Аймақтар • 23 Қаңтар, 2018

Шолпандағы жағдай бақылауда. Ауылда арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр

382 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Осыдан біраз уақыт бұрын Үржар ауданының Шолпан ауылында бірнеше баланың сары ауруға шалдыққаны, яғ­ни А вирусты гепатиті ауру­ын жұқтырғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Шолпандағы жағдай бақылауда. Ауылда арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр

Атал­ған ауылдың тұрғыны Индира Жә­ні­бек­ова 2017 жы­лы желт­оқ­­сан айында көз жұм­ған 11 жас­тағы қызы аудан дәрі­гер­ле­­­­рінің салғырттығынан ауру­ын асқындырып алып, осы дерттен қайтыс болғанын айт­қан еді. Үржар аудандық ауру­ханасының бас дәрігері Жек­сен­бай Тілеуберлин қайғылы оқи­ғадан кейін ауылдағы 139 оқушыға екпе жасалғанын, 800-ге жуық тұрғыннан сараптама алынғанын, бұл ауру 49 адамда тіркеліп, олардың 25-і ауруханада ем қабылдағанын жет­кізді. Алайда 16 қаңтар кү­ні осы жағдайға байланыс­ты арнайы брифинг өткізген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынба­сары Райфа Сафиоллинова А вирустық гепатиті 49 балада анықталды деген деректі жоққа шығарып, көз жұмған оқушы жоғарыда атал­ған вирусты сырқаттан емес, бауыр некрозынан қай­тыс болғанын мәлімдеді. «Бар­лы­ғ­ы 46 бала тексеруден өт­кен, оның 25-і диагностикадан өту үшін Үржар аудандық ауру­ха­насының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған. Соның тек 12-сінде аталған диагноз дәлелденген. Оның 11-і – оқушы, біреуі – үш жастағы бала. А вирусты гепатиті 2017 жылдың қыркүйек айынан бері әр айларда ара-тұра тіркеліп отырған. Ауырған адамдармен байланыс жасаған балалардың барлығына екпе жасалып, Шолпан ауылында 140 адамға екпе салынды», деген-ді басқарма басшысының орынбасары.

Шолпан ауылындағы сани­тар­лық-эпидемиологиялық жағ­дай Денсаулық сақтау минис­тр­лігінің де қатаң бақылауында. Бұл жайында Астанадағы  Ор­та­лық коммуникациялар қыз­ме­тінде баспасөз өкілдеріне ар­нап өткізген брифингте аталған министрліктің Қоғамдық ден­сау­лық сақтау комитетінің төр­а­ғасы Жандарбек Бекшин тү­сі­ніктеме берді. «Денсаулық сақ­тау министрлігінің аумақтық бөлімшелері АВГ барлық ошақтарына эпидемиологиялық тексеру және Шолпан ауылының дәрігерлік амбулаториясына, Жүзағаш орта мектебіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Мамандарға тәжірибелік көмек көрсету және өткізілетін іс-шаралардың сапасын бақылау мақсатында ШҚО бойынша Қоғамдық денсаулық сақтау де­пар­таменті мамандарының Үр­жар аудандық басқармасына шы­ғуы ұйымдастырылды. Мек­теп және үй ошақтарынан 62 ауыз су сынамалары алынды. Оқу орнында, үй ошақ­та­рында қорытынды залалсыздандыру жұмыстары, мек­тептің сумен жабдықтау жүйе­сін, ошақтарда барлық су сақтайтын сыйымдылықтарды жуу және залалсыздандыру жүргізілді. Ауыз су сынамаларын қайта алу және кейіннен қайта алу кезіндегі нәтижесі теріс болды», деген комитет төр­ағасы қазіргі уақытта мектепте ауыз суды пайдалануға тыйым салын­ғанын, мектеп оқушылары шөл­мектегі ауыз суды пайда­ланып жатқанын, барлық бұ­қаралық мәдени-спорттық іс-шаралар тоқтатылып, оқы­ту­дың кабинеттік жүйесі алынып тасталғанын жеткізді. «Туын­да­ған жағ­дайды анықтау үшін Шығыс Қазақстанға комиссия шықты, оның құрамына Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ және Санитарлық-эпи­демиологиялық сараптама ғы­лыми-практикалық орта­лы­ғы­ның сарапшылары кірді. Бұл жағ­дай министрліктің бақы­лауында», деді Ж.Бекшин.

