Қазақстан • 01 Ақпан, 2018

Заман көшінен қалмау қамы

433 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Жолдауы «Бүгінде әлем төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық» деген жолдармен басталыпты. Жаратылыста өзгермейтін нәрсе жоқ. Жолдау сол өзгерістер көшінен қалмаудың қамы, айқын жолы деп білеміз. 

 

Заман көшінен қалмау қамы

Негізгі он бағыттың жетінші бағыты тікелей білім саласына, яғни бізге қатысты. Осыған азы­рақ тоқталсақ дейміз. Кезінде Шығыстың айдарынан жел ес­кен дәуірлері де өткен. Мысалы, тарих парақтары Орта Азияда қағаз өндірісі VІІІ ғасырда жолға қо­йылғанын айтады. Ал Еуропада қағаз өндіру XI-XII ғасырларда, Англияда XІV ғасырда басталды. Қазір озық жұрт Еуропа болып отыр. Бұрын олар бізден үйренсе, енді бізге олардан үйренуге, алуға тура келіп тұр. «Дүние – кезек» деген осы. Шығыстан шырай кетіп, Батыстың асығы алшысынан түсіп отыр қазір. Ғалым Ақжол Батырұлы «Әліпби ауыстыру ісі. Қапы қалма, қазақ елі» деген мақаласында «Қағазды ойлап тапқан Қытайға қарағанда айфон ойлап тапқан Американың айдарынан жел есіп тұр. Екі жеп, биге шықты деген осы. Ендігі гөй-гөй басқа боп тұр. Ол қайтіп әлемдік өркениеттің биік аттақырынан күтірлетіп жем жейміз дегенге кеп тіреледі», дейді. Біздіңше, тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең ірі үш өзгеріс – Астананың ауысуы, білім жүйесіндегі өзгерістер және жаңа әліпби. Қазақ тарихындағы «Зар заман» кезеңі мен Абайдың арасы дәуір тұрғысынан бір-біріне жақын. «Зар заман» ақын­дары «Орыстан без» десе, Абай «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да, бәрі орыста тұр... Орыстың ғылымы, өнері – дүниенің кілті», дейді. Абайдың «үйрен» дегені дұрыс болып шыққанын уақыт көрсетті. Абай қоғамдағы өзгерістердің қыр-сырын тереңірек түсінді.

Қазіргі заманың өз келбеті, өз сипаты бар. Мәселе соны түсіне білуде. Шиллердің «Бессмертен тот, кто верен своему времени» деген сөзі бар. Бізге заманның жүрек соғысын, тамыр бүлкілін тап басып тани білу зор міндет болып тұр. Білім жүйесі де заманға сай өзгерістерді бойына сіңіру керек. Ұстаздар қауымы осыны терең түсінуі керек деп ойлаймыз.

 Жолдаудағы алтын арқау болып тартылған желінің бірі – тіл мәселесі. «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде» деп көрсетілді. Оған қосымша «Орыс тілін білу маңызды болып қала береді» дейді. Абайдың орысша оқуы қазір ағылшынша боп өзгеріп тұр. Бұл – төрткүл дүниені арбайтын әлемдік тіл. Латын қарпі оның болат сауыты.

Әліпби мәселесіне келсек, көне түрік тайпалары соғды, ұйғыр, манихей, брахми, эстрангело, тохар жазуларын да білген. Қазақ халқы соңғы жүз жылдың көлемінде араб әліпбиін, араб әліпбиі негізінде жасалған төте жазуды, латын алфавитін һәм кириллицаны тұтынып көрді. Бұлардың әрқайсысының бедерлі ізі тарихта қалды. Ендігі кезек латын алфавитіне келді. Жетінші бөлімдегі аса маңызды тұстың бірі мына жолдар деп білеміз: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақ­стандық біздің қоғамымыз­дың идеалына айналуға тиіс». Мұхтар Әуезов «Абай Еуропаға барған­да арқасын Шығысқа тіреп алып барады» деген екен. Біздің де арқамызды өз тарихымызға, өз мәдениетімізге, тілімізге тіреп алып, өркениет көшіне ілесуіміз керек болып отыр.

 

Абай ҚАЛШАБЕК,

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес

білім беру ұйымы педагогикалық шеберлік орталығының тренері