Парламент • 26 Қаңтар, 2018

Халықаралық қатынастарды нығайтатын заң жобалары қабылданды

279 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Парламент Сенатының биылғы жылдағы алғашқы отырысы өтті. Жиынды ашқан Сенат Төрағасы сенаторларды Елбасының төртінші өнеркәсіптік революция қарсаңындағы елімізді одан әрі дамыту туралы Жолдауын заңнамалық қамтамасыз ету бойынша жоғары жауапкершілікпен белсенді жұмыс жүргізуге шақырды.

Халықаралық қатынастарды нығайтатын заң жобалары қабылданды

Төраға Сенат бюросы Елбасы Жолдауындағы міндеттерді тия­нақты орындауға байланысты бірқатар маңызды іс-шара­лар белгіленген Жоғарғы пала­таның арнайы жоспары бекітілгенінен хабардар етті. Сондай-ақ Қ.Тоқаев Президент Н.Назарбаевтың Америка Құрама Штаттарына ресми сапары­ның қорытындыларына сенатор­лардың назарын аудара келіп,  «Елбасының Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына төрағалық етіп, Кеңес атынан мәлімдеме жасауы, Ақ үйде АҚШ Президентімен келіссөздер барысында ел экономикасын дамыту мен өңірдегі қауіп­сіздікті нығайту тұр­ғысынан аса маңызды нақты келісімдерге қол жеткізуі, Қазақ­станның дүниежүзілік деңгейдегі жоғары беделін одан әрі нығайта түскені сөзсіз», деді. Сонымен қатар Төраға сенаторлардың алдағы уақытта парламенттік дипломатия әлеуетін кеңінен пайдалана отырып, Елбасының халықаралық және өңірлік қауіп­сіздікті қамтамасыз ету жолын­дағы тың бастамаларын ілге­рілетуге лайықты үлес қосатынына сенім білдірді.

Жалпы отырыс барысында депутаттар Қазақстан Прези­дентінің ұсынымын қарай келіп, қызметінен кетуіне байланыс­ты Рахымбек Мамырбаевты, Өмірсерік Қожабаевты, Дүйсен Тұмабековті және қайтыс болуына байланысты Қалидола Шаухаровты Жоғарғы сот судьясы қызметінен босатты.
Сондай-ақ күн тәртібіне сай, жиында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы халық­аралық автомобиль қатынасы туралы үкіметаралық келісім ратификацияланды. Осы мәселеге қатысты сөз алған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек 2017 жылғы 3 сәуірде Баку қаласында жасалған құжат Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы халықаралық автомобиль қатынасында жолаушылар мен жүк тасымалын, олардың аумақтары арқылы транзитті, сондай-ақ үшінші елдерге тасымалдарын реттеуді қамтамасыз ететіндігін айтты. «Екі мемлекет арасында тасымалданатын негізгі жүк қара және түсті металдардан жасалған бұйымдар, өсімдіктен және мал өнімдерінен жасалған өнімдер, қағаз және қағаздан жасалған бұйымдар болып табылады», деді ол. 

Ал аталған заң жобасы жө­нінде қосымша баяндама жасаған Сенаттың Экономикалық сая­сат, инновациялық даму жә­не кәсіпкерлік комитетінің мү­шесі Манап Көбенов Келісім ере­желерінде жолдар мен көпірлерді қоспағанда кейбір нысандарды пайдалану барысында бірқатар жеңілдіктер қарастырылғанын айтты. Оның түсіндіруінше, тасымалды жүзеге асырушылар қатысушы мемлекеттердің аумақтарында (транзитті қоса алғанда) рұқсат­тар құрамы негізінде автокө­лік құралдары атқаратын халық­аралық тасымал жолдарын пай­далануға және күтіп-ұстауға байланыс­ты салықтар мен алымдардан босатылады.

