Қазақстан • 29 Қаңтар, 2018

Жоғарғы сот кеңейтілген кеңес өткізді

518 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жоғарғы сот Төрағасы Жақып Асанов сот төрелігін жүзеге асырудың 2017 жылғы қорытындысы бойынша кеңейтілген кеңес өткізді. Ал алқалы кеңес «Сот төрелігіне сенім және құқық үстемдігі – соттардың басты міндеті» тақырыбымен өрістеді.  

Жоғарғы сот кеңейтілген кеңес өткізді

Іс-шараға Президент Әкім­шілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақов, Жоғары сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин, Парламент Сенаты мен Мәжілісіндегі комитеттердің төрағалары Георгий Ким мен Нұрлан Әбдіров, Қазақстан Республикасындағы Адам құ­қық­тары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкі­ров, Қазақстан халқы Ассам­блеясы Төрағасының орынба­сары Дархан Мыңбай,  Рес­пуб­ликалық адвокаттар алқа­сы­ның төрағасы Әнуар Түгел қа­тысты.

Кеңеске Бас проку­ра­ту­­ра­­ның, Әділет министр­лі­гі­­нің, «Ата­мекен» ҰКП, рес­пуб­ли­ка­лық нотариат­тар палатасының, адвокат­тар алқасы­ның өкілдері, отстав­кадағы су­дья­лар, сондай-ақ ха­лық­аралық са­рап­шылар шақы­рылды. Сон­дай-ақ отырысты бей­не­бай­ланыс арқылы жергілікті сот­тар, облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдері­нің орынбасарлары, өңірлердегі прокуратура, адвокатура, «Ата­мекен» ҰКП және  өзге де мемле­кеттік органдардың өкілдері бақылады.

Кеңестің алғашқы бөлі­гінде Жоғарғы соттың алқа төр­ағалары қылмыстық, аза­мат­тық, әкімшілік істер және инвес­тициялық даулар бойынша сот төрелігін жүзеге асырудың қорытындысы туралы баяндады. Бұдан әрі Ж.Асанов сөз сөйлеп, сот жүйесі қызметінің өзекті мәселелеріне тоқталып өтті. Атап айтқанда, ол таяу болашақта соттың қалай өзге­ре­тіні, Қазақстан дамыған елдер­дің «отыздығына» кіруі үшін сот билігі мен әрбір судья не істеуі ке­ректігі жөнінде, азаматтардың сот­тарға сенімін арттырудың жол­дары туралы ойларымен бөлісті.

Жоғарғы сот Төрағасы өзі­нің үндеуі бойынша судьялар корпусы, прокурорлар, адвокат­тар, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның өзге де өкілдері тарапынан көптеген ұсыныс-пікірлердің келіп түс­кенін мәлімдеді. Ол «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Цифр­лы Қазақстан» және «Рухани жаң­ғыру» бағдарламаларын іске асыру тұрғысындағы сот жүйе­сін одан әрі жаңғырту бойынша ұсыныстар келіп түскенін атап өтті.

Ал алқалы жиынның екін­ші бөлігінде Сот жюриінің төр­ағасы Моряк Шегенов, Сот төрелігі академиясының ректоры Төлеш Қаудыров және бірқатар облыстық соттардың төрағалары өз қызметтері туралы баяндады. Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы Анатолий Смолин де сөз сөйледі.

Ж.Асанов іс-шараны аяқтай келе, барлық судьялар мен қоғам өкілдерін соттар қызметін жақсарту бағытындағы жұмысқа белсене қатысуға шақырды.

Айта кетейік, жиын соңында 2017 жылғы республикалық бай­қау-конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Аудандық және оған теңестірілген соттар арасында Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты – бірінші, Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс аудандық соты – екінші, Атырау облысының Махамбет аудандық соты үшінші орынды иеленді. Облыстық және оған теңестірілген соттардың ара­­сында Павлодар (1-орын), Ақ­­тө­бе (2-орын) және Шығыс Қа­зақ­стан облыстық (3-орын) сот­тары үздіктер қатарынан кө­рінді.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»