Қазақстан • 24 Қаңтар, 2018

Жол­дау міндеттерін жүзеге асыруға қатысты пікірлер легі

1295 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев жыл­дың басты құжатына «Төрті­н­ші өнеркәсіптік революция жағ­да­йындағы дамудың жаңа мүм­кін­діктері» атауын берді. 

Жол­дау міндеттерін жүзеге асыруға қатысты пікірлер легі

«Мәңгілік елдің» маңызды баспалдағы

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев жыл­дың басты құжатына «Төрті­н­ші өнеркәсіптік революция жағ­да­йындағы дамудың жаңа мүм­кін­діктері» атауын берді. Осы сөз­дердің әр буынында сананы сер­пілтер өрліктің өзегі бар. Осы сөздердің қанатты екпінінде тәуел­­сіз­дігімізді тұғырландырған өр хал­қымыздың жаңашыл қадам­дарға дайын екендігін меңзей­тін ас­қақтық қол бұлғайды. Бұл  за­ма­на талабындағы Жолдау­дың терең мазмұнын білдіре­тін тұғырнамалық қағидат, қазақ­стан­дықтардың ерік-жігерін тасқын­датқан «Мәңгілік елге» бастайтын сенімді баспалдақ ретінде бағалануда.

Елбасының әрбір Жолдауы қазақстандықтардың жақсы тұ­р­мысын ғана емес, алаңсыз бола­шағын діттейтіндігімен құнды. Тәуелсіздігіміздің 26 жылдық салтанаты мұны барынша дәлел­де­ді. Қазақстанды құрмет тұта­тын, үлгі ететін мемлекеттер са­наты қалыңдады. Себебі Қазақстан үнемі қозғалыстағы, үнемі алға басушы, ынтымағы ырысқа жетелеген ел. Мақсат – қазіргі аза­мат­тық қоғамды біртұтас ұлтқа айн­алдыру. Сондықтан Тұң­ғыш Президентіміздің сарабдал сая­сатына негізделген жаңа Жол­дауындағы негізгі 10 міндетті мін­сіз орындау баршамыз үшін үлкен абырой болмақ.
Республика Үкіметі Елбасы Жол­дауын жүзеге асырудың жал­­пыұ­лттық жоспарын белгі­леді. Мұн­дайда уақыт ұттыр­ма­ғаны­мыз ғанибет. Біз де Жолдау жария­ла­нар тұста ел ішін аралап, жұртшылықпен кездесулер өткіздік. Халық ертеңін уақыт ал­ға тартқан өзгерістермен байла­ныстыратынын, оңтайлы істер­ге бейімделе бастағанын байқа­дық. Айналамызда ілім мен білім­нің озық үлгілеріне сұраныс, қажет­тілік пайда болды. Адами капитал жаңғыру үстінде.

Ақмола облысынан депутат болып сайланғандықтан жерлестер тынысынан бірер мысал келтірейін. Өңірде өнеркәсіптік серпіліс үлгі тұтарлықтай. Ин­дус­триялық-инновациялық ба­ғыт­та жұмыс істеп тұрған кә­сіп­­орын­дар қатары көбейген. «Қазақ­­станда жасалған» маркасымен өнім шығарушылар ішкі-сырт­қы нарықта кеңінен танымал. Об­лыс шағын және орта бизнесті несиелік қаржыландырудан бірін­ші орынға шыққан. Облыстың индус­трияландыру картасына, яғни, кәсіпкерлікті қолдауға 782,5 мил­лиард теңгені құрайтын 90 жоба енгізіліп, 12,3 мыңнан ас­там тұрақты жұмыс орындары құрылды. Қайтарымның салма­ғын осымен де бағамдауға болады. Бұған қосымша «Ақмола облы­сының мемлекет-жекеменшік аймақ­тық орталығының» жұмыс істеп тұруы ортақ істің оралым­дығын аңғартады.

Елбасы халқымызға Жол­дауындағы маңызды міндеттер қатарында «Білім беру бағдар­ламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабі­летін дамыту болуға тиіс», деген тұжырымды атап көрсетті. Бұл тұрғыда да өзіміздің озық жүйеміз қалыптасып үлгерді. 

Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебі 2009 жылы «Тұңғыш Президенттің 20 интеллектуалды мектебі» жобасы шеңберінде жұмыс бастаған еді. Қазіргі күні физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын мектепте эксперттік, модераторлық деңгейдегі 191 педагог 860 дарынды балаларға сабақ береді. Ұжым әлемнің 112 елінің озық оқу орындарын біріктіретін Халықаралық мектептер кеңесінде (CIS) аккредиттелген. Мектеп түлектері халықаралық SAT, IELTS, TOEFL емтихандарына қатысады. Былтыр кәмелеттік аттестат алған балалардың 90 пайызы арнайы гранттармен Ресей, Қытай, Малайзия, Кипр, Польша, Болгария, тағы басқа елдердің жоғары оқу орындарына түскен. Сондай-ақ өңірде «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы ойдағыдай жүзеге асырылуда.

Қазақстан Парламенті де Жол­дау міндеттерін жүзеге асыру мүд­де­лестігінде қызмет атқара­ды. Құжаттағы он міндеттің бар­лығы Сенаттағы біздің комитет­тің үйлесімді жұмысын талап етеді. Сондықтан менің әріптестерім өз регламенті деңгейінде Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың мүм­кін­діктерін алға жылжыту тетіктеріне сай заңдық актілердің әрекет жа­сауына белсенділікпен үлес қосатыны анық.

Рашит ӘКІМОВ,
Парламент Сенатының депутаты 

Мұғалімдердің мерейін өсірді

Елбасы Жолдауын Қазақ­стан халқы жыл сайын асыға күтеді. Себебі әр Жолдаудың өз ерекшелігі бар. Ел өміріне қатысты салмақты дүниелер айтылады, әлеуметтік салаға қатысты маңызды жаңалықтар жария етіледі. Қазір Құдайға шүкір, елдің әл-ауқаты жылдан-жылға жақсарып келеді. Қазақстанды төрткүл дүние танып, біліп, мо­йындап жатқаны әркез қуантады, марқайтады. 2017 жылы еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшесі болса, міне, қазір оған төрағалық етіп жатқан жайы­мыз бар. Бұл – елдің мерейі. Еге­­мендік шапағы төгілген 26 жыл мұғдарында мемлекетімізде үлкен, ауқымды стратегиялық жос­пар­лар жасалды. Бүгінгі күні оның бірқатары орындалды. Прези­дент биылғы Жолдауында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60 қадамы қазірдің өзінде орындалып қойды», деді.

Қалған 40-ы үлкен, ірі жобалар. Ол да орындалады. Бәрі сәтімен, жөнімен келе жатыр деуге болады. Халық­тың Жол­даудан асыға күтетіні – әлеу­меттік салада жасалатын оң өзгерістер. Былтырғы жылмен салыстырғанда бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі 12 пайызға өскені айтылып жатыр. Бұл дегеніңіз – 4 триллион теңгеден артық сома. Сонымен қатар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 пайызға артқаны тілге тиек етілді. Жасыратыны жоқ, жұмыр басты пенде болғаннан кейін алдағы 20 жылда не болатынынан гөрі, бүгінгі күнімізге, бүгінгі тұр­мысымызға көбірек алаң­дайты­нымыз рас. Бұл – алдағы сан жыл­ға бағдарланған кешенді, перс­­пективалы жобалардың ма­ңызын жоққа шығару емес. Осы ретте Мемлекет басшысы бәрінің басын ашып айтып берді. 2017 жылы не жасалғанын, 2018 жылы не болатынын жұртшылыққа жария етті. Қоғамда мұғалімдердің ең­бегі дұрыс бағаланбай жүр деген пікір­лер жиі айтылушы еді. Ел­ба­сы білім берудің жаңартылған маз­мұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 30 пайыз­ға көбейтуді тапсырды. Бұл – ұлт пен ұрпақ тәрбиешісі ұстаздар қауы­мын бір серпілтіп тастағаны анық. 

