25 Қаңтар, 2018

Елбасы кітапханасын архив жүйесіне қосу ұсынылды

212 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста екі заң жобасы мақұлданып, тағы екі заң жобасына қорытынды әзірлеу жөнінде шешім қабылданды.

Елбасы кітапханасын архив жүйесіне қосу ұсынылды

Депутаттар алдымен Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының таныстыруымен кейбір заңнамалық актілерге ар­хив ісі мәселесі бойынша өз­ге­рістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқы­лымда мақұлдады. Министрдің мәлім­деуінше, аталған құжат аясын­да архив істері жөнінде 4 бір­дей заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізу көзделген. «Заң жо­басының негізгі мақсаты – құжат­тамалық қамтамасыз етудің жаңа ақпараттық нысандарын өмірдің барлық салаларына ықпалдастыру мен электронды құжат айналымына көшуге байланысты архив ісі саласындағы заңнаманы же­тіл­діру болып табылады. Сондықтан да біз архивтік құжат, архив ісі се­кілді түсініктерді саралай отырып, Ұлттық архив қорына құжат­тар­дың мемлекеттік есе­бі, Ұлттық архив қорының құ­жаты, басқаруды құжаттық тұр­ғыда қамтамасыз ету, ерекше құн­ды құжат секілді ұғымдарды айна­лымға енгізбекпіз. Оған қоса, мемлекеттік архив жүйесіне Тұң­ғыш Президент – Елбасы кітапха­на­сын қосуды ұсынамыз», деді А.Мұхамедиұлы.

Сонымен қатар министр өз баяндамасында мемлекеттік архив көрсететін қызметінің тізімін, атап айтқанда, ақылы қызметті кеңейту жоспарланып отырғанын айтты. Ал мұндай қызметтердің қатарына тақырыптық, генеалогиялық сұ­раулар мен архив құжаттарының депозитарлық сақталуы жатады екен. «Өткен жылы ЭКСПО-2017 мамандандырылған халықаралық көрмесі аясында Астанада сирек кітаптар мен қолжазбалардың Ұлт­тық орталығы ашылған болатын. Біз бұл тұрғыда Армениядағы ғы­лыми-зерттеу орталықтарының та­бысты тәжірибесін негізге ал­дық. Қыс­қа уақыт ішінде орталықта мем­лекет тарихы мен мә­де­ние­тіне қатысты аса құнды тари­хи кітап­­тар­дың және қолжазба­лар­дың кол­лек­­циясы қалыптасып үлгер­ді. Зерттеушілер үшін көрме, оқу зал­­да­ры ашылды», деді А.Мұха­меди­ұлы.

Ал аталған заң жобасына қа­тысты қосымша баяндама жасаған Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Кеңес Абсатиров бұл мәселе бойынша жұмыс тобының 5 отырысы және тиісті комитеттің кеңейтілген отырысы ұйымдастырылғанын атап өтті. «Заң жобасымен жұмыс істеу барысында депутаттар жобаның жекелеген нормаларын нақтылауға және жақсартуға бағытталған түзетулерін енгізді. Ал талқылау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасы Конституциясының 61-бабының 6-тармағына сәйкес енгізген ұсыныстар ел Үкіметіне жолданды», деді ол.

Күн тәртібіне шығарылған келесі мәселе – Бас прокурордың орын­­басары Андрей Лукин таныс­тыр­­ған «Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Респуб­ли­ка­сы арасындағы ұстап беру ту­ралы шартты ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Айта ке­тейік, бұл құжат 2015 жылы 15 мау­сымды Ханойда жасалған Шарт­ты ратификациялауға бағытталған. «Заң жобасының негізгі мақсаты – уағдаласушы мемлекеттердің ұстап беруге әкеп соғатын қылмысы үшін қылмыстық қудалауды жүзеге асырады немесе заңды күшіне енген сот үкімін орындау мақсатында өзі­нің аумағында жүрген кез кел­ген адамды беру саласында ынтымақтастықты жүзеге асыру болып табылады», деді А.Лукин.

Бас прокурордың орынба­сары­ның түсіндіруінше, Шартқа сәйкес бір тараптың аумағында қылмыс жасаған және екінші тараптың аумағында жасырынып жүрген қылмыскерлерді экстрадициялау бойынша екі елдің құқық қорғау органдарының өзара іс-қимыл жасау мәселелері регламенттелген.

Отырыс аясында осы заң жоба­сы­на қатысты қосымша баянда­маны бастан-аяқ қазақ тілінде жаса­ған Заңнама және сот-құ­қық­тық реформа комитетінің мүше­сі Наринэ Микаелян орайлы сәт­те Мәжіліс Төрағасы тарапы­­нан жоғары баға алып, қошемет­ке бөленді. Ал депутаттың пікірін­ше, құжатқа ұстап беру саласын­дағы еуропалық стандарттар импле­ментацияланған. «Сол себептен де ұстап беруге әкеп соғатын негіздер мен ұстап беруден бас тарту шарттары ег­жей-тегжейлі регламенттелген. Сон­дай-ақ уақытша ұстап беру мен ұстап беруді кейінге қалды­руды реттейтін нормалар да бар. Ұстап беру мәселелерінде тікелей өзара іс-қимыл жасайтын екі мем­ле­кеттің орталық органдары айқын­далған. Құжаттарды беру тәртібі мен олардың рұқсат етілуі де ескерілген», деді Н.Микаелян.

Айта кетейік, жиын барысында Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төр­ағасы Мәулен Әшімбаевтың баян­дауымен Қазақстанның Қауіп­сіздік Кеңесі туралы және оның қыз­меттік мәселелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына қорытынды әзірлеу жө­нінде шешім қабылданды. Ал отырыс соңында халық қалаулылары өз құзыреттері шеңберінде тиісті ведомство басшыларының атына депутаттық сауалдарын жолдады. Олардың қатарында Берік Дүйсенбинов, Галина Баймаханова, Жамбыл Ахметбеков, Аманжан Жамалов, Серік Сәпиев, Шакир Хахазов, Владислав Косарев, Қуаныш Сұлтанов, Кұдайберген Ержан, Шаймардан Нұрымов және Азат Перуашев болды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»