Қазақстан • 26 Қаңтар, 2018

Туыстас тілдерді жақындастырады

1320 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеңес одағы тұсында жылы мәжбүрлеп енгізілген тіл саясатынан құтылып, ана тілімізді халықаралық деңгейдегі тілдер қатарына енгізетін уақыт келді. 

Туыстас тілдерді жақындастырады

Сөз жоқ, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің терең логикасы бар, ол заманауи технологиялық ортаның, коммуникацияның, ғылыми және білім беру үдерісінің ерекшеліктеріне байланысты. Сонымен қатар интернет жүйесінде үстемдік латын графикасында, ұялы байланыстағы хабарламалардың көбі осы таңбамен жазылуда.

Әліпбилік жазу – жеке дыбыстарды бейнелейтін және сол арқылы тілдегі сөздердің дыбыстық мағынасын беретін жаз­ба таңбалар жүйесі. Таңбалар жүйе­сінің жеңіл, тілге орамды болуы, таң­балардың қазақ тіліне тән дыбыс­тар­ды қамтамасыз етуі, осы гра­фикада жа­зылған шығармалардың бас­қа тіл­дерге компьютерлік аудару ерек­ше­лігі, жазудағы ықшамдылығы мен ың­ғай­лылығы жаңа әліпбиге өтудегі бас­ты мәселе болып, халықаралық жауап­кер­шілікке тіреледі, яғни әліпбиді графикалық үйлестіру қажет. Латын әріп­тері орыс, араб әріптеріне қарағанда жұм­сақ, әрі оралымды, қазақ фонетикасы­на жақын.

Екінші ұмытуға болмайтын мәселе – қазақ тілі туыстас түркі тілдері тобына кі­реді. Түркі халықтары – әдет-ғұрып, салт-сана, тілдері ұқсас туысқан, ежелгі замандағы этнос. Түркі тілдері өзара туыстас болғандықтан, олардың бір-біріне жақындықтары, ортақ қасиеттері мол. Түркі тілдерінің туыстастығы олардың лексикалық құрамынан, фонетикалық (дыбыстық) жүйесінен, грамматикалық құрылысынан байқалады. Көптеген сөздер түркі тілдеріне ортақ болып келеді.

Туыстас түркі тілдерінің фонети­ка­лық (дыбыстық) ерекшелігі – транс­ли­терациялық топта екендігі, яғни сөз қалай айтылса, солай жазылады, қалай жазылса, солай айтылады. Көп тілдер, мәселен, ағылшын тілі транскрипциялық топқа кіреді, яғни айтылуы мен жазылуы сәйкес емес. Мәселен, ағылшын жазушысы Вальтер Скоттың «Айвенго» романының жазылуы «Ivangoe», тікелей оқысақ «Ивангое» болар еді, ал ұлы драматург жазушы, ақын Шекспир (1564-1616) «Shakespeare» болып жазылады.

Сондай-ақ түркі тілдері грамма­ти­­калық тұрғысынан агглюти­нативтік (жал­­ғамалы) тілдер тобына кіреді, яғни тү­бір­ге аффикстер жалғау арқылы туынды сөздер және грамматикалық формалар жа­сау мүмкін.

Қазақ тілінің латын графикасына өтуіне байланысты өз пікірлерімді жоға­рыда айтылған қағидаттар негізінде кел­тіруді жөн көрдім:

1. Әліпбиде 32 әріп қабылдануды дұ­рыс деп білемін, компьютер тілімен айт­сақ, 32 саны 4 байт, компьютер сый­ым­­дылығын тиімді пайдалану мүмкін.
2. Әліпбиде 9 әріптің, яғни ә ,ғ, й, ң, ө, ш, ч, у, ү әріптерінің апостроф (дәйекше) арқылы белгіленуін дұрыс деп айту қиын. Мәселен, «әңгі» сөзі a’n’gi, «өңеш» сөзі o’n’es’, «шәлі» сөзі s’a’li’ болып жазылады, яғни төрт әріптің үшеуі апострофты, бұл аудармаға – қиын, көрінісі – көрімсіз.

Дүниедегі түркі тілді алты мемлекеттен төртеуі – Түркия (1928 жылы), Әзербайжан (1992), Өзбекстан (1994), Түрікменстан (1995) латын әліпбиіне өткен, олардан өзбек әліпбиінде ң, ұ әріптерінде және созылмалы айтылатын дауысты дыбыстарда (маърифат) апос­троф қолданылған. Өркениетті ба­тыс мемлекеттерінен тек француз әліпбиінде адам аттарының алдындағы «де» белгісінен соң адам аты дауысты дыбыстан басталса, «де» орнына «д’» қойылады, мәселен, д’Артанян, д’Аламбер, ал дауыссыз болса, апостроф қойылмайды, мәселен, Оноре де Бальзак, Ги де Мопассан.
3. Әліпби «бір әріп – бір дыбыс» қа­ғи­датына сүйенген, көп қолданылатын ағыл­шын, француз, неміс, түрік тілді әліп­билерде диграф , яғни «қос әріп – бір дыбыс» пайдаланынады. Сондай-ақ диакриттік (талғаулы, айырым белгiсi) қағидат, яғни әріп үстіне және астына белгі беру арқылы әріпті сәйкес дыбысты әріпке өткізу.

Н.МӘМБЕТОВ, 
Ташкент мемлекеттiк техника университетi

ӨЗБЕКСТАН