Қазақстан • 01 Ақпан, 2018

Орнықты дамудың басты құжаты

358 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарында Қазақ­стан Республикасының Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы да сарабдал, жан-жақты ойластырылған саясатының арқасында Қазақ елі небір күрделі кезеңдерді арт­қа тас­тап, асқақ асуларды бағын­дырып, дүние жүзіне үлгі болар­лық ғала­мат даму жолынан өтті. Хал­қы­ның ырысты ынтымағы мен ұлт­тық экономикасының жедел өр­­кен­деуінің нәтижесінде халық­ара­лық қоғамдастықтың алдында зор беделге ие мемлекетке айналды. 

Орнықты дамудың басты құжаты

Дегенмен, бүгінгі жетістіктерге тоқ­мейіл­сіп отыратын уақыт емес. Үнемі алға ұмтылып, жаңғырып, жаңарып отыр­мағандарды заман көші артқа ығыс­тырып, даму жолынан тайдырып жібе­ретіні анық. Қазіргі дүниежүзілік эко­но­­ми­калық дағдарыс, ғаламдық саяси тұ­рақ­­сыз­дық пен әскери қақтығыстар етек-же­ңімізді жиып, уақыт талабына сай әре­кет етуіміз керектігін көрсетіп отыр.

Қазақстанды небір тар жол, тайғақ кешулерден, терең дағдарыстардан аман-есен алып шыққан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тағы да көреген шешім қа­бы­лдап, батыл қадамдар жасай білді. Соның дәлелі Мемлекет басшысының ұлт­­тық экономика мен әлеуметтік-мәде­ни дамудың барлық салаларына заман талабына сай цифрлы технология­ларды енгізудің жолдарын айқындап бер­ген «Төртінші өнеркәсіптік револю­ция жағ­дайындағы дамудың жаңа мүм­кін­діктері атты» Қазақстан халқына арнаған Жолдауы дер едік.

Осынау күрделі кезеңде түпкілікті технологиялық реформаларды жүзеге асыру­д­ағы басты мақсат – дүние жүзін­дегі бәсекеге барынша қабілетті отыз мемлекеттің арасынан ойып тұрып орын алып, Мәңгілік Елге айналу. Бұл тарихи жауапкершілікті бүкіл ел тұрғындарымен қатар, Оңтүстік Қазақстан облысының халқы да толықтай сезініп отыр.

Өздеріңізге белгілі, Елбасының биыл­­ғы Жолдауындағы негізгі 10 бағыт – ал­­дағы мақсаттарымызды түсіндірудің ең басты құжаты. Президент Жолдаудың бірін­ші бағытында ел экономикасын индустрияландыруды жалғастыру қажет­тігін, осы салаға жаңа цифрлы техно­ло­гияларды енгізуде көшбасшы болуы керек­тігін айтып өтті. Бұл – өте орын­ды байлам. Себебі, бүгінде бар­лық бә­се­кеге қабілетті, дамыған елдер­де өндіріс орындары цифрлы техно­ло­гия­­лардың негізінде жұмыс істейді. Соның арқасында олар тауар өндіруге жұм­салатын жұмыс күші мен энергияны үнемдеп, өнімділікті барынша арттыруда. Демек, біздің отандық тауар өндірушілеріміз де жаңа технологияларды қолданбайынша халықаралық нарықтарда бәсекеге төтеп бере алмайды. Ескі технологиялар бойынша өн­дірілген, өзіндік құны қымбат тауар­ларға қазір сұраныс жоқ.

Жалпы, Қазақстанның үдемелі ин­дус­триялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасы бойынша облысымызда жалпы құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 137 жоба жүзеге асырылуда. Онда 18 мың­нан астам жұмыс орны ашылатын бола­ды. 2017 жылы құны 36,4 млрд теңге құ­рай­тын 18 жоба іске қосылып, 1 200 жаңа жұмыс орны қалыптасты. Оның ішін­де жоғары заманауи талаптарға сәй­кес келетін «Рахат Шымкент» ЖШС-нің вафли түтікшелерін өндіретін зауыты, «Химфарм» АҚ-тың қатты форма­дағы дәрілер шығаратын цехы, «Hill Corporation» ЖШС-нің қолда­ныл­ған майларды регенерациялау мен кон­систенттік материалдарды өнді­ре­тін зауыты және «Бөрте Милка» серік­тес­тігінің сүт өнімдері зауыты секілді кәсіпорындар бар.

