Қазақстан • 24 Қаңтар, 2018

Астаналық нәрестелерге жиі қойылатын есімдер анықталды

536 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Әлихан мен Айзере. Елордада өткен жылы дүние есігін ашқан сәбилерге жиі қойылған есімдер – міне осы, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты. 

Астаналық нәрестелерге жиі қойылатын есімдер анықталды

2017 жылы елордада туылған 405 сәбиге Айзере есімі беріліпті. 354 рет берілген Айлин есімі екінші орында. Үздік үштікті Әмина есімі түйіндейді. 353 ата-ана өз баласына осы есімді берген. Айару, Айша, Раяна, Аяла, Кәусар, Дария, Әдия, Інжу, Айым және Томирис есімдері де өткен жылы қыз балаларға қойылған есімдердің арасында алдыңғы қатарда тұр. 

Ал ұлдар арасында жиі қойылған есімдердің үштігіне Әлихан, Әмір және Әли есімдері кіреді. Елордада 12 ай ішінде бұл есімдер 328, 255 және 222 балаға берілді. Сондай-ақ, астаналық ата-аналар өздерінің ұл балалары үшін жиі таңдаған есімдердің арасында Айсұлтан, Санжар, Ерасыл, Арлан, Арсен, Нұрислам, Алан, Мансұр, Рамазан, Мирас және Әлинұр есімдері де кездеседі. 

Балаларға елде болып жатқан оқиғаларға байланысты есім қою дәстүрі де өзгерген жоқ. Халықаралық ЭКСПО көрмесін өткізу кезінде «Есіл» ауданының АХАТ бөлімшесінде ұл балаға қойылған Бәдібэкспо есімі тіркелді. 

«Есіл», «Сарыарқа» және «Алматы» аудандарының АХАТ бөлімшелері берген мәліметтерге сәйкес, елордада 2017 жылы Астанада дүниеге 34 087 сәби келген. 

Соңғы жаңалықтар