Әдебиет • 31 Қаңтар, 2018

«Егемен Қазақстан» газетінде Елбасы еңбегіне арналған дөңгелек үстел өтті

533 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік алғаннан бері өткен ширек ғасырдан асқан уақытта еліміз әлемдік саясаттың сан қилы қитұрқылығынан ақылмен өтіп, жаһанға бейбітсүйгіш ұранды үлгі етіп келеді. Осы уақыттың парасатты баяны келешек ұрпаққа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы арқылы сапарға шықты. Бұл еңбекте болашаққа бет алған қазақтың салқар көші, тұтас бір дәуірінің тарихы бар. Сондықтан да бұл кітап қоғамда ғылыми-сарапшылық институттар мен жалпы жұртшылық тарапынан зор қызығушылық тудырып, кең ауқымды талқылауларға өзек болды. Мәселен, тек «Егемен Қазақстан» газетінде мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, Парламент депутаттарының, зиялы қауым мен сарапшылық орта өкілдерінің осы еңбектің мән-маңызын ашып көрсететін елуге жуық мақаласы жарияланды. Қарапайым оқырмандардан да көптеген хаттар келіп түсті. Авторлардың барлығы дерлік кітаптың іргелі энциклопедиялық еңбек екеніне, онда еліміздің жаңа дәуірде жүріп жатқан жолы нақты тарихи дәйектермен шынайы баяндалғанына айрықша назар аударды. Бұл бағыттағы пікірлер мен мақалалар легі әлі де толассыз жалғасып жатыр. Осыған байланысты «Егемен Қазақстан» газеті кеше мемлекет және қоғам қайраткерлері бастаған ғылыми-сарапшы және зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, Елбасы еңбегіне арналған дөңгелек үстел мәжілісінде айтылған ой-толғамдарды оқырман назарына ұсынды.

«Егемен Қазақстан» газетінде Елбасы еңбегіне арналған дөңгелек үстел өтті

– Тәуелсіздігіміздің энциклопедиясы іспетті, жасампаз жылдардың жиынтық жылнамасындай болған Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегін талқылауға жиналып отырмыз. Тұтас дәуірге пара-пар, ғасырға бергісіз осы тәуелсіздік жыл­дары Қазақстан дамудың даң­ғыл жолына түсті.  Айтуға жеңіл жетістіктер мен жеңістердің уақыт шебіндегі жүрген жолы оңай болған жоқ. Соның көркем баяны алдарыңызда, – деген кіріспе сөзімен жиынды аш­қан «Егемен Қазақстан» газеті­нің басшысы Дархан Қыдырәлі бастапқы сөзді  азаттық­тың алғашқы жылдарының куәсі болған Мырзатай Жолдасбековке берді. 

 – Бұл кітап туралы аз мақа­ла жазылған жоқ, аз пікір айтыл­ған жоқ. Әлі айтыла да, жазы­ла да береді деп ойлаймын. Соңғы екі жылда жазған Елбасының кітаптары тәуелсіз Қазақстанның тарихы жазылған үздік, маңызы зор еңбектер. Соның біреуі – 2016 жылдың соңын­да жарыққа шыққан «Ұлы Дала ұлағаттары» кітабы. Ал мы­на кітап тәуелсіз Қазақстанның дап-дайын оқулығы. Мен бірнеше жерде өтініп айттым. Енді бұны мек­тептерге оқулық ретінде енгізуі­міз керек. Тәуелсіз дәуір­дің тарихын білем деген адамға бұдан артық оқулық керегі жоқ. Бұл көз алдымызда қалыптас­қан тарих. Бұл кітапты жазғаны үшін Президентімізге шын жү­рек­тен ризашылығымды біл­діре­мін, – деп түйіндеді сөзін М.Жолдасбеков. 

Сол кезеңдегі ұлттық мәсе­лелер азаттықтың архитекторы – Елбасының көзімен, автор­дың сөзімен «Тәуелсіздік дәуі­рінде» баян­далған. Сол тарихи оқи­ғалар­дың басы-қасында жүрген Мәжі­ліс депутаты Қуаныш Сұл­танов келесі сөзді былай сабақтады:

– Кітап туралы көп айтуға болады. Мен бір-екі жайтқа ғана тоқталғым келеді. Мәселен, мемлекеттің шекарасын бекітудегі Елбасының еңбегі бұл кітапта бір ауыз сөзбен айтылыпты. Бірақ алты-жеті жылға созылған ұзақ процестің куәгері болған біз оның қалай жүзеге асқанын өте жақ­сы білеміз. Ал енді қандай кезде шекара мойындалады? Қазіргі талап және бұрын да солай болатын – көршілес отырған екі ел сол шекараны екіжақты мойындап, келісімге бірдей қол қою керек. Әрбір шақырым, метр қағазға түсіп, тіркеледі. Қазір БҰҰ құрылғалы бері, барлық мем­­лекетаралық шекаралар осы ұйымда мақұлданып, бекітіле­ді. Шекараның заңдастырылуы деген осы. Ол өте ауыр, мехнатты жұмыс. Осы бағытта қаншама қыруар шаруа атқарылды. 

Екінші айтқым келгені – астананы ауыстыру. Бұл Елбасының сындарлы саяси жолындағы жарқын, маңызды қадам болатын. Елбасы Астана туралы бөлек кітап та жазған. Сонда да көп мәселе айтылды. Қазір елордамыз сұлу шаһарға айналып, көздің жауын алады. Ал оны көшіру мен көркейтудің ар жағындағы саяси, экономикалық ауыртпалықтар өз алдына бөлек дастан. Сол сияқты фрагменттер бұл кітапта көп. Әрқайсысы – бөлек тарих. Тарихымыз мәңгі, болашағымыз баянды болсын, – деді депутат. 

Ширек ғасырлық тарихы­мызды қамтыған еңбектің сал­мағы тәуелсіздікке дейінгі сан мың­жылд­ық тарихымызбен пара­-пар екенін айтқан ақын, Мем­ле­кет­­тік сыйлықтың лауреаты Несіп­бек Айтұлы тек тәуелсіз­дік­тің арқасында ғана елдігіміз емін-еркін жырланып жатқанын жеткізді.

– Тәуелсіздіктің ширек ғасыры осы кітапта маржандай тізіліп тұр. Біздің тәуелсіздікке дейінгі тари­хымыз да бір, 25 жылғы тари­хы­мыз да бір. Өйткені бұл кі­тап­тың мәнінің, мазмұнының сал­­мағы сондай. Сондықтан оны басымызға жастанып жатып оқып, бойымызға сіңіруіміз керек. Әсіресе жастарға осы оқу­лық арқылы тәуелсіздіктің қаді­рін, қысқа уақытта қаншама тер тө­гіл­генін ұғындыруымыз тиіс. Тәуел­сіздіктен бұрын қазақ ақын­дары көсіліп елдің, ұлттың тағдырын айта алмады. «Қазақ» деген сөзді әрең ауызға алатынбыз. Қасымнан бергі дүниеде тәуел­сіздік туралы ойлар ақырын­дап қазақтың әдебиетінде бүлкіл­деп қана жатты. Ұлттың тағдырын бүгінгідей жарқылдап жыр­лай алған жоқпыз», деген ақын ел­дікті әлі де жеткізе жырлау керек еке­нін айтты. 

Жиында сөз алған тарих ғылым­­дарының докторы, профессор Сатай Сыздықов бұл кітап – әрі тарих, әрі шежіре екендігін атап өтті. 
– Мемлекет құрылысы оңай жолмен бой көтерді дей алмас едік. Ондағы ұлтаралық келі­сім, Астананың Арқаға көшуі сияқ­ты ірі тарихи оқиғалардың бар­лығы жаңа қадамдар болатын. Жаһандану дәуірінде жаңаша қадам, мәселелерді жаңаша шешу аса салиқалы саясатты қажет етті.

«Тәуелсіздік дәуірі» кітабында автор сол ақиқат тарихты кезең-кезеңімен барынша ашық жазған. Әр қадам сайын жаңара түскен, оның ішінде тәуелсіздікке жеткенге дейінгі қандай жағдайлар орын алғаны, қандай экономикалық, әлеуметтік және саяси проблемаларды шешуге тура келгеніміз айна-қате­сіз ақ параққа түсірілген. Және бір айта кетерлік жайт, кітап­та автордың өзі кейіпкер, кейіп­кердің өзі автор болуы да кітапқа қосымша бояу беріп тұр дер едік. Және ол кейіпкер біздің егемендік алуымыз бен оны аяғынан тұрғызу жолында тер төккен, біздің мемлекетімізді дамытудың жаңа саяси үлгісін жасап, сонымен қатар оны жүзеге асырудың жоспар, жолдауларын ұсынған аса жауапты адам болуы да оқырманға ой салмағын жүктейді, – деді тарихшы.  

Елбасы еңбегінің сая­си маңызына тоқталған саяси ғылымдар докторы Нәубат Қалиев бұл еңбекті қазақстандық дамудың кілті ретінде бағалады. 
– Жалпы адамзат тарихында дәуір дегеніміз – бірнеше ғасырларды қамтитын ұзақ тарихи мерзім, ұзақ тарихи кезең. Н.Назарбаевтың жаңа еңбегінің «Тәуелсіздік дәуірі» деп аталуы қазақ халқының ширек ғасырдай уақыттағы күрделі тарихында өткен жолының дәуірлерге пара-пар екендігін көрсетсе керек. Ең алдымен бұл кітаптың құрылымы ғалымдар үшін пайдалы дер едім. Президент осы кітабында өзге де мемлекеттердің даму кезеңдерін «Жаңғыру» деген категориямен талдайды. Мәселен, өткен ғасырдың елуінші жылдарының өзінде жетпіске жуық жаңа мемлекет пайда болды. Солардың барлығы жаңғыру жолына түсуге тырысты. Бірақ оны барлығы толық игере алмады... Осыдан-ақ, біз Елбасының жаңа егемен мемлекет құрушылық қызметінің маңызын толық аңғаруымызға болады.

Кітапты саралап отырсақ, Н.Назарбаев саясаткер, мемлекет құрушы тұлға ретінде 20 сын-қатерді атап көрсеткен. «Шындығында оның біразын біз еңсердік, кейбіреуі әлі де тұр» дейді автор. Әсіресе мемлекет үшін ең маңызды шешімдер қабылдаған кездегі Елбасының өзінің ашықтығы, адалдығы мен көрегендігі кітаптың маз­мұнын тереңдете түскен. Осы жолда өзі және Қазақстан халқы өтуге тура келген тар өткел­дер мен сыртқы және ішкі сипат­тағы қиыншы­лықтар туралы әңгіме­леген сәт­терінде де біз біле бермеген шын­дық беттері айқындалған. 

Сондай-ақ Елбасы осы кітап­тың үшінші бөлімін «Қалып­тасқан мемлекет» деген кате­­гориямен тәмамдапты. Автор атап көрсеткендей, мемлекет те – жанды ағза. Шындығында қазіргі таңда қалыптасқан мемлекеттер саны өте сирек. Жалпы әлемде 200-ден астам мемлекет бар. Алайда оның көбі қалыптасып, аяғынан тік тұра алмай тұр. Президенті, Парламенті, Гимні бола тұра мемлекет бола алмайтын елдерді білеміз. Себебі олардың әуел баста іргетасы дұрыс қаланып, бағыты дұрыс жолға қойылмаған еді.

Саясаттанушылар қалыптас­қан мемлекеттер тізімін қалыптас­паған мемлекеттерден бастайды. Оның басында Ауғанстан, Сомали сияқты мемлекеттер бар. Ал біз қысқа мерзімде қалыптасып үлгерген мемлекеттер қатарына кіреміз. Ол – біздің үлкен жетістігіміз. Тағы бір айта кетерлік жайт, кітаптың адами тұрғыдан тартымдылығы, нанымдылығы оқырманды бірден баурап алады. Кіріспесінен бастап, болашақ жас­тарымыз бұл мемлекеттің қалай құрылғандығын білсін деген меңзеу бар, – дейді ғалым. Оның айтуынша, кітапты ашып оқыған адам ондағы «қазақстандық даму үлгісінің» табиғаты мен оның эволюциясы, басты ұстанымдары мен қозғаушы күштері сараланған бөлімдеріне тоқталмай кетпейтіні анық. Қазақстанды жаңғыртудың үш толқыны кеңінен ашып көрсетілген. Бірінші және екінші жаңғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарық­тық экономиканы құру және бәсекеге барынша қабілет­ті елу елдің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұрын орын­далған мерейлі мезеттер автордың шұрайлы тілімен саяси реңкте саралана түскен. 

Филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев дәуір айнасы болған кітаптың журналистерге жүк­тейтін міндеті де ауыр екенін айта келіп, тәуелсіздікті тұғырлы етуде бұқаралық ақпарат құралының маңызы ерекше екенін атап өтті. 

– Нұрсұлтан Әбішұлының бұл кітабы – шын мәнінде Елбасымыз өзі айтқан «Ұлы дәуірдің» жүгін арқалап тұр. Онда тәуелсіздік алғанына екі мүшелден енді асқан Қазақ елінің бұрын-соңды басынан өтпеген өзгерістерді бағындырған шежіресін ғасыр жүгіне балайды. Бұл туралы кітапта: «Тәуелсіздік дәуірі дегеніміз – ұлттың бұрын өтуі мүмкін еместей көрінетін шыңыраудың шетіндегі таудың қатерлі соқпағымен жүргенмен бірдей құбылыс» деп баяндалады.

Сондықтан да дәуірге татитындай кезең осылай аталып отыр. Президент кітапта: «заманауи талап-тілекке сай қоғамдық сананы қалыптастыру керек» дейді. Мемлекет басшысының осы сөзіне журналистер қауымы баса назар аударғаны жөн. Яғни журналистиканың негізгі міндеті – қоғамдық пікірді қалыптастыру. Теледидардан, радиодан берілген хабарларды көбінде жарқ-жұрқ еткен әртістер жүргізіп, әртүрлі жеңіл әңгімелерді айтып кеткен кезде көрермен, тыңдарман қауымның риза болмай жататын себебі де содан. БАҚ ең алдымен қоғамдық пікірді қалыптастыруы, содан қалған уақытта ғана дамыған, қалыптасқан елдер сияқты адамдарды демалтып, сергіту үшін жұмыс жасауы керек, – деп сөзін түйіндеді профессор. 

Ал филология ғылымдары­ның докторы, профессор Серік Неги­мов ел энциклопедиясы бол­ған үлкен еңбектің мазмұнына тереңдей бойлап, кітаптың әр тарауына тоқталды. 

– Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы – егемен Қазақ­станның эпосы, эпопеясы. Кітапта төрт бөлім бар. Төрт бөлімде 260 тақырып қамтылған. Ол – халықаралық, ғаламдық дең­гейдегі мәселелер, ұлттық, рес­п­уб­ликалық деңгейдегі мәсе­ле­лер, ауылдық және аудан­дық деңгейдегі мәселелер. Осының ішінде 1991 жыл мен 2017 жыл­дың арасындағы 33 бас нәти­же іріктеліп келген. Яғни 260 тақы­рып – 260 оқулық, 260 шығарма де­ген сөз. Сондықтан бұл эпос, эп­опея дер едім, – деді Серік Негимов. 

Жиынды қорытындыла­ған Дархан Қыдырәлі қатысушы­ларға алғысын білдіре отырып, Мәңгілік ел болуды мұрат еткен жасампаз мемлекеттің жылнамасындай болған осы еңбекті Тәуелсіздік дәуірінің айнасы деп бағалады. 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
Мирас АСАН,
Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»,

Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»