Қазақстан • 26 Қаңтар, 2018

Жаңғырудың жол картасы әзірленді

226 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Кәсіподақ: жаңару мен жаңғыру жолында» атты республикалық форум өтті. Іс-шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды. 

Жаңғырудың жол картасы әзірленді

Жиынға Мәжіліс депутаттары, минис­тр­лік өкілдері, жоғары оқу орын­дарының ректорлары мен өңірлік кәсіп­одақ бірлестіктерінің басшылары қатысты. Форумды Қазақстан Респуб­ликасының Кәсіподақтар федерациясы ұйымдастырды.

Форумда кәсіподақтар федерация­сының төрағасы Бақытжан Әбдірайым Жолдаудың негізгі ережелері мен тезистері кәсіподақтардың қызметімен тікелей байланысты екендігін атап өтті. «Кәсіподақтардың қызметін түбе­гей­лі реформалау мақсатында орташа мерзімді кезеңге федерацияны жаңғыр­тудың жол картасы әзірленді. Бұл өз кезегінде Қазақстандағы кәсіп­одақтар қозғалысына жаңа леп беруі тиіс», деді Б.Әбдірайым. 
Салалық білім және ғылым қызмет­керлері кәсіподағының төрағасы Майра Амантаева биылғы Жолдауда ұстаз­дар­дың құқығын қорғау қажеттігін түсіну, олардың білім алу деңгейін арттыру, ұстаздар мен ғалымдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетіне жәрдемдесу мәселелері көтерілгенін сөз етті. 

«Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 10 міндет айтылды. Соның 7-ші міндеті білім сала­сының қызметкерлеріне арналды. Жалпы, осы 10 міндеттің жүзеге асуы­ның өзі білім саласына, яғни кадр­лардың білікті болуына, қазіргі заман талабына төтеп бере алатын маман дайын­дауға және солардың еңбегіне байланысты. Биылғы Жолдау білім саласы қызметкерлеріне үлкен міндет жүктеп отыр», деді М.Амантаева.

Форум барысында көтерілген мәсе­ле­лердің бірқатары Кәсіподақтар федерациясы әзірлеген жол картасына енгізілді. Осы құжатта әлеуметтік әділдік және әріптестік қағидаларын дамыту, әлеуметтік-еңбек қатынастарын арт­тыру, кәсіподақтарды күшейту және нығайту үшін нақты міндеттер айқын­далған. Жол картасы еліміздегі құқық­тық жаппай оқудың бірыңғай жүйесін құруды, Республикалық үшжақты комиссия жұмысын жаңғыртуды, бекітілген ұжымдық шарттардың сапасы мен мөлшерін арттыруды қарастырады. 

Қазақстанның кәсіподақтары жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы жұмыс орындарының сақталуын қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда жұмыс орындарын сақтау жөнінде 115 134 меморандум бекітілген. Бұл еліміз бойынша 2,8 миллион еңбеккерді қамтиды. 
Форум аясында облыстардағы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ­тарының төрағалары сөз сөйледі. Кез­десуге қатысушылар Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Төртінші өнеркәсіптік рево­люция жағдайындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» Жолдауында айтыл­ған міндеттердің маңыздылығын сөз етті.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»