Жоғарыда айтылған кәсіпорындар­дың барлығы Елбасы Жолдауында айтыл­ғандай, жоғары цифрлы техно­ло­гия­лар­дың негізінде жұмыс істейді. Сондай-ақ биыл Шымкент мұнай өңдеу зауыты («ПетроҚазақстан Ойл Про­дактс» ЖШС) және Шардара су электр стансасында («ШарСЭС» АҚ) жаң­ғырту жұмыстары аяқталатын болады. Бұл көрсеткіштердің барлығы – об­лыс экономикасына инвестиция тарту бағытындағы ауқымды жұмыстың нәтижесі. Өткен жылы инвестиция көле­мі 20,2 пайызға өсіп, 482 млрд тең­гені құрады. Инвестиция көлемінің өсуі жө­ні­нен облысымыз республикада ал­ғаш­­қы орынға көтерілді.

Елбасы Жолдауында екінші міндет ретінде ресурстарды тиімді пайдалану, ол үшін жаңа технологияларды энергетика саласына да енгізу мәселесі айтылған. Бұл бүгінде барынша өзекті міндеттердің бірі. Себебі сарапшылардың болжамдары бойынша 2050 жылы энергетикалық дағдарысқа байланысты әлемдік экономика құлдырауы мүмкін. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінен кейін бұл бағытта да жұмыстар өңірімізде белсенді түрде қолға алынды.

Өткен жылдың өзінде Сайрам, Қазы­ғұрт аудандарында гидроэлектр стан­салары іске қосылды. Ал Шымкент қала­­сында кәріз су қалдықтарынан биогаз алатын Орталық Азияда баламасы жоқ кешен пайдалануға берілді. Мұның бәрі мемлекеттің қолдауы арқасында жүзеге асып отыр.

Президенттің биылғы Жолдауында жаңа, цифрлы технологияларды агро­өнер­кәсіп кешеніне енгізу мәселесі айтыл­ды. Қазіргі кезде Қазақстанның агро­өнер­кәсіп секторы тұрақты даму үстін­де. Дегенмен, бұл саланы әлі де дамыта түсуіміз қажет. Себебі қазір әлемде эколо­гиялық тұрғыдан таза азық-түлік өнім­деріне деген сұраныс өте жоғары. Қазір­гі кезде оқу бағдарламаларын жаңар­тып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені меңгеру­ді алға қойдық.

Біздің облысымыз аграрлық өңір бол­ған­дықтан, бұл бағытта да жаңа технологиялар енгізу бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылып отыр. Интен­сивті бақ, тамшылатып суару, жылыжайлар бағыттарында жаңа технологиялар енгізу арқылы өнімділіктің жоғары дең­гейіне жетіп отырмыз. Тарқатып айтар бол­сақ, 2017 жылы 212 гектар жылы­­­жай са­лынып, жалпы алаңы 1 335 гектар­ға жетті. Бұл республикадағы барлық жылы­­­жайлардың 75 пайызы осы өңірде ор­на­­­лас­қан деген сөз. Ал тамшылатып суа­ру әдісі өткен жылы өңірде 8 606 гек­тарға ендіріліп, осы әдіспен ыл­ғал­дан­ды­рылатын егістік көлемі 59 673 гек­тар­ды құрады. Бұл көрсеткіш бойын­ша об­лыс­­тың республикадағы үлесі – 72 пайыз.

Осы істердің барлығын атқарудағы негізгі мақсатымыз ауыл шаруашылығы, оның ішінде азық-түлік өнімдерінің экспортын арттыру. Жалпы, былтыр ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 522,4 млрд теңгені құрап, 2016 жылмен салыс­тырғанда 2 пайызға өсті. Облыс рес­пуб­ликадағы ауылшаруашылық өнімі­нің үлесі 12,8 пайызға жетті. Бұл көр­сеткіш бойынша республикада 2-орынға көтерілдік.