Осы күнгі отырыста Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов баяндаған «1996 жылғы 9 жел­тоқ­санда Нью-Делиде жасалған Қазақстан мен Үндістан арасын­дағы Қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салынатын салық­тарға қатысты  салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға және Хаттамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы үкіметаралық хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланып, қабылданды. «Заң жобасында ұсынылып отырған өзгерістерде екі елдің экономикалық мүдде­лері ескеріліп, салық салу мәсе­ле­лерін нақтылау немесе қайта қарау көзделіп отыр. Одан басқа, уағ­даласушы мемлекеттердің ре­зи­­денттігін айқындауды реттей­­тін баптардың ережелері де өзге­­ретін болады», деді Б.Сұл­танов. 

Ал Қаржы және бюджет к­о­ми­тетінің мүшесі Дәурен Әділ­бековтің айтуынша, құжатта көрсетілген «Ақпарат алмасу», «Салықтарды жинауға көмек» баптарының жекелеген ережелері Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының үлгі конвенциясына сәйкес келтірілген. Сол сияқты «Жеңілдіктерді шектеу» бабына салықтан жалтару дерегі анықталғанда және Конвенцияның ережелерін асыра қолданғанда ішкі заңнаманы қолдануға мүмкіндік беретін  ереже енгізілген. 

Отырыс барысында депу­тат­тық сауалын жария еткен сена­тор Ольга Перепечина Мем­ле­кет басшысының Жолдау­ындағы бизнес ахуалды жақ­сар­ту және агроөнеркәсіп кеше­нін дамыту, оның ішінде өңдел­ген өнімдердің экспортын арт­тыру жөніндегі аймақтық деңгейде пәрменді іс-қимыл қабылдау туралы алға қойылған міндеттерге Премьер-Министр Б.Сағынтаевтың назарын аударды. Сенатор ша­ғын және орта бизнес пен тұр­ғындардың құқықтары мен заң­ды мүд­делерінің сақталуын қам­­та­масыз ету мақсатында үкі­мет­тік дең­гейде ауқымды шаралар қа­был­дануы тиіс екендігін ес­кертті.
Сондай-ақ сенатор Дулат Құс­дәулетов өз сауалында аза­мат­тардың өмірі мен денсаулығына, білім алуына, қауіпсіздігі мен еңбекке, қолайлы өмір сүру жағ­дайына, ұсынылатын тауар­лар­дың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасына байланыс­ты құқықтарын қорғау жөніндегі мәселені көтерді. Депутат Ербо­лат Мұқаев апаттық деп таныл­ған үйлерде тұрып жатқан азамат­тарды тұрғын үймен қамтама­сыз ету мақсатында, тұрғын үй құрылысын «Нұрлы жер» бағ­­дарламасының бір бағыты реті­нде енгізіп, тиісінше қолда­ныс­тағы заңнамаға өзгерістер енгізуді қарастыруды сөз етті.
Сенатор Сергей Ершов қа­рыз беретін онлайн-компа­ния­лардың заң талаптарын сақ­тауына қатысты тексеру жүргізу қажет десе, депутат Әлім­жан Құртаев барлық аймақтар үшін газ, электр энергиясына бірың­ғай тариф енгізу мүмкін­дігін қарастыру жөнінде пікір біл­дірді. Сондай-ақ Үкімет бас­шысының атына екі сауал жолдаған Сәрсенбай Еңсегенов Ресеймен шекаралық аймақта орналасқан Атырау облысының Құрманғазы ауданына қарайтын Азғыр өңіріндегі шекарадан өту мәселесін шешудің жолдарын қарастыруды сұрады. Сонымен қатар «Балқұдық» шекара заставасының жерін қоршауға қаражат бөлу қажеттігін айтты. Ал Мұхтар Жұмағазиев болса, Балқаш көлі жағасында орналасқан бұрынғы «Дарьял-У» радиолокациялық стансасы аумағында жинақталған өте зиян­ды қалдықтарды жоюға шара қолдану туралы депутаттық сауалын жариялады.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»