Медицина • 31 Қаңтар, 2018

Қаралы үйді қарызға батыру - күнәһарлық

783 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ажал айтып келмейді. Аяқ астынан көз жұмған жанның жақындары қайғы жұтып қана қоймай, ас беруде абдырап қалып жатады. Оған аруақ риза болсын дегеннен бөлек, жұрт сөгіп кетпесін деген ойдан туған дастарханның қамы себеп болатыны сөзсіз. 

Қаралы үйді қарызға батыру - күнәһарлық

Дүбірі жеті қырдың астынан естілетін той-томалақты былай қойғанда, топырақты өлімде де шамаға қарамай тыраштанатын болдық бүгінде. Қарызданып, қауғаланып берген аста-төк нәзір дастарханы қоңыр қалта өмір сүріп жатқан кей қазақты одан бетер қинайды. Ал, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының маманы, исламтанушы, теолог  Ершат Оңғаров шамасына қарамай шашылуды шариғат тіптен құптамайтынын алға тартады.

«Жаназа және жерлеу рәсімдері әр өңірде әртүрлі орындалып жүр. Тіпті қатар екі ауыл түгілі, бір ауылдың екі көшесінде түрліше болатынын айтқан әкімдер болды. Ал ас беру – біріншіден, садақа беру болса, енді бір жағынан алыстан ат арытып келген ағайынды тамақтандыру. Бірақ бұны шариғат міндеттемеген. Алайда, кей адамдар аласапыран өмірде ешкімнен кем болмауы үшін немесе «ұятқа қалғысы» келмегеннен шамасына қарамай, қиналады. Кредит алып ас бергендер жайлы да хабардармыз. Керісінше бұлай ысырапшылдыққа жол беру исламда құпталмайды. Қазалы жағдай кімге болсын ауыр тиеді. Осындай қиын уақытта не істерін білмей дағдарып қалатын кісілерді дүмше молдалар да пайдаланып кетіп жатады. Мысалы, асқар таудай әкесінен айырылып, есі шығып отырған адамға ту бие соймасаң болмайды, жоралғыны жүргізу үшін осыншама қаражат төлеуің керек дейтін «жол көрсететіндер» шығады», дейді теолог.

Асты ысырап етуден бөлек, уақытқа деген құрметсіздік те біздің қоғамда белең алып бара жатқан сыңайлы. Өлімге жиналған жұрттың тойда тост сөйлегендей емін-еркін көсілетінін, тіпті, асаба жалдап, шығынды еселеп жатқандарды да байқап қалып жүрміз. Бұған атасының басына «алтыннан діңгек» орнатқандарды қосыңыз. Әрине, одан байдың малы кеми қоймас, бірақ жанталасып жатқан жарлыны аяйсыз.   

«Ас үстінде ұзынсонар сөз сөйлеуді қойып, жаназа үстінде митинг жасайтындар бар.  Жаназаның өзі митинг. Ол жерде еңбек жолын атап өтіп уақытты созу деген шариғат шарттарына да сай емес. Қабір басын безендірумен бәсекелесу де өзекті мәселенің бірі. Кей өңірлерде мәрмәрдан, платинумнан ескерткіш орнатып, 20 адам жерленетін жерді жалғыз кісіге иемденетіндер бар. Бұл деген астамшылыққа бару. Платинум деген алтыннан да қымбат металл. Дәулеті артқан кісі бұндайға шашылғанша, сол қаражатқа ауылына аурухана, мектеп, болмағанда көпір салып берсе аруақты да сауапқа кенелтіп, тірілерді де жарылқайтын еді ғой. Мұсылман мемлекеттерінде бұндайға жол бермейді. Мысалы, Түркияда бейіт басына тек белгі тас қояды да, тізеден келетін шарбақпен қоршайды. Оларда зираттар емес, тұтас қабірстан қоршалған», деген исламтанушы Ершат Ағыбайұлы өлім-жітім жөнелту дәстүрін бірізділікке түсірудің маңыздылығына тоқталды.

Оның айтуынша, діни жоралғыларды жүзеге асыруда Қазақстандағы мұсылманшылықтың ресми мекемесі болған ҚМДБ-ның өкілдеріне жүгінген дұрыс. «Елімізде Діни басқарманың қарамағына қарайтын 2500-ге жуық мешіт бар. Ондағы имамдардың барлығы – дін мәселесі бойынша халықтың сұранысын қамтамасыз ететін жауапты қызметкерлер. Жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты алауыздықты жою үшін ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің қызметкерлері бір жарым жыл зерттеу жүргізіп, «Жаназа және жерлеу рәсімі» деген кітапты шығарды. Біз бұл кітапта әр өңірдің ерекшелігін ескеріп, қазіргі заманмен де санастық. Оның сыртында әр аймақтың табысын есептей отырып, облыстағы мешіттер өз өңірінің ас мәзірін белгілеуде. Олар халыққа бірнеше деңгейдегі ас мәзірін ұсынып отыр. Әркім жағдайына қарай таңдайды. Әрине, ас беру сауап үшін істелетін шара болғандықтан қасаң қағида қоюға да болмайды. Бірақ, сол сауапқа кенелу үшін барлығы өз деңгейінде болғаны абзал.  Бірізділікті жалпыластыру үшін ауыл ақсақалдары да бас болғаны жөн», дейді Е.Оңғаров.

Бұған дейін «Егемен Қазақстан» газетінің шолушысы Бекен Қайратұлы «Өскен өлкеңе ту тігудің үлгісі» атты мақаласында Көкшетау қаласынан солтүстік-батысқа қарай 75 шақырым қашықтықта орналасқан Баратай ауылында ХХ ғасырдың басында осы өңірде діни ағартушылықпен айналысқан Наурызбай Таласовтан (Науан хазірет) бері қазірге дейін сақталып келе жатқан тамаша салттың бар екенін жазған болатын. Яғни бұл ауылда адамы қаза болған шаңыраққа көрші-қолаңдары ешқандай ауырлық түсірмей және жерлеу рәсімдерін аста-төк мал сойып ысырапшылдыққа ұрындырмай өткізетін көрінеді. Қаралы үйге сырттан келген көңіл айтушыларды да боратайлықтар өз үйлеріне бөліп әкетеді екен. Қазақтың «торқалы той, топырақты өлімде» бүкіл өкпе-ренішін ысырып тастап, жұдырықтай жұмыла қалатынының көрінісі осы болса керек. Бұндайда «Абай жолындағы» Бөжейдің асы бірден еске орала кететіні сөзсіз. «Азаға салғаным», «аруағына арнағаным» деген Сүйіндік, Байсалдар шеттерінен қос ат, інген, жамбы, тайтұяқ, қойтұяқ атап, підиясының өзі талай тоғызды құрамап па еді!? Батаоқырға Құнанбайдың үлкен үйі үш саба, бір ту бие, бір тай сойыс, ал Зере мен Ұлжан азаға салғаным деп түйе апарып, томсарған тоң көңілдерін жібіткен де сол қаралы жиын еді ғой. Бүгінде сол боратайлықтар шып-шырғасын шығармай отырған жақсы дәстүрді барша қазақ жаңғыртса нетті? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауы тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық  дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет» деген жоқ па еді?!

Ал Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов өткенді ұмыту болашаққа барар жолдан адастыратынын айтады.

«Кешегіні білмей жатып, болашаққа бағдар жасаудың өзі қиын. Қазақ ескіде алдымен қаралы үйді тұлдаған. Бұл аза тұтудың басты жоралғысы болып саналған. Тұлдау дегеніміз үйге қара түндік жабудан басталған. Жүкке қара жамылғы жабылып, қайтыс болған адамның киімдері ілінеді. Туған-туыстары, көрші-қолаңдары, жалпы ауыл жиналып сол қаралы үйдің шаруаларына кіріседі. Сол үшін де қазақ «қаза ортақ, той ортақ», «кісілігіңді торқалы тойда, топырақты өлімде көрсет» деген. Бұл дәстүрді бүгінгі күні жаңғырту нарықтық заманда тіпті де қажет», дейді «Дәстүр» журналының бас редакторы.   

Қай дәуірде болсын халқымыз адам қайтыс болғаннан, мәйітті арулап жамбасын жерге тигізгеннен кейін де дін мен дәстүрге сай түрлі жоралғыларды жасап келеді. Алайда осының барлығы аста-төктік пен орынсыз бәсекеге апармай, қаралы үйдің қайғысын сейілтіп, ауыртпашылығын қауым болып қаумалай көтеруге жеткізсе қай қоғам үшін де құбақұп.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»