Әлем • 24 Қаңтар, 2018

Неліктен АҚШ одақтастары Сирияда бір-бірін өлтіріп жатыр?

303 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Америкалық NPR онлайн басылымы Түркияның «Зәйтүн бұтағы» деп аталатын операциясына байланысты «Неліктен АҚШ одақтастары Сирияда бір-бірін өлтіріп жатыр?» деген атаумен көлемді мақала жариялады. Сол мақаланың қысқаша мазмұнын назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Неліктен АҚШ одақтастары Сирияда бір-бірін өлтіріп жатыр?

Түркияның Сирияның солтүстік-батыс бөлігінде «Зәйтүн бұтағы» деп аталатын әскери операциясы әлемді алаңдатып отыр. Осыған орай, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің төтенше кездесуі өтті. Бұл операция  -   Түркияның АҚШ-қа арқа сүйеген күрд қарулы отрядтарына қарсы күресі.

Түріктің жаяу әскері Сирияның солтүстігіне сенбі күні басып кірді. Сейсенбі күні Түркия үкіметі төрт күн ішінде Африн қаласында 260-тан астам сириялық күрд әскерлерін өлтіргенін хабарлады. Сонымен бірге, Біріккен Ұлттар Ұйымы аймақтағы 324 мың бейбіт тұрғынға қауіп төніп тұрғанын айтты.

 

Сириядағы күрд күштері кім және Түркия олармен неге күресіп жатыр?

Күрдтердің «Халықты қорғау жасақтары» бүгінде YPG (күрд. Yekîneyên Parastina Gel) деген атпен кеңінен танымал. Олар Күрд демократиялық одағының партиясы (PYD) әскери күштерін құрайды.  

Қазіргі таңда Сирия, Түркия, Ирак және Иран аумағында этникалық күрдтердің аз тобы өмір сүреді. Бұлардың көбі тәуелсіз Күрдістан мемлекетін құруды қалайды. Сондықтан Күрдістанның жұмысшылар партиясы­ (PKK – Kurdistan Workers' Party) Түркияның оңтүстік-шығысында және солтүстік Ирак аумағында мақсаттарына қол жеткізу үшін қолдарына қару алды.

Түркия, АҚШ және Еуропалық Одақ PKК-ны террористік топ деп танып отыр. Сонымен бірге Түркия үкіметі Сириядағы күрд жасақтары мен Күрдістанның жұмысшылар партиясы арасында өзара байланыс бар террорлық ұйым деп санайды. Осы екі күрд тобын PPK партиясының басшысы Абдулла Оджалан басқарады. Сонымен қатар, бұл партияның туы Сириядағы күрд әскерлерінің саяси шеруінде суретте түсірілген болатын.

Алайда, АҚШ пен ЕО Сириядағы күрдтерді террористер ретінде қарастырып отырған жоқ.

Түркия Американы YPG тобын қару жарақпен қамтамасыз етіп, оны Түрік әскерлеріне қарсы күресте қолдап отыр деп айыптайды. Сонымен бірге, Түркия қару жарақты Сирия шекарасы арқылы жеткізген болуы мүмкін деп айтып отыр. Бірақ, Анкара бұл туралы ешқандай дәлел келтірген жоқ.

Неліктен АҚШ  күрдтердің YPG  тобына қолдау көрсетеді?

Америка сириялық күрдтердің YPG тобын ДАИШ-ке қарсы тиімді күш деп есептейді. Олар ДАИШ-пен күресте осы топтың мүмкіндігі жоғары деп біледі. Сондықтан Вашингтон Түркияның YPG тобына қарсы әскери операциясын тоқтатуы үшін әртүрлі амалдар жасау бағуда.

Түркияның бұл операциядағы басты мақсаты не?

Түркияның ресми өкілдері Сирияда «қауіпсіздік аймағын» құруды мақсат еткенін мәлімдеп,  бұл аймақта ешқандай күрдтер болмайтынын хабарлады. Бұдан басқа, Анкара Сириядағы күрд әскерлерінің бір-біріне қосылуына кедергі болғысы келеді. Өйткені, Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоған: «Күрд топтарының аты өзгергенімен, олардың барлығы бірдей – терроршылар» деп айтқан болатын.

Түркия басшысының айтуынша, бұл соғыстағы Түркияның басты мақсаты - Сирияның солтүстігіндегі жағдайды тұрақты етіп, миллиондаған сириялық босқындары өз елдеріне қайтуға жағдай жасау. Сонымен бірге, ел шекарасын сақтап қалу, аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, күрд жасақтары мен ДАИШ-ке қарсы тұру - Түркияның негізгі мақсаттарының бірі.

Әлем бұл жағдайды қалай бағалайды?

Еуропа, Таяу Шығыс және басқа да бірқатар елдер Түркияны Сирия территориясындағы әске­ри операциялардан бас тартып, елдегі жағдайды тұрақ­тандыруға шақырып отыр. Ақ үй Түркияны осы операция кезінде «ұстамдылыққа» шақырды.

Алайда Ресей бұл жағдайға АҚШ-ты кінәлап отыр. Мәскеу - Сирия Президенті Башар Асадтың ең ықпалды одақтасы. Сарапшылардың айтуынша, Ресей бірнеше жылдан бері Түркияны АҚШ-тың ықпалынан шығаруға тырысып жүр.

Ресми түрде, Вашингтон Анкарамен жасалған одақтастық әлі де күшті әрі қажетті болып табылады деп санайды. Сонымен бірге, қауіпсіздік мәселелері мен ДАИШ әскерін талқандау үшін Түркиямен бірге жұмыс жасай беретінін де айтқан болатын. Сонымен қатар, кейбір Америкалық консервативтік топтар Түркияның НАТО мен Батысқа деген ұмтылысы артып келе жатқанын айтып отыр.

Америка бірқатар мәселелер бойынша Түркияға арқа сүйейді. Олардың бірі - АҚШ-тың ДАИШ әскеріне қарсы күресте Түркияның әскери базасын қолдануы. Сонымен бірге, Түркия  Еуропалық Одақ үшін де, босқындар мен мигранттардың Еуропаға жетуі үшін маңызды ел саналады.

 

Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»