Қазақстан • 31 Қаңтар, 2018

Астана-20: Ресми заңдылық пен символикалық жарасым бар

821 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз».

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан.

 

Астана-20: Ресми заңдылық пен символикалық жарасым бар

Астана. Осы бір ауыз сөздің аясына еліміздің көркіне айналған бас қала­мыз – бүгінгі Астанамыз туралы бә­рі­­міздің мақтаныш сезіміміз сыйып жат­­қандай. Күн сайын көркейіп келе жат­­қан Астананың келбетіне қарап, ел­ор­дамыздың әлемнің көрікті әсем қа­ла­ла­рының қатарына қосылғанына қуа­­насың.

Қалай айтсақ та, Сарыарқа төріндегі жұлдызды қаламыздың көктен де, жерден де жарқырап тұрғаны рас. Зәулім үй­лер­дің, ғажайып ғимараттар мен көрікті кө­­ше жарық сәулелерінің, түрлі жар­на­малардың түрлі-түсті жазулары мере­ке­лік отшашуларға ұқсайды. Оны, әсіресе, кеш­құрым, түнгі мезгілдерде ұшақпен келіп қона бастағанда анық байқайсың. Бір сәт бала құсап, ұялы телефонға сурет­ке түсіріп алғың келеді. Әрине, ұшақ тере­зесінен суретке түсіруге рұқсат жоқ. Дегенмен, сан түске боялған, жалт-жұ­лт еткен жұлдызды сәттерге бөленген әсем Астана бейнесінің Еуропаның да, Азия­ның да небір айтулы қалаларының кел­бетінен кем түспейтіні көз алдыңнан кет­пейді. 

Мәскеу бір күнде тұрғызылған жоқ де­гендей, Астананың да Астана бол­ға­­нына биыл жиырма жыл толады екен. 1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақ­мо­лаға көшіру туралы шешімі шыққан соң, көп ұзамай ресми түрде Астана болып өзгертілген жас қаланың болашаққа жаңа қадамы басталды. Үкімет қаулысына орай мемлекеттік мекемелер мен қызметкерлер де жаңа астанаға көшірілді. 1998 жылдың ақпанында әскери қызметкер ретінде біз де Астанаға қоныс аудардық. Балаларымыз да жаңа астанамен бірге өсіп-өніп, бақыт мекендерін осы жерден тапты. Сондықтан кешегі жас Астанадан бүгінгі жарқын Астанаға дейінгі барлық кезеңдердің куәсі болдық деп айта аламыз.

Жақында Астанадағы әсем өнер ғима­рат­тарының бірі – «Қазақстан» орталық кон­церт залында еліміздің ұлттық ұланы ән-­би ансамблінің елорданың жиырма жылдығына арнаған «Ел жүрегі – Астана» атты гала-концерті өтті. Өзім әс­кери зейнеткерлікке шыққанға дейін қыз­мет еткен Ұлттық ұланның жас өнер­паз­дары елордамыздың кешегісі мен бү­гі­нін ән-жырларына арқау етті, қазіргі тех­нологияларға сай, бейнесүйемелдеулер ар­қылы сахна төрінен әсем астананың көркін, оның жетістіктерін әсерлі жеткізе білді.

Астананың жиырма жылдығы тойланатын мерекелік жылды Ұлттық ұланның бастауында ресми заңдылық, сим­воликалық жарасым бар. Тәуелсіздік алған бойда құрылған кешегі Ішкі әскер, бүгінгі Ұлттық ұлан – тәуелсіздіктің тірегі, ел тыныштығының кепілі. 1997 жыл­дан бастап астана мәртебесін алған Ақмола, қазіргі елордамыз Астана қаласы мем­лекеттік рәміздеріміз – Ту мен Ел­таң­баның эталондық белгілерін және Президент байрағын сақтайтын орталыққа айналды. 1997 жылдың 8 қарашасында Ақмоланың орталық алаңында Респуб­ли­калық ұланның қолбасшысы Сәт Тоқ­пақбаев басқарған Ұлттық ұлан Қазақс­тан Республикасының мемлекеттік рә­міз­­дерін Алматыдан жаңа елордаға жет­кізілуіне орай ұйымдастырылған сал­танатты митинг пен шеру рәсімдерін өт­кізді. Қазақстан Республикасының Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет мүшелерімен бірге шеруді қабылдады. Сол күннен бастап жаңа Астана әлемдік астаналардың шеруіне жолдама алды деп айтуымызға әбден болады.

1998 жылдың 10 маусымында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған қонақтардың қатысуымен Қазақстан елордасының халықаралық тұсаукесері өтті. Ұлттық ұланның қызметкері ретінде осындай үлкен шаралардың біріне қатысқаным естен кетпейді. Содан бері жиырма жыл өте шығыпты. Ғаламдық тұрғыда қас-қағым сәт болғанымен, адамдық ғұмырда аз уақыт емес сияқты. Жиырма жыл ішін­де Астана адам танымастай өзгерді, талай-та­лай әлемдік деңгейлердегі шараларды өт­кізді, әлем қоғамдастығының назарын өзі­не аударды.

Елбасымыздың бастамасымен Сары­ар­қа­ның сәніне, қазақ елінің елордасы­на айналған Астана бүгінде саяси, эко­но­микалық, мәдени, рухани өмірдің орта­лы­ғы болып отыр. Жоғарғы Кеңестің ел астанасын ауыстыру туралы шешім қа­был­даған күні, 6 шілде – Астана күні бо­лып еліміздің мемлекеттік мерекелік күндері қатары енді. Өткен жылы миллионыншы тұрғыны дүниеге келген Астанаға деген қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келетін талантты жастар осында білім нәрімен сусындап, болашаққа сеніммен қарайды. Осылайша Астана ұлттық брендке, ал оның дамуы – елдің дамуының моделіне айналды. 

Астана десек кеудемізді ерекше мақтаныш сезімі кернейтіні содан. Ал бұл атауды Елбасының өзі ұсынғанын көпшілік жақсы біледі. Бұл жайында Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай деп жазады: «Шынын айтар болсақ, астананың атауын өзгертуге байланысты көп ойланып-толғандым. Сөйтіп жүргенде бірде... Бірде түн ішінде, дәлірек айтқанда түнгі сағат екіде, кенеттен ойыма сап ете қалды – Астана.

Астана дегеніміз – астана! Қазақша өте әдемі естіледі. Сұлу, жинақы әрі өте әуез­ді. Орысша және ағылшынша да ту­ра осылай айтылады. Бұл атауда бір ба­тылдық пен айқындық реңкі бар – Ас­т­а­на! Астананы көшірудегі біздің үміт-ойымызды білдіретін қысқа да нұсқа атау!».

Ал енді өткен шаққа қарайлап, бү­гінгі Астанаға көз салсақ, осы же­тістіктеріміздің үлкен еңбекпен кел­генін, алыс-жақын елдердің бас қа­ла­ларынан кем болмауы үшін қа­жыр­­лы қайрат пен күш-жігердің көп жұм­салғанын білеміз. Оған ел­ор­да­мызға алғаш қадам басқан қонақ­­та­рымыз да көз жеткізген еді. 2001 жылы Астанаға келген Рим папасы Иоанн Павел ІІ ұшақтан түскен бойда: «Мен ұлтаралық бейбітшілікке жол ашқан осы жерді үлкен толғаныспен сүйіп отырмын»,  деп өз қуанышын көңіл толқытатын зор ризашылықпен білдірген еді. Ал бір жылдан соң Астанаға ат басын бұрған БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Кофи Аннан мырзаның Қазақстанның жаңа елордасына деген өзінің жүрекжарды лебізін де бұқаралық ақпарат құралдары әлемге сол сәтте таратып жатты.

Айта берсек, Астанаға деген мәр­тебелі меймандардың ақ тілектері жетіп артылады. «Қазақ елінің жаңа астанасы бой көтерді» деп жер-жаһанға жар салып, жас елорданың тұсаукесерін өткізгелі бергі жиырма жыл ішінде төрткүл дүние көз тіккен әлемдік және халықаралық талай форумдар өтті. Мәселен, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Астана саммиті, одан кейінгі қысқы Азиада, ЭКСПО-2017 жаһандық көрмесі сияқты әлем жұртшылығы көз тіккен маңызды шаралар. Сирия елінде болып жатқан соғысты тоқтатуға деген ара­ағайындық ниеттеріміз бас қала­мыз­дың мәртебесі мен мерейін одан сайын ас­қақтатты.

Мұның бәрі Елбасымыздың сали­қа­лы саясаты мен көрегендігінің, жасам­паз істерінің арқасында екені хақ. Еліміз бен Елбасымыз, елордамыз етене жақын ұғымдар. Елорданың өсуі еліміздің де өсу­ін дәлелдейді. Бір сөз­бен айтқанда, ел мен елорданың өсуі қа­шанда Елбасының на­за­рында. 

Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты биылғы Жол­дау­ында да ел астанасының негізгі даму бағыттарын атап көрсетті. Елорданы болашақтың, ақылды жастардың қаласына теңейді. «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін, – дейді Елбасымыз. – Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орта­лық­тарының қатарына қосылуы – бар­ша­мыздың ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жылдам өсіп ке­ле жатқан мегаполистің проблема­ларын тиімді шешуге жол ашады. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қа­лаға қоныс аударатын адамдардың құ­зіреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет».

Иә болашағына сенім артқан жастар қашанда ел үшін, ұлт үшін жан аямай жұ­­мыс істейді, алға ұмтылады, ақылды идея­­ларды өмірге әкеледі, өнегелі баста­ма­­лардан үлгі алады. Жас қаладан бас қа­ла­ға айналған Астанамыз осының жарқын дә­лелі. 

Ендеше, экономикамыздың ғана емес, ру­хани жаңғыруымыздың ор­та­лығы болып отырған айшықты Аста­на­мызбен – ең­селі елордамызбен қалай мақ­тансақ та жарасады.

Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
запастағы полковник

АСТАНА

Соңғы жаңалықтар