Қазақстан • 31 Қаңтар, 2018

Мағжанның 125 жылдығы аясында 250-ге жуық  іс-шара өтеді

1570 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл алты алаштың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың  125 жылдығы  халықаралық деңгейде атап өтіледі.  Әкімдіктің отырысында бұл жаңалықпен  аймақ басшысы Құмар Ақсақалов бөлісті. 

Мағжанның 125 жылдығы аясында 250-ге жуық  іс-шара өтеді

Мерейтойға дайындық барысы туралы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспанов баяндады. Оның айтуынша  мерекелік жоспар аясында 250-ге жуық  іс-шара өткізу белгіленген. «Мағжан көктемі» республикалық өнер фестивалі ұлт қайраткерінің туған күніне орай ұйымдастырылады.  Мағжан оқулары, ақындар айтысы, оқушылар арасында ғылыми жобалар байқауы өріс алады. Ондағы басты мақсат жерлесіміздің  өнегелі өмірі мен  шығармашылық мұрасын насихаттау болып табылады.

Құмар Іргебайұлы халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен ақынның мерейтойын осы ұйымға кіретін елдерде өткізу туралы шешім қабылданғанын  жеткізді. Түркі әлемінде 2018 жыл «Мағжан Жұмабаев жылы» болып жариялануына байланысты ақпан айында Кастамону және Анкара қалаларында бастау алады. Іс шаралар еліміздің өзге аймақтарын да қамтиды.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарында, тәжірибелік конференцияларда жерлесіміздің шығармашылығы кеңінен дәріптелуі керек. Жарыққа шықпаған туындыларын тауып, жариялау қажет.  Осы бағытта атқарылатын  кез келген шара жас буынның бойында отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді қалыптастыруға қызмет етуі тиіс, деп атап көрсетті  Қ. Ақсақалов. Ақынның туған ауылы Сарытомарды абаттандыруға қажетті қаражат бөлінетінін айта келіп, М. Жұмабаев ауданының әкімі Асқар Бегмановқа бірқатар бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Алдағы уақытта  Қазақстан Республикасының теңге сарайына тапсырыс беру арқылы мерейтойлық медаль мен монета, сонымен қатар Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған екітомдық жинақ  шығару көзделіп отыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бұдан басқа шаралар да қолға алынатын болады.

Өмір Есқали,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы