Қазақстан • 24 Қаңтар, 2018

Астанада уролог дәрігерлер америкалық профессормен бірге операция жасады 

342 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«UMC» корпоративтік қорының Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығының уролог дәрігерлері америкалық профессормен бірлесіп, қуықалды безі, бүйрек және қуық обырына шалдыққан науқастарға 7 операция жасады.

Астанада уролог дәрігерлер америкалық профессормен бірге операция жасады 

2018 жылғы 22-24 қаңтар күндері «UMC» корпоративтік қорының Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығында АҚШ-тан келген жетекші халықаралық сарапшы, Миннесота Медицина мектебінің урология және онкоурология департаментінің директоры, профессор   Бадринат Канетидің қатысуымен «Қуықалды безі, бүйрек және қуық обырын диагностикалау мен емдеудің қазіргі заманғы тәсілдері» тақырыбында шеберлік-сабағы өткізілді.  

Профессор Бадринат Конети – еркекбезі және қуық обырын емдеу саласында танымал, беделді сарапшы. 120-дан астам ғылыми мақалалар жариялаған ол АҚШ-тың үздік дәрігерлерінің тізіміне кіреді.  

Шеберлік-сабағы аясында «UMC» корпоративтік қорының Онкология және трансплантология ұлттық ғылыми орталығының уролог дәрігерлерімен бірлесіп, 7 операция жасады және қуықалды безі, бүйрек және қуық обырын емдеудің қазіргі заманғы тәсілдері, ондай науқастарды әрі қарай оңалту мәселелері бойынша тәжірибелік кеңестер берді.   

Бірінші күні аталған орталықтың урологиялық бөлімінде еркекбезі обыры кезінде қолданылатын аймақтық лимфодиссекциясымен жүйкені сақтайтын радикалды простаэктомия отасы жасалды. Бұл науқастың еркектік қауқарына әсер етпей, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Профессор Бадринат Конети жоғары білікті операциялық техникасын және оны жасаудың бірегей тәсілін көрсетті. Мұндай тәжірибе еліміздің емдеу мекемелерінде болашақта осындай технологияларды енгізуді жеңілдетеді.

Сондай-ақ, бүйрек обыры кезінде ішастар арқылы ағзаларды сақтай отырып атқарылатын операция жасады. Мұндай тәсіл операция кезінде туындауы мүмкін жарақаттарды азайтып, науқасты оңалту мерзімін жеделдетеді. Және семинардың соңында профессор Конети 20 жылдан бері кіші дәретке баруда қиналып жүрген науқастың несеп шығару жүйесін қалпына келтіру операция жасады.