25 Қаңтар, 2018

Балет мектебіне арнайы ғимарат қажет

351 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандағы үздік балет мектебінің бірі саналатын Семейдегі арнайы мамандандырылған балет мектебі жалға алынған ғимаратта дайындалуға мәжбүр. Балет мектебінің жұмыс істеп келе жатқанына – 25 жыл. 180 орынға арналған мектеп ғимараттың тарлығынан 40 оқушыны ғана қабылдауда. Бірінші қабатта орналасқан балет мектебі барлық балаға тиісті мөлшерлемені толық орындау үшін таңның атысы, кештің батысы тығыз кестемен жұмыс істеп келеді. Тіпті мұнда демалыс күндері де тыным жоқ. Десек те, хореографиялық өнер әркімді болсын тартады. Тек қала балалары ғана емес, алыс ауылдардағы өрендер де осы өнерді үйренгісі келеді. 

– Жаңа балет мектебі 180 орын­ға негізделген, ал интернатымен қоса алғанда қосымша тағы 60 орын­дық ғимарат 2013 жылы салы­нуы керек еді, – дейді Семейдегі ба­лет мектебінің директоры Ка­ми­лия Рашитқызы, – сол кезде жаңа нысанның техникалық-экономикалық негіздемесі қолға алын­ды. Сөйтіп мектеп мен интер­нат­тың салынуына 640 млн теңге қажет болған еді, қаражат сол күйі бөлінбей қалды. Семей қа­ла­сының орталығындағы «72 квартал» аумағындағы 8-Наурыз көшесі бойынан қала әкімдігі әлдеқашан жер бөліп қойды. Бірақ қаржы бе­рілмегендіктен, жобалау-сме­та­лық құжат та сол күйі жасалма­ды. «Семстройпроект» ЖШС ба­ға­лағандай, мектеп пен интернат құ­рылысының жобалау-сметалық құжатына барлығы 15 млн теңгеден артық қаражат керек екен. Қазірден бастап 2018 жылдың бюджетіне осыны кіргізу керек. Облыстық бюджетке тек жобалау-сметалық құжат жасалған соң ғана тапсырыс беріледі. 

Сонымен «Дарынды балаларға арналған арнайы балет мектебіне» 25 жыл бойы жетекшілік жасап отырған Шығыс Қазақстан облыстық татар қоғамдық орталығының төрайымы Камилия Исмаилованың сөзіне сүйенсек, балет мектебі жаңадан заманауи талапқа сай жасалуы тиіс. Онда 4 хореографиялық сынып бар, одан өзге 2 бөлме музыкалық құ­рал­дармен жүретін сабақтарға арналса, 2 бөлме арнайы пәндерге, ал 4 кабинет әкімшілік жұмыстарға тиесілі. сондай-ақ тігін цехы, костюм киетін және киімдерді жуатын бөлме, асхана, психологиялық қиындықтардан арылу, яғни оңашалану бөлмесі, сумен жуынатын, бассейн және тағы басқалары қамтылған. 

– Соңғы кезде елімізде балетке қызығушылық артып келеді, – деді Камилия Рашитқызы, – Астанада «Астана Опера» балет және опера театры салынған. Қазақ ұлттық хореография академиясы іске қосылды. Осының барлығы Елбасының өнер мен мә­дениетті қолдауының арқасында жү­зеге асып жатыр. Семейдің балет мек­тебінде нағыз шеберлер, өз ісінің май­тал­мандары жұмыс істейді. Біздің түлек­тер «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетеді. Жақында облыс басшысы Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысында кәсіби ұлттық этнографиялық ансамбль құруды ұсынған еді.

Біздің балет мектебінің өнерпаздарының осы ансамбльді құруға мүмкіндіктері де, таланттары да жетеді. Этнографиялық ансамбль дамып, елге танымал болуы үшін оның құрамында таланттылар болу керек. Және біздің ғана емес, шетелдің де жоғары өнер мектебімен байланыстарын үзбеген жөн. Біз осы істі бастаған 25 жыл ішінде Қазақ ұлттық хореография академиясымен, Алматы хореография училищесімен тығыз байланыс орнаттық. Халықаралық оқу орындарымен де әріптестік қарым-қатынастамыз. Бізге үздік өнер майталмандары келіп, семинарлар, шеберлік сабақтар өткізеді.

Осының бәрін айтып отырған себебім, балет мектебінің өз үйі мен талантты балаларға арналған интернаты болса, облыс өзінің балет мектебі, эт­но­грофиялық-хореграфиялық ан­самбльдерімен халықаралық дең­гейде танымал бола түсер еді. 

Осы мәселе туралы қала әкімі Ермак Сәлімовтен сұрағанымызда, 2018 жылдың бюджетінен жобалау-сме­талық құжатты жасау үшін қаржы қа­растырылатынын айтты. Оның айтуынша, «72 квартал» ауда­нында емес, қала сыртындағы «Қа­рағайлы» деген жерде төрт мектеп, төрт балабақша салынбақшы. Осы ғи­ма­раттардың бірін балет мектебіне лай­ықтау ойда бар көрінеді. 

Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист

СЕМЕЙ

Соңғы жаңалықтар