Индустрияны көтеру, жаңа технологияларды, инновациялық жобаларды енгізудің маңызы айтпаса да түсінікті. Технология мен инновацияны жұрт игілігіне жарату – біздің елімізде ғана емес, дүние жүзінде күн тәртібінде тұр. 

Өзім мәдениет, руханият пен әлеу­меттік салада көп жыл­дар қыз­мет істегендіктен осы сала­да­ғы өзгерістерге, жаңашыл­дық­­тар­ға әркез елеңдеп көз тігіп оты­­р­а­мын. Жолдау алдында ар­на­йы мәлімдеме жасалғанда мә­де­­ниет саласына қатысты көңіл­ге қо­ным­ды сөз айтылса деп тілеп едім іштей. Құдайға шүкір, Пре­зи­дент бұл саланы да назардан тыс қалдырмай, «ұлттың әлеуетін көтеру үшін мәдениетіміз бен идео­­ло­гиямызды дамытуымыз керек», деп шегелеп айтты. Руханият саласы қызметкерлерінің жағдайын жасау, олардың еңбекақысын артты­ру осы сала жұмысына тың сер­­пін беретіні анық. Өйткені өнер­­­дің өркен жаюы мәдениет сала­­сын­дағы қызметкерлердің жағ­­дайы­на, олардың көңіл күйіне тіке­­­лей байланысты. Елбасының аузы­нан шыққан екі ауыз сөз, әсі­ресе мә­дениет төңірегінде жүр­ген аза­­мат­тарға үлкен медеу болып жат­­­қа­нын ерекше атап айтқым келеді.

Түсіпхан ТҮСІПБЕКОВ, 
қоғам қайраткері, салалық мәдениет, спорт және ақпарат 
қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы
ӨСКЕМЕН

Цифрландыру — басты мәселе

Біз ең алдымен Елбасының Қазақстан халқына ар­на­ған Жолдауына қатысты Мәлімдемесін ерекше ын­­тамен тыңдадық. Ақиқатын айтсақ, одан тың ж­аңа­­лықтар, жақсы өзгерістер нышанын күттік. Ал Жол­даумен танысқан сәтімізде оның әрбір жо­лын­­дағы­ іл­герілеуге бастайтын ізгі ниеттерді ай­қын сезіндік.

Бірінші міндет қатарында «Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі қанатқақты жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек. Цифрлы және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді» деп атап көрсетілді.

Бұл, менің байқауымша, маңызды да ауқымды жобаның бастауы. Оның мәні, Мәлімдемеде атап көрсетілгендей, өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі деңгейін көтеруге септігін тигізетіндігінде.

Маған ұнағаны – жаңалықты енгізудің нәтиже­леріне сараптама-болжамдар жасалуы. Мәселен, «Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады. Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек» деген тұжырым адамдарға деген қамқорлықты сездіреді.

Ең бастысы, жаңа 2018 жылы мемлекетімізде ат­қа­рылатын маңызды істер нақты атап айтылды. Ел­басымыз он негізгі мәселеге назарымызды аударды.

Мен жоғары оқу орнының оқытушысы және ғылым адамы ретінде бұл бағдарламалық құжатты ойға тоқи оқып шықтым. Алдағы күндерде де жұмыс барысында бірнеше мәрте қайта айналып қарап, әрбір сөйлемнің астарына терең үңіліп, зерделеп отыру қажеттігін және сезінемін.
Жолдаудағы білім беру сапасын көтеру, оны жетілдіру бағытындағы нақты шаралар көңіл аударады. Ұстаздарға құрмет лебі айқын сезіледі.

Білім беру саласын экономиканың жеке тармағы ретінде қарау туралы ұсыныс көңілге қонады. Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беру жөніндегі міндет заман талабына сай келеді деп білеміз. Ал оқытушыларды қайта даярлықтан өткізу, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тарту, әлемдік универ­си­теттердің кампустарын ашу – біздің білімге ұм­тыл­ған жастарымыз үшін жасалып жатқан қам­қор­лық, келер күннің қамын ойлау деп ұғындық.