Былтыр Оңтүстік Қазақстан облы­сы аусылдан азат аймақ мәртебесін ие­л­енді. Бұл өңірдегі ет экспортының артуына жол ашты. 2017 жылдың басынан бері облыстан алыс-жақын шет­ел­дерге 218 тонна ірі қара мал еті, 110 тон­на қой еті экспортталды. Бұдан бөлек, «Ордабасы құс» ЖШС 2017 жыл­­дың 11 айында Ресей мен Қыр­ғыз­с­танға 2 485 тонна күрке тауық етін жө­нелт­кен. Сонымен қатар Иран Ислам Республикасына жүгері мен қой етін тасымалдау мәселесі бойынша қар­қынды жұмыстар жүргізілуде. Қазір­гі таңда, Сауд Арабиясы, БАӘ мен Ирак мемлекеттеріне қой етін экспорттау бой­ынша алдын ала келісімдер бар. Жалпы 2021 жылға ауылшаруашылық тауар­лары экспортын кем дегенде 3 есеге арттыруымыз қажет.

Ағымдағы жылы облыста 3000-нан кем емес үй шаруашылықтарынан бірік­тірілген 102 кооператив құрамыз.

Президентіміз суармалы жерлердің тиімділігін көтеру жөнінде арнайы тапсырма берді. Облыс бойынша 457 мың гектар суармалы жерлерді ағын су­мен жалпы ұзындығы 14 мың км құрай­тын 2325 канал қамтамасыз етеді. Оның 9 мың км коммуналдық меншік­тегі 1105 каналдың 4,6 мың км жөндеуді қажет етеді. Үш жыл ішінде су шаруашылығы құрылыс­тары­ның 50 пайызы қалпына келтіріледі.

Жолдаудағы төртінші бағыт көлік-логистика саласына жаңа техноло­гия­ларды енгізуді көздейді. Бұл бағыт бой­ынша Президент интеллектуалды көлік жүйесін енгізу туралы айтты. Бұл дегеніміз – инфрақұрылымның жарқын келешегі. Заман үдерісіне ілесе отырып, сапалы өнім алуға және артық шығыннан құтылуға болады.

Осы орайда, өткен жылдың соңында Шымкент қаласында «Continental Logistics Shymkent» атты мультимодалды көліктік-логистикалық орталық іске қосылғанын айта кеткен жөн. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолына және халықаралық теміржол желісіне өте жақын орналасқан бұл орталық шығыс – батыс, оңтүстік – солтүстік тауар ағымына қызмет көрсетеді. Құрғақ және климаттық жүк қоймалары, контейнерлік терминал, кедендік ресімдеу аймағы мен ілеспелі құрылымдары бар орталық жылына 1 миллион тонна жүк өкізуге қабілетті.

Оңтүстік Қазақстан облысында 2017 жылы 1 543,3 шақырым жол жөндеуден өтіп, нәтижесінде 2016 жылға қарағанда жөнделген жол ұзындығы 58,5 пайызға артты. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары желісін қалпына келтіру мақсатында бюджеттен 2017 жылы 9,8 млрд теңге қаралса, ал 2018 жылы бұл мақсатқа 19,7 млрд теңге ба­ғыт­талып, жыл бойында бөлінген қар­жы көлемі өсетін болады. Бұл Жол­дауда қойылған республика бойынша 150 млрд теңге қарау қажеттігі бойынша талаптың 13,1 пайызын құрайды. Яғни облысымызда автомобиль жолдары саласына бөлінетін қаржыны ұлғайтуға қатысты қойылған талап толығымен орындалған деуге болады.

Жолдаудағы бесінші бағыт құрылыс­қа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу бойын­ша да өңірде белсенді жұмыстар жүр­гізілуде. Елімізде мемлекеттік қолдаудың арқа­сында тұрғын үй құрылысының көлемі жыл сайын артып келеді. 2017 жылдың басы­нан «Нұрлы жер» тұрғын үй құры­лысы бағдарламасы іске қосылды. Осы бағдарлама аясында облысымызда 721 мың шаршы метрді құрайтын жалпы саны 7500-ге жуық пәтер берілді. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 36 пайызға көп. Тұрғын үй көлемінің ұлғаюы осы салаға инвестициялардың өсуімен қамтамасыз етілді. Бұл бағдарламаны одан әрі жалғастыру мақсатында заманауи технологияларды пайдалану мақсаты тұр.

