Қазақстан • 24 Қаңтар, 2018

10 жыл ішінде 6,5­ тонна есірткі құралдары мен пси­хотроптық заттар тәркіленді

245 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық Азиядағы есірткі құралдары мен психотроптық заттарға қарсы күресетін өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының ­(ОАӨАҮО- CARICC) қызметіне 10 жыл толды.

10 жыл ішінде 6,5­ тонна есірткі құралдары мен пси­хотроптық заттар тәркіленді

Есірткіге бақылау қою туралы­ ең алғашқы ұсыныс Қазақстан, Әзер­байжан, Қырғызстан, Ресей, Тә­жік­стан, Түрікменстан, Өзбекстан мемлекеттерінің ынтымақтастық пен өзара түсіністік жағдайында Мәскеу қаласында өткен кездесуіне қа­тысқан ресми өкілдердің меморандумында, 1996 жылдың 4 мамырында жасалынған болатын. Содан атқарылуы күрделі қызметтің ең бірінші қанатқақты жобасы тия­нақ­талып, мұқият айшықталған тұста, яғни, 2007 жылдың қараша айын­да халықаралық орталықтың мекен-жайын Алматы қаласынан ашу ұйғарылды. 

Сол кезден бастап Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының есірт­кі қылмысы жөніндегі бас басқар­ма­сының ауқымды да өміршең жоба­сына бірден-бір жауап беретін, өңірдегі бой көрсеткен трансұлттық есірт­кі қылмысының жолын кесетін мемлекетаралық қуатты ұйым жұ­мысқа кірісті десе де болады. 

Басы ашық жайт – орталық қандай да бір экономикалық-қаржылық немесе саяси-бағытты көздейтін көп салалық құрылым емес. Жоғарыда аттары аталған әр республиканың құ­қық­қорғау және құқықтық-салалық мекемелерімен ғана қоян-қолтық араласып заңсыз ескірткі айналымына қарсы жұмыла күресетін ұйым. Бүгінгі таңда халықаралық дәрежеде жүргізілген ынтымақтастық іс-қи­мылдың қызмет аясында орта­лық тарапынан бақылаушы мәртебесіне қол жеткізген 16 мемлекет бар, сондай-ақ оған Интерпол мен Оңтүстік-Шығыс Еуропа Құқық­қор­ғау орталығы (SELEC) секілді екі халықаралық мәртебелі ұйым кіреді. Орталықтың Аустрия, Ауған­стан, Беларусь, Ұлыбритания, Гер­ма­ния, Италия, Канада, Қытай, Моңғолия, Пәкістан, Румыния, АҚШ, Түркия, Украина, Финляндия, Фран­ция мемлекеттерімен біріге ой­лас­тырылған бағыт бойынша «on-line» режімде қызмет атқарып отыруы соның айқын айғағы. 

– Халықаралық үйлестіру шең­бе­рінде жүргізілген ауқымды іс-ша­ра­лар кезінде өткен 10 жыл ішінде бірқатар мемлекеттердің құқық қорғау ұйымдарының белсенділігі арқасында 39 халықаралық дәрежедегі операциялар жүзеге асып, ұйымдасқан қылмыстық топтардың – есірткі син­­ди­каттарының күдікті мүшелері қолға түсіп, олардың үстінен қыл­мыс­тық іс қозғалды. Барлығы 6,5­ тонна есірткі құралдары мен пси­хотроптық заттар, сондай-ақ  64,5 тон­на есірткі қоспалары тәркіленді, – дейді Орталық Азиядағы есірткі құралдары мен психотроптық заттарға қарсы күресетін өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы директорының орынбасары, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов.

Бүгінгі таңда орталықпен тікелей ынтымақтаса жұмыс істейтін мемлекеттер алдын-ала жасалынған ақ­парат­тық-сараптамалық жоспар бойынша өңірлердегі синтетикалық есірткі таратудың жасырын жолдарын тауып, оған жүйелі түрде тосқауыл қоюға кірісті. Орталық алдағы уақытта да әлемдік дәрежеде өзінің халықаралық салмақты ұйым ретіндегі орнын нақтылау үстіндегі қызметін белсенді түрде атқара береді. 

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