Алтай ТАЙЖАНОВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор

Жаңа технологиялар жетістік кепілі

Мемлекет басшысы халық­қа Жолдауының «ақылды технологиялар – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» бөлімінде алдағы уақыттарда еңбек өнімділігін арттырудың жақсы, жаңа жолдарын көрсетті.

Қазақстан – аграрлы ел. Біз дүниежүзілік нарыққа агро­кешен­дерімізді заман талабына сай үйлестіре алсақ еркін шыға­тынымыз айқын.
Жұмыс сапарымен шетелге шығуыма көп мүмкіндік болды. Сонда байқағаным, ғылымы ілге­рілеген елдердің ауыл шар­уа­шылығы да қарыштап дамып келеді. Мәселен, АҚШ фер­­мерлерінің қолында бір-бір п­лан­шет жүреді. Жеріне қан­дай дақыл еккен қолайлы, топы­рақ­тың құнары қандай, ол бас ауыр­тып ойланатын мәселе емес. Бір уыс топырағын қағаз қал­т­аға са­лып, жер мәселесімен ай­на­лы­са­тын ғылыми-зерттеу ин­с­титу­тына береді. Бар бол­ғаны сол. Біз­дегідей келсін-кел­месін улы хи­мик­аттарды беріп, жерін азды­рып алмайды. Бәрі ғылымға не­гіз­делген. Суды да, қажетті минералды да орнымен пайдаланады.

Америкада мақта өсіретін диқандармен пікірлесіп қалдық. Бір шаруаның 20 гектар суармалы жері бар екен. Бабасы мақта еккен, атасы еккен, әкесі еккен. Бала­сы да егеді мақтаны. Бізде ауыс­палы егістік болмаса жер тоза­тын­­дай көреміз. Ал ғылымы өрлеп тұрған елде олай емес. Ты­ңай­тудың технология­сын сақ­та­саң болғаны жер жарықтық тозбай­ды. Яғни бұл туралы Елбасы Жолдауында айтылған.

«Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Біз егін егіп, дәнді дақыл­дар­ды өсіруді үйрендік. Оны мақ­тан тұтамыз. Алайда қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоға­ры сапалы да­йын өніммен шы­ғуы­мыз қажет. Бұл мәселені ше­шуге бар­лық аграрлық кешен­нің түбегейлі бет бұруы ма­ңызды. Аграрлық ғы­лымды да­мыту мәселесі бас­ты назарда болуға тиіс. Ол ең ал­ды­мен жаңа технологияларды тран­­с­ферттеумен және оларды отан­дық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет», деген жолдар өте орынды деп санаймын. 

Елбасымыз қайта өңдеуді қам­тамасыз етіп, әлемдік на­­рық­­қа сапалы дайын өніммен шы­­­ға­­­йық д­е­генде өзіміздің отан­дық ға­лым­дарға зор үміт артып отыр. 

Аграрлық ғылымды түбе­гей­лі дамыту керектігі күн тәрті­біне шықты. Кетпеннің дәуірі өтіп барады. Ол үйіргелік жерді өңдеуге ғана жарайды. Диқан атамның көзі ғой деп әлі де көз сата берсек ешбір мемлекет Қазақстан қатарымызға қосылсын деп тосып тұрмайды.

Мәселен, шетелдіктер Ре­сей­ді көп мойындай бермей­ді. Ал осы Ресей ғалымдары жүр­гізушісі жоқ, орталықтан басқарылатын трактор ойлап шығарды. Адам факторы жоқ, еңбек өнімділігі жоғары. «Адидас» сияқты мықты фирмалар тігіншілерді робот-тігіншілерге ауыстырып жатыр. Күні-түні шаршамайды. Осындай кезге келдік.

Елбасы жол көрсетті. Ендігі сөз отандық ғалымдар мен агро­кешенді басқарып отыр­ған аза­мат­­тарда. Ғылымға негіз­дел­­ген жаңа технологиялар мем­­­­ле­кетімізді жаңа белестерді ба­ғы­н­дыруға септеседі.

Серік ТҰРБЕКОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы
ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы