің қатарына қосылуының кепілі деп көр­сетеді.

26 жылдың ішінде еліміз дамыған басқа елдермен бәсекеге түсіп, көптеген ұлтаралық мәселелерді шешуге араласты. Елбасы бір кездегі экономикасы артта қалған елімізді өзінің стратегиялық жос­парларын жүзеге асыра отырып көркейте дамытумен бірге, елдің әл-ау­қа­тын кө­теріп, аграрлы елден индус­триалды ел­ге айналдырып келе жат­қа­нын баса айт­ты.

Елбасының рухани жаңғырудағы үл­кен табысы – қазақта болмаған ЭКСПО көрмесі. ЭКСПО көрмесі арқы­лы басқа ел­дердің жаңалығын өз елі­міз­де пай­далануға жол ашылды. Ғасыр­лар бойы дамыған елдер өткізген ЭКСПО көр­месі Қазақ еліне қадам бас­ты. Осы­лард­ы айта келіп жалпы ғылым, бі­лім, мәдениет индустрияның дамуында үлкен рөл атқаратынын көрсете білді. Өнді­ріс­те «жасыл» экономика арқылы электр қуа­тын елімізде кеңінен пайдалану қанат жая бастағанына тоқталды.

Сайып келгенде, Мемлекет басшысы бұрыннан айтылып жүрген «жасыл» экономиканы құруға берік негіз жасай білді. Қазір көптеген дамыған елдерде энергиялық тапшылық тууына байланысты баламалы энергия көздерін дамытуға жол ашуы да – көрегендік.

Елбасының бала кезден көп қиын­шылықтарды басынан өткізгені белгілі. Со­лардың барлығы бүкіл қазаққа тән бол­ған. Міне, осындай тығырықтардан шы­ғудың жолдарын біздің Елбасымыз әр­қашан біледі. Көптеген тың ойлардан тұ­ратын бірнеше теориялық жолдаулар мен тұжырымдамалар соның айғағы, ел бас­қарудағы толысқан кемел тәжірибенің жемісі дер едік.

Жыл сайынғы Елбасының халыққа арнаған Жолдаулары мен қабылданған мемлекеттік бағдарламалар, страте­гия­лық бағыттардың барлығы да қарапайым халықтың тұрмысын жақсартып, тәуел­сіз­дігімізді нығайтуға бағытталды. Ел­басы өз Жолдауында ішкі саяси және ұлттық қауіпсіздіктің 2020 жылға дейінгі негізгі мақсаттары қоғамда келісім мен тұрақтылықты сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту екенін атап өтті.

Сонымен қатар, өткен жылдың ЭКСПО-2017, ШЫҰ мен ИЫҰ-ның саммиті, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мү­­ше­­­лік, Дүниежүзі қазақтарының құ­­рыл­тайы, Халық­аралық төмен байытыл­ған уран банкін ашу, Сирия жөніндегі Астанадағы бас қосулар, Универсиада сияқты айтулы оқиғалары елімізді әлем қоғамдастығының құрметті төріне шы­ғарады. Бұл жайлар да Елбасы кітабы­ның назарынан тыс қалмаған.

«Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алды. Еліміздің 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы жүзеге асырылуда. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында біз реформаларды жүргізіп келеміз. Индус­трия­ландыру саласын өркендету үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Біз конс­титуциялық реформаны жүзеге асырып, еліміздің Үшінші жаңғыруын бас­тадық. Рухани жаңғыру бағыты бойын­ша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданды» деп мәлімдеу де әр қазақстандықтың мақтанышын туғызары анық.

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы – отан­дас­тарымыздың әл-ауқаты мен тұрмыс­тық әлеуетін арттыруға және ел экономикасын да­мытуға септігін тигізеді. Елбасы биылғы Жолдауында 10 міндетті айқындап, оны жүзеге асыру жолдарын көрсетіп берді.

«Тәуелсіздік дәуірі» атты толымды кітаппен ілесе жария етілген Елбасы Жолдауы Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне, соны белесіне қадам басқанын білдіреді. Тәуелсіздік дәуірінің табыстары мол бола бергей!

Әлия БЕЙСЕНОВА,
академик