Үржар ауданының әкімі Серік Зайнулдинмен телефон арқылы сөйлескенімізде, ол жағ­дайдың толық бақылауға алын­ғанын, мектепте сабақ тоқ­­татылмағанын, 2017 жыл­дың желтоқсан айында көз жұм­ған баланың өліміне қатыс­ты ау­дандық прокуратура қыл­мыс­тық іс қозғағанын айтты. Ал об­лыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының басшысы Марат Шо­ра­новқа хабарласқанымызда қа­зір Шолпан ауылында рес­пуб­ликалық комиссия жұмыс іс­теп жатқанын, қалыптасқан жағ­дайға орай облыста арна­йы жұмыс тобы құрылғанын жет­кізді. «Өкінішке қарай, қазір Шолпандағы жағдайға байланысты тексерілмеген деректер де тарап жатыр. Желтоқсанда көз жұмған оқушының «Острый гепатит» деген диагнозбен қайтыс болғандығы айтылуда. Баланың қайтыс болғанын дәлелдейтін анықтаманың көшірмесі де тарап кетіпті. Оны біз жоққа шы­ғар­маймыз. Осындай диагнозбен қай­тыс болғаны рас. Бірақ бұл ауру мен А вирусты гепатиті екеуі екі бөлек нәрсе екенін ұғы­ну­ға тиіспіз. А вирустық ге­па­ти­тімен ауырған адамда мұн­ша­лықты асқыну болмайды», дейді басқарма басшысы.

Ал қайтыс болған баланың анасы Индира Жәнібекова не дейді? Біз ол кісімен де телефон арқылы сөйлескен едік. Айдың, күннің аманында баласынан айырылған қаралы ана былтыр Шолпан ауылында ең алғаш сары ауру екі балада анықталғанда карантин жарияланып, қауіпсіздік күшейтілгенде мұндай қайғылы жағдай орын алмас еді деп санайды. Ауылдағы дәрігерлердің өз жұмысына салғырт қарағанын да жоққа шығармайды. «Бауырдың жетіспеушілігі дейді. Балам емханада есепте тұрмаған. Ауылдағы дәрігерлердің алдында туған кезінен бергі карточкасы жатыр. Екпелерді уақытында алып жүрген. Балам ауру болса бұрын неге байқамаған, неге айтпаған? Шешем ауылдағы дәрігерлерге қызымның ауырып, мазасызданып тұрғанын айтқанда дәрі­гер­лердің ешқайсысы үйге кел­меген. Содан соң амалсыз­дан өздері барған.  Сол кездегі дә­рі­герлердің әрекетін түсінер емес­пін. Шешемнің айтуынша, қызым система қабылдап жат­қанда кіші дәреті қысқан екен. Сол кезде ауыл дәрігерлері сис­те­масын жұлып тастап, даладағы дә­рет­ханаға жібергені, онымен қой­май сараптамаға зәрін ала келуді тапсырғаны қай сасқаны? Сон­да ауылдағы емханада қа­ра­пайым горшоктың өзінің жоқ болғаны ма? Сондықтан дәрі­гер­лер өз бастарын арашалау үшін жал­ған ақпарат таратып отыр деп ойлаймын. Менің балам сары аурудан қайтыс болды», де­ген И.Жәнібекова болашақта мұн­дай жағдай қайталанбауы үшін алдын алу жұмыстарын жүр­гізіп, ауылды жерлердегі дә­рігерлердің біліктілігін арттырып, жауапкершілігін күшейту қа­жеттігін айтады.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы