Экономика • 25 Қаңтар, 2018

Қалдықсыз экономиканың жапондық үлгісі

4688 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қоршаған ортаның ластануы деген мәселе бүгінде ең дамыған мемлекеттің бірі саналатын Жапонияның да басынан өткен. Сонау 1950-1960 жылдары соғыстан кейінгі экономиканы қалпына келтіру мен дамыту кезеңінде кәсіпорындардың қа­рыш­тап дамуымен қоса ауаның, су­дың ластануы, жасыл желекті өңір­лердегі экологиялық тепе-тең­діктің бұзылуы сияқты мәсе­ле­лер сол кезде қайта түзел­мес­тей, ушыққан дерттей болғаны рас. Алайда Жапония небәрі 10-20 жылдың ішінде аралдардың бұзыл­ған табиғатын аз уақыт ішінде қайта қал­пы­на келтіріп, тұнық сулы, нулы мемлекетке айналды. 

Қалдықсыз экономиканың жапондық үлгісі

Сонау 70-жылдардың өзінде жасыл экономиканың жапондық үлгісін жасап, әлемдік қауымдастыққа танылды. Ең алдымен 1967 жылы ластанған қоршаған ортаның ахуалын жақсартуға арналған іргелі заңдар қабылданып, экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар жүзеге асырыла бастады. Бүгін­де Жапонияда табиғатты қорғауға үлкен мән берілетінін көріп отырмыз. Осы­дан біраз жыл бұрын Токио қаласы басшысының орнына конкурс жарияланғанда кейбір мемлекеттердегідей оң жақ, сол жағын қымтап алған байшыкеш емес, Токионың ауасын тез арада тазартуға болатын жобаны жасаған мықты ғалымның лауазымды орынды жеңіп алғаны белгілі. Қоршаған ортаны қорғауға қатысты көптеген заңдардың қатарында 1968 жылы бекітілген «Ауаның ластануын тоқтату туралы» заң, «Шулы дыбыстарға шектеу» туралы ереже тәрізді құжаттар бар. Бұл құжаттардың барлығы құрғақ баян­дама түрінде емес, нақты іс жүзінде орын­далғанына ел куә. 

1968 жылы Жапония ішкі жалпы өнім көлемі жөнінен дүние жүзі бойынша екінші орында тұрды. Әлі күнге дейін осы межеден төмендеген емес. Әр аймағында химиялық кәсіпорындар көбейген сайын ауасы, суы, орманы ластана берді. Сол ластанған, бұзылған табиғи ортаны ғайыптан түскен құтқарушы тазартып бермеді, бала-шағасынан қариясына дейін қолына тазалағыш құралдарын алып қара жұмысқа бел шешіп кірісті. Соның арқасында ластанған өзен-көл, тұнық ауа қалпына келді. 1970 жылдардың басында, яғни бес-алты жылдың ішінде өзен-көлдердің балықтары көрінетіндей мөп-мөлдір болып шыға келді. 1970 жылдардың басында суды, ауаны ластайтын газдың, улы заттардың қоршаған ортаға бөлінбеуін көздейтін технология қолданысқа ен­гізілді. 

1971 жылы Қоршаған ортаны қорғау агенттігінің өндірістік технология орталығы электр энергиясымен жүретін көліктерді жасауға бағытталған өте ірі жобаны жүзеге асыра бастады. Сол кезеңде бүкіл өндіріс түрлерінің қоршаған ортаға зиянды болмауына ба­ғытталған Cleaner Production (СР) технологиясы енгізілді. Өндірістің қоршаған ортаға зиянын тежей отырып, өнеркәсіпті қарқынды дамыту қа­тар жүргізілді. СР технологиясының бір нәтижесі Жапонияда целлюлоза өн­діріле бас­тады. 1970-1989 жылдары қағаз өн­дірісі қарқындап, суды ластауға себеп болатын СОD мөлшері 2200000 тонна­дан 200 000 тонна деңгейіне түскен. 1975 жылы ең алғаш Күн энергиясын тұтынатын үйлер салынды, өндірістік технология институты ең алғаш энергиямен жүретін машина жасап шығарды. Металл өңдейтін зауыттарда, целлюлоза өндірісі, мұнай химиясы, мұнай өңдеу зауыттары сияқты кәсіпорындарда тұты­на­тын энергия азайтылып, бұл кәсіпорын­дар жаңа технологиямен жұмыс істеуге көшті. 

1973 жыл мен қазіргі уақытты салыстырсақ жапон экономикасы екі есеге дамыды, өнім өндіру 1,5 есе өсіп, энергия тұтыну 0,9 есе межесіне жетті. Озон қабатының тесілуі, жаһандық жы­лыну, улы жаңбыр мөлшерінің кө­бе­юі дүниежүзілік экологиялық мә­се­леге айналған кезде әлемдік қау­ым­­­дастық мүшелері бас қосып, 1992 жы­­лы Бразилияда (Рио-де-Жанейро) дү­ниежүзілік саммит өткізді. 172 мем­лекеттің қатарында Жапония да осы жиынға қатысты. Нәтижесінде Жа­пония бірінші болып экономикалық мә­селелерді шешудің тәсілдерін игеруге кірісті. 

Климаттың өзгеруіне байланысты БҰҰ-ның конвенциясына қатысушы мемлекеттердің үшінші конференциясы 1997 жылы Жапонияның Киото қаласында өткізілді. Конференция қо­рытындысында қабылданған Киото хат­тамасында 2008-2012 жылдар ара­лығында дамыған елдер мен өт­пе­лі экономикалы мемлекеттердің улы газ­ды ауаға шығаруын 1990 жылмен са­лыстырғанда 5 пайызға азайту көз­делген. Жапония хаттаманы 2002 жы­лы ратификациялады. Жапонияның Қор­шаған ортаны қорғау агенттігі Қор­шаған ортаны қорғау министрлігі болып қайта құрылды. 1967 жылы қабылданған Қоршаған ортаның ластануын бақылау туралы негізгі заң табиғатқа қамқорлық жасау жауапкершілігін мемлекеттік мекемелерге жүктейді. 

Қарқынды даму жолына түскен бұл елде өндірістік, тұрмыстық қалдықтарға орын табу мәселесінің шешімін табу қиын болды. Жері тар, қалдық көметін орын шектеулі. Сол кезде жапон ғалымдары қалдықты өңдеу технологиясын жасауды қолға алды. Бүгінде әр жапон азаматы қалдық мөлшерінің аз болуы үшін осы технологияның ережелерін мүлтіксіз орындайды. Яғни тұрмыстық қалдықтар төрт түрлі қоқыс жәшігіне сұрыпталып тасталады. Өртелетін қоқыс, өртелмейтін қоқыс, ескі заттар (тұрмыстық техника), пластик бөтелкелер бөлек-бөлек жәшіктерге салынады. Жапонияда азық-түлік, ораулар, тұрмыстық техника, құрылыс материалдары мен автокөлік қалдықтарын өңдеудің көрсеткіші 1989 жылы 4,5 пайыз болса, 2000 жылы 14,3 пайыз болған. 

Қоқыс өңдеу зауыттары да жетілген технологиямен жұмыс істейді. Мәселен, Токионың бір бөлігінде 8900000 тұрғын мекендейді. Бір жылда 2870000 тонна қоқыс шығарылады екен. Бұл қалада 21 орында қоқыс өңдейтін зауыт бар. Мәселен, солтүстігіндегі зауытта бір күнде 600 тонна өртелетін қоқыс жойылады. Мұнда зиянды улы заттардың қоршаған ортаға таралмауын қамтамасыз ететін технология қолданылады. Пеш­те қоқыс жанып жатқанда энергия шы­ғын­д­алмайды, қайта өңделіп, пайдала­нылады. Шыққан қызудың тең жартысы осы зауыттың ісіне жаратылады да, қалған жартысы энергия өндіретін кәсіпорындарға сатылады. Яғни қоқыс өңдейтін зауыт аймақты энергиямен қамтамасыз ету жұмысына да әжептәуір үлес қосып отыр. Бұл зауыт сондай-ақ жақын маңдағы кәсіпорындарды ыстық сумен қамтамасыз етеді. Су қоқыс өңдеу зауытынан шыққан энергияны пайдаланып ысытылады. 

Жапонияда істен шыққан тұрмыстық техника босқа тасталмайды. Ұялы телефондарды ұсақ бөлшегіне дейін кәдеге жаратып, құрамындағы алтын, платина ұнтақтары арнайы технологиялық әдіспен балқыту арқылы бөлініп алынады. Ал тұрмыстық техниканы өңдеу орталығында кір жуғыш машина, теледидар, кондиционер, тоңазытқыш, компьютерлер, т.б. бөлшектеніп пайдаланылады. Мұнда мамандар техниканы ұсақ бөлшегіне дейін топтап таразылайды. 

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,
жапонтанушы

Соңғы жаңалықтар