Жолдаудағы алтыншы бағыт отан­дық қаржы жүйесінің қызметін жетіл­діру мәселесін қарастырған. Банк капи­талының есебінен ел экономикасын қаржыландырудан басқа қор нарығы арқылы қаржыландыру механизмі де маңызды болып табылады. Елбасы, әсіресе отандық бизнесті төмен пайыз­дық кредиттермен қолдауды жүктеді. Облыстағы кәсіпкерлік саласы­ның жеңіл­детілген несиеге деген құлшынысы жоғары. Біз «Максимум» аймақтық қар­жы орталығы арқылы 8 млрд 312 млн теңгеге 2 342 жобаны қаржыландырдық. Нәтижесінде 4618 жұмыс орны ашылды. Жалпы өткен жылы өңір тұрғындары банктерден 299,4 млрд теңге алса, оның 43,9 млрд теңгесі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған.

Жетінші бағыт, адами капитал – қоғамның әлеуетін анықтаушы негізгі факторлардың бірі. Адами капиталды дамыту мәселесі әрқашан елдің саяси басшылығы қабылдаған мемлекеттің және қоғамның даму стратегиясын, сондай-ақ нақты іс-қимылдарын анық­тай­тын тұжырымдамалық құжат­тардың және нақты іс-қимылдардың фокусында болды.

Осы орайда Оңтүстік Қазақстан облысында да білім саласына ерекше назар аударылып отырғанын айта кеткен жөн. Облыста бірінші кезекте шешуді қажет ететін басымдықтардың бірі апатты, үш аусымды, ыңғайластырылған мектептердің мәселесі болып табылады. Сонымен қатар облыста туу көрсеткіші жоғары. Өткен жылы 78 810 бала өмірге келсе, 73 417 бала мектеп табалдырығын аттады. Жылдан жылға бала өсімі тұрақ­ты артып келеді. Осыған орай облыс­та жыл сайын орта есеппен 40 мектеп құ­ры­лысын жүргізу қажет.

Жалпы, 2017 жылы 29,8 млрд теңгеге 82 білім нысандарының құрылысы жүргізіліп, жыл соңында 32 нысанның құ­рылысы аяқталды. Оның ішінде 8 апат­ты және 13 үш аусымды мектеп­тер­дің мәселесі оң шешілді. Қалған 12 апат­ты және 12 үш ауысымды мектеп­ті үс­тіміздегі жылы шешуді жоспар­лап отырмыз. 2018 жылы 63 нысан­ның құ­рылысына 14,4 млрд теңге қарасты­рыл­ды. Жыл соңында 50 білім беру меке­м­есінің жаңа ғимараттарының құры­лысы аяқталады.

Облыста жаңадан 140 мектепке де­йінгі білім беру ұйымдары ашылып, онда 14 мыңға тарта орын құрылды. Бала­бақ­­шамен қамту деңгейі 87,1 пайызға жетті. Биылғы жылдың соңында бұл көрсеткіш 90 пайызға жетеді деп күтілуде.

Елбасы Жолдауда еліміздің қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсе­тін стационарлық емге емес, негізінен ауру­дың алдын алуға бағытталуы екен­дігін атап көрсетті. Сондай-ақ тиім­ділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға қашықтықтан қойылатын диагностиканы қолдану арқылы басқаруға, сол сияқты сырттай емдеу жолына көшкен жөн деген­ді де алға тартты. Мұның сыртында онкологиялық аурулармен күресу үшін кешенді жоспарлар қабылдауды, ғылыми онологиялық орталық құруды да қадап тапсырды. Елбасы халықты алаңдатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесіне де кезең-кезеңмен көшу қажеттігін ескертті.

Оңтүстік Қазақстан облысында Жол­дау жүктеген осы міндеттерді орын­дау мақсатында ауқымды істер атқа­ры­луда. 2017 жылы жалпы құны 6,8 млрд теңгені құрайтын, ауысымына 500 адамды қабылдауға мүмкіндік бере­тін 4 емхананың құрылысы басталды. Биыл бұл емханалардың құрылысын аяқ­тауды жос­парлап отырмыз. Бұдан бөлек, жаңадан 600 млн теңгеге 20 меди­циналық тірек орнатылды.

Өткен жылдың қорытындысында облыста денсаулық сақтау саласының не­гіз­гі көрсеткіштері айтарлықтай жақ­сарды. Атап айтқанда, ана өлімі – 35,1 пайызға, нәресте өлім-жітімі – 3,4 па­йызға, туберкулезден болатын өлім-жітім 8 пайызға төмендеді.

Жолдауда, біріншіден, мемлекеттің қатысуы аса жоғары салаларда тәртіп орнатып, кәсіпкерлік құрылымдарға әкімшілік қысымды қысқарту міндеті қойы­лып отыр. Екіншіден, мемлекеттік ор­гандар жұмысының тиімділігін арт­тыруға және олардың азаматтармен қарым-қатынастарын жетілдіруге ақпа­раттық технологияларды дамыту үлкен ықпал етеді.

 Елбасының қатаң ұстанымы сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталғанын Жолдаудағы тоғызыншы міндеттен көре аламыз. Сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетудің маңызды шарасы – халықпен және бизнеспен өзара іс-қимылды қоса алғандағы мемлекеттік органдарда жүргізілетін процестерді цифр­ландыру болып табылады.

Қазіргі таңда бұл салада оң үрдіс бар. 2018 жылдан бастап еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымы Электронды басқарудың дамуы индексінде 48 позицияға, яғни 81-орыннан 33-орынға көтерілді. Мем­ле­кет­тік қызметті электронды фор­матқа ауыс­тыруға қатысты жұмыстар мен бәсе­келік ортаны сыбайлас жемқор­лық­­ты жоюдың басты факторы ретінде жан­дандыруға өз үлесімізді қосуымыз керек.

Жолдауда айтылған оныншы ба­сым­д­ық «Ақылды қала» жобаларын жү­зеге асыруға қатысты. Халықаралық тәжі­рибе бойынша «Ақылды қала» жүйесі қала­дағы көшелерді жарықтандыруға бері­летін электр энергиясын 60 пайызға, ком­му­налдық желілер мен жылуды қол­дану қызметтерін 30 пайызға, электр энер­­гия­сына жұмсалатын есепшоттарды 26 па­й­ызға дейін арзандатуға мүмкіндік береді.

Үкіметтің «Smart Сity» жобасын ен­гізу жоспарында еліміздің ірі 5 қаласы бар, олар – Астана, Алматы, Шымкент, Қара­­ған­ды және Ақтөбе. «Ақылды қала­ның» негізгі ерекшеліктері – жайлылық, қауіп­сіз­дік, тиімділік және экологиялық тазалық.

Елбасының бұл Жолдауының өзегі қанша жерден технологияландыру мен цифрландыру болғанымен, онда мәдениет пен руханият мәселелері де ұмыт қалмаған.

Президент мақаласында көрсетілген міндеттерді жүзеге асыруға оңтүстік-қазақстандықтар өз үлестерін қосуда. «Туған жер» бағдарламасының аясында жалпы құны 31,5 млрд теңгені құрайтын 577 жоба қолға алынды.

Біздің қолдауымызбен түсірілген «Көне жетігеннің сыры» атты 10 серия­лы фильмнің тұсаукесері таяуда өтті. Сонымен бірге «Рухани жаңғы­ру» аясында алғаш рет тарихи-таным­дық «Күш атасы – Қажымұқан», «Отырар­ды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анима­ция­л­ық фильмдері дайындалып, көрере­мендердің ыстық ықыласына бөленді.

Елбасы айтқан Қазақстанның киелі орындарының картасына Оңтүстік Қазақстан облысынан 35 нысан­ның қосылуын да мақтанышпен айта аламыз. Сондай-ақ қазақ тілін латын графика­сына көшіру жөніндегі Елбасы бас­та­масы жүзеге асуда. Бұл Қазақстан халқын өркениетті әлемге, заманауи білім, ғылым мен технологияларға жақын­дата түсетін тарихи таңдау.

Жолдауда технологиялық дамуға басымдық берілді екен деп Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған міндеттер екінші кезекке ысырылып қалмауы тиіс. Демек, технологиялардан да қалмай, әрі адамгершілік қалыбымыз бен ұлттық негіздерімізден, ұлттық кодымыздан қол үзбей, тар­азы­ның басын тең ұстай отырып дамуға тиістіміз.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі