Руханият • 25 Қаңтар, 2018

Күйшінің туған жылынан қателеспейік

1084 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ халқының ұлы күй­ші-­композиторы, әлемдік мәде­ниеттің аса биік тұлғасы – Құр­манғазы Сағырбайұлының туған жылы туралы күні кешеге дейін әртүрлі пікірлер айтылып келді. Соның салдарынан Атырау облысында заңғар сазгердің 175 жылдығы 3 рет атап өтілді. Ұлы күйші 1806 жылы туған, кейін 1818 жылы туған екен деген пі­кірлер баспасөз беттерінде жазы­лып, кітаптарға да енді. 

Күйшінің туған жылынан қателеспейік

Атап ай­тар болсақ, Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық ғылым академиясы, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, Ә.Марғұлан атындағы археология институты «Атамұра» баспасынан 2000 жылы шығарған көптомдық «Қазақстан тарихының» 3-томында ұлы күйші 1806 жылы туып, 1879 жылы дүниеден өткен деп жазылыпты (554-бет). Авторы Ж.Қасымбаев болып табылатын 8-сыныпқа арналған «Мектеп» баспасынан 2004, 2012 жылдары шыққан «Қазақстан тарихы» оқулықтарында Құрманғазы Сағырбайұлының туған және қайтыс болған жылдары 1818-1889 жылдар деп көрсетіліпті.

Қалың көпшілік оқитын кі­тап­тарда, бұқаралық ақпарат құ­ралдарында Құрманғазының ту­ған, қайтыс болған жылдарына орай осындай қателіктердің болу себебі, кейбір зерттеушілердің мәселенің байыбына терең бойламай, деректерді интернеттен ала салуының да әсері болып отыр деу­ге толық негіз бар. Қазіргі мезгілде ғаламторда ұлы күйшіні 1818 жылы туды деп жүргендерді де солардың қатарына қосуға әбден болады. 

Шындығында, Қ.Сағырбайұлы қай жылы туып, қай жылы дүниеден өткен? Бұл мә­­селе төңірегінде аты­рау­лық тари­х­шылар көптеген жыл­дар бойы тер төгіп зерттеу жұ­­мыс­тарын жүргізді. Соның нә­­­­ти­­жесінде өткен ғасырдың 90-­жылдарында-ақ ұлы сазгердің туған, қайтыс болған жылдары то­лықтай анық­талды. Осы мәселе төңі­регінде шұ­ғыл­данғандардың ішінен архив қыз­меткері Мақсот Жолжановтың ең­бегін ерекше айтқан жөн болады. 
Ол Астрахан облысының мем­лекеттік архивінен 1882 жылы Астрахан облысына қарасты Крас­нояр түрмесінде отырған Құр­­манғазы Сағырбайұлының есі­мі тұсынан оның ұлтын, сот­талу себебін, үкімін, жаза мерзімін, жасын көрсететін дерек тапқан (АОГА, 203-қор, 629-іс, 21,31-па­рақтар). Сол деректерде Құр­ман­­ғазы 1882 жылы 59 жас­та­ деп көр­сетілген. Олай болса, Құр­­­­ман­ғазы Сағырбайұлы 1823 жы­лы дүниеге келген. Ұлы күй­ші­нің құлпытасында оның 73 жас өмір сүргені жазылғаны белгілі. Сөй­тіп архивтік деректер бойынша Құрманғазы Сағырбайұлы 1823 жылы туып, 1896 жылы қайтыс болған. Дегенмен мәселенің нүк­те­сін сол кезде Ұлттық ғы­лым ака­­­­демиясына қарасты М.Әуе­зов­ атындағы Әдебиет және өнер инс­титутында құрылған ар­нау­лы сара­птау комиссиясы қой­ды. Сол комиссияның шешімі төмен­дегідей:

«Ұлттық ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты халық композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының туған, өлген жылына қатысты сарапшылық комиссияның қоры­тындысын хабарлайды. Архив де­рек­тері мен зерттеушілер М.Жол­жанов, И.Кенжалиев, Қ.Жұмалиев, Ұ.Рахметуллиннің пікірлерін мұ­қият сараптай отырып, халық ком­позиторы Құрманғазы Сағыр­байұлы 1823 жылы туып, 1896 жылы дүние салған», деген қоры­тындыға келді.

Кезінде бұл шешім «Атырау» газе­тінің 1996 жылғы 12 қыркүйек күнгі санында жарияланды. Сол 1996 жылы ұлы композитордың қайтыс болуының 100 жылдығына орай Астрахан облысының Володар ауданындағы Қ.Сағырбаев жер­­лен­ген жерге биік кесене тұр­ғызылды. Кесененің ашылуына Елбасы Н.Назарбаевтың өзі қа­тысты. Осы тұжырымға сай 2013 жылы Атырау қаласында Құр­манғазы Сағырбайұлының ту­ғанына 190 жыл толуына арналған 1000 домбырашы қатысқан күй-­концерт өткенін қалың жұрт­шылық ұмыта қойған жоқ.

Сонымен қорыта келе айта­рымыз, күйші Құрманғазы Сағыр­байұлы дүниеге 1823 жылы келген. Жоғарыда көрсетілгендей, бұл мұрағат дерегі негізінде дә­лел­денген. Сондықтан да ұлы күй­шінің туған жылына байланысты басқаша пікір болуға тиісті емес. 

Біздіңше Құрманғазы Сағыр­байұлы сияқты дүние жүзіне та­нылған талантты тұлғаның мерейтойын асығыс түрде 12 айда өткізе салу мүмкін емес. Ұлы сазгердің 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында дүниежүзілік көлемде аталып өтуге тиіс. Сірә, бұған ешкім де қарсы болмайтын шығар.
Күй дүлдүлі Құрманғазының ту­ған жылына байланыс­ты дә­лелдеріміз бен ұсыныста­ры­мызды ел газеті арқылы қалың оқыр­манға жеткізуді жөн көр­дік. Ендігі жерде «Егемен Қазақ­стан» ұлы күйшінің алдағы мерейтойының жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болады деген сенімдеміз.

Амангелді ШАМҒОНОВ, 
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарихшы-өлкетанушы