Тарих • 25 Қаңтар, 2018

Бағашар Тұрсынбайұлы. Абайдың Кәкіші

87 реткөрсетілді

Дүниенің қай бұрышына барсаңыз да, сымбаты бірден көз тартар ғажайыбы болады. Таудың тәкаппар ақар-шақар шыңы сұлу болса, шөлдің құпиясын бойына жасырған тылсым сиқыры бар. Шалқыған мұхит пен толқыған теңізді айтпаңыз. Сол ғажайыптардың орнына жүрер ештеңе таба алмайтыныңызға әбден көзіңіз жетіп, сеніп тұрғанда, жарқыраған әлденеге көзіңіз түседі. Сұлулыққа тойған көзіңіз енді айналадағы дүниелерге зер сала бастамай ма?! Оның да бір кереметін тауып қуанған көңіліңіз сонда толқыр. Әрбір алып сұлулықтың айналасында басында біз қораш көретін кереметтер бар екенін кейін ойлаймыз.

Қазақ халқының ордасы ті­гіліп, ша­ңырағы көтерілгелі бері көрмеген құқайы, шекпеген азабы аз ба екен?! Тақуа та­ри­хтың сарғайған парағын ақтарған са­йын ұлтымыздың тауқыметіне жиі ке­зігеміз. Енді ел боламыз деп етегімізді жи­най бергенде, жан-жағымыздан ан­та­лаған жау аз болмапты. Үнемі шай­қастың, шамырқанудың үстінде жү­ріппіз. Жиырмасыншы ғасырдың басында Алаш өкіметін құрып, дербес ел болудың қамында аянбай тер төккен азаматтарымыздың асыл арманына енді жеткендей болып отырғанымызбен, жоғалтқанның орнын қашан толтырады екенбіз. Өткенге – салауат. 

Қазақ болмысын, рухын жо­ғалт­паудың қамына ерте кіріскен – Абай, Абай айналасы. Хәкім сәулесі түскен жандар – өз алдына байтақ әңгіме. «Көкірегі сезімді, тілі орамды» зеректі жанның бәрі ақынның жанына жиналды. «Анық Абай» деректі фильмінде Қасым Аманжолұлы Абайдың өз бетінше орысша оқуын «данышпандық түйсіктің бір қыры» деп айтқан еді. Айналасына кіл жастарды жиып, соларға сөз ұқтырып, білім шуағын мол шашқан Құнанбай баласының осы қасиетін де да­ныш­пандық түйсіктің және бір қы­ры деп түсінер едік. 

Хәкім ғұмырын біз өз қолымен жазған дүниелерінен емес, тек есте­ліктер мен аңыздардан таны­дық. Ақынның алғашқы өмір­бая­нын жазған Кәкітай Ысқақ баласы туралы айтар сөз бүгінде тым аз. Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұ­хамедханұлы жинаған материалдар азық. 

Абайдың інісі Ысқақтың тұң­­ғыш баласы Ғабдұлхакімді шешесі еркелетіп «Кәкі­тай» деп атапты. Баласына мұсылманша ат қойып, оны қазақы икемділікпен еркелету Құнанбай әулетінің дәстүрі сияқты. Ибраһим – Абай, Әбдірахман – Әбіш, Мағауия –Мағаш, Ғабдұлхәкім – Кәкітай, Кәкіш... Қарадан хан шығып аға сұлтан болған Құнанбайдың арғы тегі туралы әңгімеге оқырман әбден қанық. Айтқаны – үкім, істегені шариғат болған қажы ұлдары мен немерелеріне өскен, өнген әулеттің қыздарын айттырып отырыпты. Кәкітайдың анасы да Мұрын руынан шыққан атақты Тана мырзаның інісі Жанпейістің қызы. 

Абай мен Ысқақ ауылы көрші бол­­ған­дықтан Мағаш пен Кәкітай кішкентайынан бірге өссе керек. Мағашты әкесі он төрт жасында Семейге орысша оқуға бе­реді. Ысқақ Кәкітайды Мағашпен бірге оқытпақ болғанда, бәйбішесі: «Өзіңнің ел басқару жұмысынан қолың босамайды, мен үйде отырған әйелмін, малға, шаруаға кім қарайды?» деп, Кәкітайды қалаға оқуға жіберуге көнбейді. Кәкітайды Мағаштай жақсы кө­­ріп, одан үлкен үміт күтетін Абай Ысқақты шақырып алып: «Сен қатыныңның тіліне еріп, мына адам болайын деп тұрған Кәкітайды оқудан қал­дырдың. Енді бұл баланы мен өз тәрбиеме аламын. Сенің мұнда жұмысың болмасын»,  депті. Сөйтіп Кәкітай жастайынан Абай тәрбиесінде болған. Кейін Мағаш дертке шал­дығып, оқудан шығып келгенде, екеуі бірге Абай қолында өседі. Со­дан жиырма төрт жыл бойы ақын­ның жанында жүрген Кәкітай Абай ағасының алдында өзін қа­рыздар санайды. Мағаш, Абай, Ақыл­байлар дүниеден қатар-қатар аттанған соң, Кәкіштің на­зырқаңқы ғұмы­ры басталыпты. 

Бұл уақытта ақын әулетінің үлкені Тұрағұл екен. 1909 жылы жарық көрген Абайдың тұңғыш жинағын құрастырған да екеуі. Әлихан Бөкейханның: «1904 жылы Абай марқұмның өлеңдерін кітап қылып басыңдар деп, балаларына хат жаздым. ...1905 жылы шілденің аяғында Кәкітай Абайдың қолжазбасын алып, Омбыдағы маған келді... Кәкітай біздің үйде бірер жұмадай жатты. Абай, Пушкин, Лермонтов сөздерін бірге оқып, мәз-мейрам болдық. Анық таныстық» деген атақты сөзінен жинақтың шы­ғуына ұлт кө­семінің де ықпалы болғанын білеміз. Сонымен қатар «Абай» журналының 1995 жылғы 1-2 санында жарық көрген Мінәш Әрхамқызының естелігінде Кә­кі­тайдың әйелі Бибі әжейдің Абай­дың жылын өткізуге Семейге Кә­кі­тай, Тұрағұл, Шәкә­рім болып төрт адам барғанда, Әлихан Бө­­кей­­­ханға жолығып, ақын өлеңдерін талқылағанын естігенін жазады. Бұл жерде Абай өлеңдерін жинақтауда Шәкәрімнің де үлесі барлығы айтылып жүр. Көп жағ­дайда Тұрағұл да, Шәкәрім де «халық жауы» болғандықтан, бер­тінге дейін аттары біраз жер­­де айтылмай келе жатқан. Де­генмен Абай жинағының жа­рық­қа шы­ғуына көп қайрат қыл­ған Кә­кітай мен Тұ­ра­ғұл екенін кітап мұқабасындағы жазу­дан аң­ғарамыз. Мұқабада «Қазақ ақыны Ибрагим Құнанбай ұлының өлеңі. Бастырған: Кәкітай, Тұрағұл Құ­нан­бай ұғландары. Спб., «Вос­точная электропечатная Н.Бо­раганского», 1909» деген жазу бар­ екен. 

Әрхам Кәкітайұлы «Абайдың өмір жолы» атты естелігінде  «1906 жылы жаз шығып киіз үй тіккенде, Кәкітай Абылайша қос тіккізіп, Мүрсейіт молланы шақыртып алып: «Сен мына біз жинаған Абай өлеңдерін реттеп жаз», деп оңаша қосқа отырғызады. Мүрсейіт асықпайтын, одан ке­йін бір жағын ақ тастап қайта көшіртіп, бір ай шамасында да­йындатып алып Кәкітай Семейге өзі алып жүрді. Жол расхотына сатуға екі семіз ат, екі семіз түйе­сін әкетті. Кә­кі­тай малын ақ­­шалап алып, «Омбы қа­ласына кеттім», деп хат жазды. Одан кейін  «Омбыда бастыра алмадым. Қазан қа­ласына жүріп кеттім», деп тағы хат жазды. Бір жұмадан кейін үйге телеграмма келді: «Қазан қаласындағы баспаханалар басуға уақыты болмады, сондықтан Петербург, Ленинградтағы бас­паханалармен шарт жасастым. Тез екі жүз мың сом ақша пе­ре­вот ет» деген. Айтқанындай екі жүз мың сом жібердік. Кәкітай бір айда қайта орал­ды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Ленинградтағы баспахана бір баспа табақ қағазға басып, Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұра­тын болды. Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұр­ды. Кәкітай оның қатесін түзеп қайта Ле­нин­градқа жіберетін болды, одан тағы қайта басылып келіп қайтып отыратын еді. Осындай сергелдеңмен жүріп Абай­дың бірінші өлең жинағы 1909 жы­лы, яғни үш жылда зорға жарыққа шық­ты. Ленинградтағы әріп терушілердің қа­зақ­тың сөзін ұқпауынан қатесі көп болды, толық түзеуге мүмкіндік болмады. Абайдың өмірбаянын қысқаша ғып Кәкітайдың өзі жазды.

Соған қарап Кәкітай Абайдың өмі­рінен білетіні аз деп ойлап қалуға болмайды. Жиырма төрт жыл Абайдың жанында болған барлық қызық-шыжығын бірге көрген Кәкітай Абай өмірі туралы көлемді еңбек жазған еді. 1919 жылы Совет өкіметінен қашқан «Колчактың» әскерлері Кәкітайдың клетіндегі жиған үш әбдіре кітабын, жазған еңбегін және Абайдың көп материалдарын өртеп жіберді. Сондықтан Абай өмірі туралы жазғандары жарық көрмей жоғалды» деп өкінішпен жазады. Осы естеліктен байқағанымыздай, Кәкітайдың Абай өмірі туралы жазған толық еңбегі ғана емес, Абайдың да, өзінің де біраз шығармалары күл болғанға ұқсайды. Оның алдында Кіші молданың баласы Махмұттың «Ва­дим» поэмасының жартысын өз баласына ойнауға беріп, жыртылып қалғанын көрген Кәкіш үшін де, біз үшінде бұл зор­ өкініш. 

Абайдың ұлдары, немерелері де өлең жа­зып, аудармамен шұғыл­данған. Бұл әдеттен Кәкітайдың алыс болмағаны анық. Қайым Мұхамедханұлы Әрхамның ес­телігін келтіріп, Кәкітай шығар­малары туралы анық дерек жоқ деп, «Әбдірахманға Кәкітай атынан­ хат», «Тілім, саған айтамын», «Көзімнің нұрысыз» деген өлең­дерді Кәкітайдікі деп береді. Бұл пікірді филология ғы­лымдарының докторы Бауыржан Ер­дембеков та растап, «Кәкітай» деген мақаласында Абайдың тұңғыш жинағына бұл өлеңдердің кір­мегенін осыған дәлел етіп  тарқатып жазады.

* * * 
Кәкітайдың тұңғышы Әрхам Абай туралы естелік жазып, Се­мей­дегі Абай музейінің ашылуы­на көп еңбек сіңірген. Абайға арнап «Зағипа» деген поэма жазған. Екінші ұлы Біләл Се­мейдегі гимназияны бітірген соң, науқасқа ұшы­рап, одан әрі оқи алмапты. Кейін Семей ауру­ха­насында көз жұмған. Ол да өлең жазып, Абайға еліктеп орыс ақын­­дарының өлеңін аударыпты. Бүгінге жет­кен жалғыз аудармасы – Пушкиннің «Қыс­қы жол» өлеңі. Үшінші ұлы Да­ниал Семейдің мұғалімдер гимна­зиясында Ж.Аймауытовпен, М.Әуе­зов­пен қатар оқыпты. «Алаш­­орда­ның» Семейдегі «Та­лап» жас алаш ұйымын құ­рушы, «Абай» жур­налының демеу­шісі болған. Мұх­тар Әуе­зовпен құрдас, дос екен. Х.Дос­мұ­ха­медовпен бірге Таш­кентте «Сана», «Шолпан» журналдарын шығарып, М.Әуе­зов­тің «Бәйбіше-тоқал» пьеса­сы туралы «Қорғансыздар» ат­ты әдеби сын мақала жазыпты.­ «Сана» журналының 1-2 саны шық­қаннан кейін жарық көруі тоқтауы себепті Даниялдың ма­қа­ласы толық жарияланбаған екен. Даниал Ысқа­қовтың бұл ма­қаласын белгілі алаш­танушы Тұрсын Жұртбай: «Қазақ әдеби сынының басы» деп бағалап­ты. Даниялдың аударған еңбек­тері: А.П.Чеховтің «Үлкен бақша­шы­ның өмірі» әңгімесі, В.М.Гар­шин­­нің «Төрт күн» әңгімесі, Г.И.Сере­­брякованың «Маркстің жас­ ша­ғы», поляк-орыс жазушысы­ Бруно Ясенскийдің «Терісін ауыстырған адам» атты романдары.  

Даниал Ысқақов Алматыда ұсталып, жазаға кесілген. Тұрсын Жұртбай Даниал Ысқақов туралы жазғанда өмірі мен шығар­машылығына, өліміне қатысты деректер мен естеліктерді келтіреді, сонда Даниал атылмай, 1945 жылы айдауда жүріп қайтыс болып­ты-мыс.

* * *
Кәкітай дүниеден озғаннан бері бір ғасыр­дан асқан уақыт өткенде, Абайға, Абай айналасына тағы зер саламыз. Ақын арман еткен қазақ баласы қандай болу керек дегенде, алаштықтарды алға тартамыз. Кәкітайды бағалау үшін Әлихан сөзіне жүгінеміз. 1915 жылы «Қазақ» газетіне жазған қоштасу сөзі бақұлдасу ғана емес, бағалау екен.
Енді біз Әлиханша «Қош» демейміз. Хош, салауат дейміз...

Бағашар Тұрсынбайұлы,
«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар