Қазақстан • 31 Қаңтар, 2018

Алматыда білікті  кинологтар бас қосқан дөңгелек үстел өтті

372 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыдағы Аймақтық кинологиялық орталықта Кеден саласы құрылымдарының басшылары сондай-ақ отандық және шетелдік  ғалымдардың  қатысуымен «Халықаралық кедендік бақылау жүйесіндегі заманауи техникалық құралдар мен қызметтік иттер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ақпараттық-ағартушылық бағыттағы басқосу Дүниежүзілік кеден ұйымының құрылған күніне орай ұйымдастырылып отыр.

Алматыда білікті  кинологтар бас қосқан дөңгелек үстел өтті

Дөңгелек үстел жұмысы ДКҰ Бас хатшысы Кунио Микурияның бейне құттықтауынан басталды. Ол барлық қатысушыларды  Дүниежүзілік кеденшілер күнімен  құттықтап,  қазіргі кезеңде кеден органдарының күнделікті қызметі барысында кинологиялық қызметтің өзектілігі ешқандай күмән тудырмайтынын атап өтті. Басқосу барысында «Кедендік бақылауды жүргізу кезінде қызметтік иттерді қолдану», «Кедендік бақылауды жүргізу кезінде заманауи техникалық құралдарды пайдалану және жаңғырту», «ҚР кеден органдары  Кинологиялық қызметінің дамуында  ДКҰ-ның рөлі мен мәні: тарихи экскурс», «Кеден қызметі саласында қолданылатын дәстүрсіз криминалистиканың салалары» сияқты тақырыптық мәселелермен қатар Мемлекет басшысының Жолдауы мен «Рухани Жаңғыру» бағдарламасын мемлекеттік қызметте іске асыру жөніндегі өзекті тақырыптар талқыланды.

Жоғарыда аталған сұрақтарды талқылаудан бөлек қатысушылар Кинологиялық орталықтың материалды-техникалық базасымен, кинологтарды қызметтік иттермен дайындаудағы басты бағыттар және олардың жұмыс нәтижелерімен танысты.

Адамның досы саналып, халқымыз жеті қазынаның біріне балаған төрт аяқты жануардың адамға тигізер пайдасы зор. Еліміздің қауіпсіздік құрылымдары, нақтырақ айтсақ шекаралық кеден қызметі, түрмедегі күзет, айдауылдау, қоғамдық орындардағы тыныштықтың сақталуы тағы да бірқатар қызметтерде қосымша күш ретінде арнайы үйретілген ақылды иттердің көмегіне жүгінеміз. Кинологиялық орталықтағы иттер нақты сала бойынша дайындалады. Жарылғыш заттарды анықтау, есірткі заттарын әшкерелеу, ақша құралын іздестіру, бағалы аң мүйіздерін анықтау жұмыстары бойынша кішкентай күшік кезінен бастап білікті мамандар қолында үйретіледі. Яғни, жоғарыда айтылған нақты құралдардың исін сезуге машықтандырылады.

«Қызметтік иттер айналымы есірткі құралдары, жарылғыш заттар, қару, оқ-дәрі, ақша банкноттары сияқты заңсыз тауарлармен күрес кезінде кедендік бақылауды жүргізудің сенімді құралы. Аталған шара конструктивті ынтымақтастықтың тағы бір белесі  ретінде қатысушыларға ақпарат алмасуға және тәлімгерлерден тәжірибе алуға, кәсіптік шеберлікті шыңдауға мүмкіндік береді» дейді Аймақтық Кинологиялық орталықтың басшысы, полковник Рысбек Смаков.

Еске салсақ, еліміз 1992 жылдан бері Дүниежүзілік кеден ұйымының  мүше мемлекеті ретінде тіркелген. 2004 жылдың қыркүйек айында аталған  Кинологиялық орталыққа Дүниежүзілік Кеден Ұйымының Аймақтық кинологиялық орталығы мәртебесі берілді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