Аймақтар • 23 Қаңтар, 2018

Бесқарағайда аяз 45 градусқа дейін жетті

435 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алтайда сақылдаған сары аяз. «Кәрі құданың» салған әлегінен өңірдегі мектептер мен колледждерде сабақ тоқтатылды.

Бесқарағайда аяз 45 градусқа дейін жетті

Кеше облыстың 12 ауданы мен Өскемен, Семей, Курчатов қалаларында қатты аязға байланысты оқушылар сабақтан босатылды. 22 қаңтар күні Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Глубокое, Аягөз аудандарда бірінші ауысымда оқитын 1-9, Көкпекті, Абай және Катонқарағай аудандарында 1-4-сынып оқушылары мектепке барған жоқ. Ал ауа температурасы -35 градусқа дейін төмендеген Зырян, Шемонайха, Бородулиха, Жарма, Бесқарағай аудандары мен Курчатов қаласындағы білім ошақтарында бірінші ауысымдағы 1-11-сыныптардың оқушылары мен колледждің 1-2 курс студенттері жоспарсыз демалуға мәжбүр болды.

Бүгін де Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалалары мен аймақтың 15 ауданының мектептерінің 1-11 сынып оқушылары мен колледждің 1-2 студенттері сабаққа бара алмады. Сынап бағанасы қазір өңірде – 27 (Зайсан ауданы) мен – 45-тің (Бесқарағай ауданы) аралығын көрсетіп тұр. Негізінен түн баласында кәріне мінетін саршұнақ аяз әсіресе Бородулиха (- 42), Шемонайха (- 40), Глубокое, Жарма (-38), Зырян, Тарбағатай (- 37), Ұлан, Абай, Аягөз (-36) аудандары мен Семей (-39), Риддер, Курчатов (-38) қалаларында бет қаратпай тұр.

Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»