Әдебиет • 23 Қаңтар, 2018

Көпбайдың сырнайы

1289 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында қазақтың айтыс өнері қайтадан бүршік жарды. Ол кезде бозбаламыз. Ауыл-ауылдан қадау-қадау болып айтыс ақындары шыға бастады. Бір қызығы, әу басында айтыс ақындарының дені айтарын қағазға жазып алып әбігерленетін. 

Көпбайдың сырнайы

Кейін айтыс бүршікті қойып, гүлдеп сала берді. Алматыдағы облысаралық командалық айтыста сырнайын бебеулеткен, Нартайдың мақамына салған Көпбай Омаров ақынды көрдік. Үлкен ақсақал болып көрінетін еді, сол кезде қырықтың қырқасындағы азамат екен. 

Көпбай ақын сол тұста Оңтүстік Қа­зақстан облысының ғана дүлдүлі емес, рес­публикадағы барша айтыс ақын­дарының атасындай көрінетін. Көрінді де, солай танылды.

Айтыс көрсетіледі дегенде қалың қа­зақ көк жәшікке арбалып қалғандай бала-шағасымен алқақотан отырар еді. Ол кезде бүгінгі ақындардай «машина тікпесе, бармаймын» жоқ, бір жа­пырақ құттықтау қағазы үшін тартысқа түсе­тін. Республикалық ең айтулы айтыста сәйгүлік, нар мінгендерді көрдік. Басқалай жоқ. Бірақ ұлттық рух дегеніңіз ақындардың бойларында қайнардай қайнап тұратын. Қазақтың қазақ болып туғанына шүкіршілік қылғызды, рухани жағынан өсірді, көкжиегін кеңейтті.

Қазақтың мерейін тасытқан сол айтыс ақындарының ішінде қаба жал арыстандай Көпбай ақын айдынданып көрінетін.

– Көпбай ағамыз қазақ тілі мен әдебие­ті пәнінің мұғалімі еді, – деп еске алады шәкірттерінің бірі, республикадағы ең алғашқы ұйымдастырылған «Жігіт сұл­таны» байқауының жеңімпазы Құрманәлі Жылқыбай. – Жас кезінен батырлар жырын таңды таңға ұрып сырнаймен айтады екен. Қариялар құймақұлақ жігітті жандарынан қалдырмайды. Кейде жырдың кейбір шумақтарын ұмытып қалатын уақыттар болады. Сондайда Көпекең өз жанынан ұйқастырып, жалғай беретін көрінеді.

Арқалы ақын бүгінгідей «заготовка» дегенді білмей өтіпті. Қарапайым бол­ған. Кеуде қағу деген қанында жоқ. Сыйлыққа таласпаған. Айтар ойын жұп­тап мәдениетті айтысқан. Жеңемін деп қарсыласын мүйізгектемей, намысына тимей астарлы айтысады екен. Айтыстың қайым, жұмбақ, сүре, түре түр­лерінде ешкімге есе жібермеген.

Өзі «сырнайымның тілін басқанымда көмейіме шумақтар лықылдап келеді. Керегін теріп айтамын» дер екен.

Сол Көпбай ақын 1983 жылы Таш­кентте өткен халықаралық айтыс ке­зінде дүниеден өткен. Бұрыннан жүрегі мазалайды екен. Қонақ үйге жедел жәрдем келгенше жүріп кетіпті  жарықтық.

Атақты Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова, Әбдікерім Манапов, Мұхтар Құраловтар Көпбай Омаровтың жанындай жақсы көрген жыр сүлейлері, облыстың намысын бірге қорғаған айтыс ақындары. Қай-қайсыда Көпбай ақын туралы әңгіме болса, сағынышпен еске алатын.

Сол кездегі айтыс репертуарында тер­ме­шілердің де жарысы болған. Екі жұп айтысқаннан кейін термешілерге кезек берілген, ұпай командаға жазылған.

Көпбай ақынның үзеңгілес серігі, әнші, термеші Қарсыбай Ақтаев жолға шыққанда ақынның сырнайын арқалап жүрер екен. Көпекеңнің көп ұстаған сырнайы жаңасын алғанда Қарсыбай ағаның қолында қалыпты.

Оңтүстікте арқалы ақын көп. Көп­байдың сырнайын алған Қарсыбай Ақтаев облысаралық айтыстарда көрермендер арасында отырар екен. Айтыс ақыны, аузын ашса маржан сөз түйдек-түйдек төгілетін әрі әншілігі ғажап, баяғының сал-серілеріндей айдынданып тұратын Нұрлан Ешенқұловқа сол Қарсекеңнің құсы түсіпті.

Ордабасыда өткен айтыста ақтық сын­ға айтыс өнерінің дарабозы Бекарыс Шой­беков пен шәулі қырандай шүйілген Нұр­лан Ешенқұлов шығады.

Аузымен құс тістеген Бекарыс бас жүлде алып, бірінші орын Нұрланның еншісіне тиеді.

Жүлдегерлерді марапаттау кезінде ортаға Көпбай ақынның сырнайын арқа­лаған, өзі сырқаттанып жүрген Қарсыбай аға шығады.

– Нұрлан, сыртыңнан көптен бағып жүремін. Талантты ерсің. Сенің жеңісті жолдарың әлі алда. Құдай қаласа, Көпбай атаңның әруағы қолдап жүрсін, мына сырнайын өзіңе тартамын, – дейді.

Бүгінде Көпбай сырнайы Нұрлан үйі­нің төрінде. Есті жігіт сырнайды алысымен әкесін ертіп, Көпекеңнің әруағына арнап мал сойып, бейітіне құран оқып, елге ас береді. Үлкендердің алдынан өтеді.

– Бұрын сырнай тартпағаннан кейін бе, әзірге айтысқа алып шыға алмай жүрмін, – дейді Нұрлан. – Бірақ міндетті түрде сырнаймен айтысқа шығатыным анық. Көпбай атамыз – қайта оралған айтысымыздың атасы болып тарихта қалды. Жаны таза, адамгершілігі мол, ғаламат адам болғанын көп естігеннен кейін арқаланып жүрмін. Аманаттың жүгі ауыр. Көпбай атамыздың сырнайы қазақтың талай ұлы айтыстарында еліне қызмет етеді әлі.

Нұрлан осылай деген. Айтыс өнері дүлдүлінің сырнайы сахнаға қайта ораларына біз де сендік.

Нұрлан Ешенқұлов – арқалы ақын. Ән­шілігі де ерек. Айтыс кезінде халық әндеріне кезек-кезек ауысып, мақамын өзгер­тетініне ел қатты разы болып жатады.

Нұрлан облыстық айтыстарда қа­ра үзіп келгенімен, республикалық, ха­лық­аралық айтыстарда әзірге бас жүлде ала қойған жоқ. Аларына сенеді. Уақыты келді. Айтыстың ақберені Айбек Қалиевпен үзеңгі қағыстырып жүрген тастүлек ақын сол сында Көпбай ақынның сырнайымен топ жарғысы келеді. Несі бар, ниет жақсы. Құлагер-талантқа қамшы басар кез таялыпты...

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы