Қазақстан • 31 Қаңтар, 2018

Кондюрин есімі ұлықтауға лайық емес!

714 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Шекара бойлаған жұрттың әңгімесі де, тарихы да сол шекараға байланыс­ты болады ғой. Тарбағатай өңірінде өткен ғасырдың 20-30-шы жылдарында елдің шекарашылардан көрген қиянаты жөнінде көп айтылады. Мұндағы бір заставаның В.Кондюрин есімімен аталуына да жергілікті халықтың наразылығы қатты. Ол мәселе жиындарда да айтылып жатады, үкіметке ұсыныстар да беріліп жатады. Бір-ақ заставаның атын өзгерту қанша қаузаса да іске аспай-ақ келеді. 

 

Кондюрин есімі ұлықтауға лайық емес!

1884 жылы белгіленгеннен бастап елеулі күзет қойылмаған шекараны кеңес үкіметі бірден нығайтты деуге болады. Алғашқыда шекара заставаларын салса, іле-шала шекара жасақтарын құрды.

Соның ішінде Қазақстандағы ең алғашқысы Шығыс шекара отряды (қазіргі Зайсан шекара жасағы) 1924 жылы құрылса, мысалы, оған қарайтын қазіргі Кондюрин атындағы застава 1922 жылы қойылған. Ол алғашқыда Тымырсық өзенінің бойындағы қазіргі Томар ауылын­да бұрынғы кеденнің үйінде орналасты. 1924 жылғы сәуірде Бақты шекара комендатурасының құрамына кіріп «Хабар- Асу» заставасы атануы осы бекеттің құрылған күні болып саналады. 1925 жылы 13 мамырда застава жаңадан құрылған 2-ші Покровка шекара комендатурасының құрамына кірген. Кейіннен, 1930 жылы «Жартас» деген жердегі қазіргі орнына салынған жаңа ғимаратқа көшірілді дейді застава шежіресі. Ал көнекөз қариялар сол заставаларды салғанда бұрынғы Нұғыман болыс салдырған мектепті бұзып соның кірпішін, тіпті маңайдағы тас бейіттердің тастарын да пайдаланды деуші еді. Алғашқы заставаның бір қабатты ғимараты әлі бар, қазір ол атқора қызметін атқаруда. 

Әр заманға бір сұрқылтай, «көл толқыса көбігі бетіне шығады, ел толқыса тентегі бетіне шығады» дегендей, революция сол заманның «сұранысына» сай жазалаушы жендеттерді де қалыптастырды. Олар халыққа жаппай жасалған қиянатты іске асырушылар болатын. Ауданымыздың төрінде орналасқан бір заставаға аты берілген Василий Кондюринді Тарбағатай жұрты солардың бірі деп таниды. Біз пионер болып «батыр шекарашы В. Кондюриннің» ерлігін дәріптеп жүрген кезде де кейбір үлкендер «қанішер қандірің» жайлы күңкілдеп қана айтатын, соның өзі біздің аппақ кіршіксіз бала көңілімізге күдік қалдырып, сол қоғамның әсіре әділдігіне деген сенімімізге қаяу түсірген сияқты.

Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асты, біздің ғана емес бүкіл елдің санасындағы жаңағыдай күдік пен күмәннің толығымен сейілетін уағы да жетті. Бірақ әлі де болса жаңағы Кондюрин мәселесі сияқты кейбір көзге ұрып тұрған қиянаттар жайлы елге шындықты айтып ақты ақ, қараны қара деу­ге асығатын ешкім көрінбейді. Мысалы, Зайсан шекара жасағының 90 жылдығына байланыс­ты 2014 жылы «Зайсанский пограничный отряд. (Летопись мужества и героизма)» деген аса көркем кітап шыққан екен. Сол кітапта В. Кондюриннің «ерлігі» сол қалыбында беріліпті. Кітапты жасау­шылар, әрине, бұрынғы деректерге сүйенген, өйткені жұртшылық айтып жүрген ауызекі деректер әлі қоғамдық пікірге айналған жоқ. Кітапта 1931 жылы 8 маусымда бөлімше командирі, сержант В.Кондюрин мен қызыләскер Семен Петров қарулы қарақшылармен ұрыста ерлікпен қаза тапқаны жайлы, осы ұрыс жөнінде егжей-тегжейлі жазылып, батыр шекарашылардың застава маңына құрметпен жерленгені айтылады. 1965 жылы заставаға МҚК-нің шешімімен В.Кондюриннің есімі берілгені және бар. Сол қалыппен В. Кондюринге күні осы уақытқа дейін ерекше құрмет көрсетіліп келеді. Жаңағыдай жазбаша деректерде айтылғандай 14 «қарақшымен» атысып қаза табу кез келген жауынгер үшін ерлік екені даусыз. 

Ал көнекөздердің айтуынша, сайланып шыққан 5 қазақ азаматы Кондюринді аңдып жүріп қолға түсіріп, азаптап өлтірген. Кеңестік идеология қанша бұрмаласа да ұлттың жанына түскен жараның тыртығы жазылмай-ақ келе жатқандай. 

«Біз өткенімізді айқындап болашақ үшін шынайы патриоттар тәрбиелегіміз келсе, ең алдымен, осындай оғаштықтарды жойып, рухани шындықты айқара ашуымыз керек қой. Осы ауылдың халқы кәрі-жасы түгел Кондюрин жөніндегі ел есіндегі шындықты жақсы біледі. Бірнеше рет үкіметке жазбаша сұраныс та бердік, ол жақтан «заставаның атын өзгерту біздің құзырымызда емес, ол Қорғаныс министрлігінің құзырындағы мәселе» деген жауап та алдық. Ауыл жұртшылығымен заставаның байланысы жақсы, қолдау, көмек жасалып тұрады, әсіресе, мектептер үшін застава нағыз патриоттық тәрбиенің орны. Бір-ақ заставаның атауына келгенде балалардың алдында бетіміз күйеді, өйткені ел аузындағы шындықты балалар бізден де жақсы біледі. Олар үшін заставаға аты берілген адам кіршіксіз таза парасаттың, ерліктің үлгісі болуы керек, олар бір ғана шындықты қалайды. Ендеше болашақ үшін біз қып-қызыл қиянат жасап отырмыз», дейді Кондюрин заставасы орналасқан Ойшілік ауылдық округінің әкімі Ығиев Серік мырза.

Заставаның өз басында да Кондюринге ерекше құрмет көрсетіледі, оның есімі жеке құрамның тізіміне мәңгілік енгізілген. Казарманың төрінде В.Кондюриннің төсегі құрметті орынға, көтеріңкі текшенің үстіне қойылған. Шекарашыларға күнделікті жауынгерлік тапсырма берілетін салтанатты сап «Жауынгерлік есеп» деп аталады екен. Онда, ең алдымен, әнұран айтылып, одан кейін застава бастығы бәрінен бұрын ерекше салтанатпен: «Сержант Василий Кондюрин Мемлекеттік шекараны күзету қызметіне тағайындалсын» деп команда береді. Сапта тұрған алдыңғы қатарлы жауынгерлердің бірі: «Бөлімше командирі, сержант Василий Кондюрин Мемлекеттік шекараны күзету барысында ерлікпен қаза тапты» деп одан да ерекше салтанатпен мәлімдейтін көрінеді. Әрине бұл ерлік пен даңққа деген ерекше құрмет, жауынгерлікке, патриотизмге тәрбиелеудің ерекше үлгісі екені даусыз.

«Бұл барлық заставаларда бар шекара әскерінде ерекше қалыптасқан дәстүр. Шекара қызметінде қазаға ұшыраған жауынгерлердің ерлігін үлгі етеміз, құрметтейміз, жас шекарашыларды ерлікке баулимыз. Бір-ақ өз басым заставаның атын өзгертуді қалар едім», деп еді заставаның сол кездегі бастығы, аға лейтенант Жандос Кәженов.

Бір қызығы, застава бастығының өзі де, оның қарамағындағы жауынгерлері де Кондюрин жөніндегі ел айтатын әңгімелерден тым жақсы хабардар болып шықты. Ендеше жаңағыдай салтанаттың бәрін олар жалғандықпен атқарып жүргені сөзсіз. Әскери тәртіпке қаныққан застава бастығы олай деп тура мәлімдемегенімен пейілінің басқа екені білініп тұрды. «Тіпті шекарашы болмаса да қазақта батырлар көп қой, солардың біреуінің атын берсе де болар еді», деп қосты әскери әдептен озбаған жас офицер. Өткен тарихымызға, елдік намысымызға, болашаққа жасалып отырған осы бір өрескел қиянат сол қалыбында қалмаса екен, оған Алаш азаматтарының бір де біреуі бейжай қарамаса екен деймін. 

Төлеухан САЛҚЫНБАЕВ,
Білім беру ісінің үздік қызметкері

ШығысҚазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы,
Ақсуат ауылы