Қазақстан • 01 Ақпан, 2018

Автокөлік өндірісі ұлғайды

490 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өткен жылы елімізде ав­то­көлік өндірісі үш есеге өсіп, 5,8 млрд теңге сома­сын­дағы 1480 техника бірлігі экс­портталған. Бұл туралы қазақстандық авто­кө­лік өнеркәсібінің жұ­мысы мен осы нарықтың 2017 жылғы жылдық қоры­тын­дысына арналған жиында Қазақстан автокөлік биз­несі ассоциациясы (ҚАБА) хабарлады.

Автокөлік өндірісі ұлғайды

 

ҚАБА сарапшыларының дерегіне сүйенсек, 2017 жылы алты қазақстандық зауыт жеңіл және жүк автокөліктерін, авто­бустарды қоса алғанда жалпы құны 139,5 млрд теңгеге 19 086 бірлік техника шығарыпты.
Яғ­ни 2016 жылғы көрсеткішпен са­лыс­тырғанда өнім көлемі үш есеге артқан.

Ұлттық экономика минис­тр­лігі Статистика комите­ті­нің дерегінше, машина жасау саласындағы авто­өнер­кә­сіп үлесі ақшалай баламада екі есеге артып, еліміздегі ал­ты кәсіпорынның 2017 жылғы са­лық төлемі 7 млрд теңгені құра­ған. ҚАБА болжауынша, 2018 жылы автонарық өсімі тағы 15-20 пайызға ұлғая түспек.

ҚАБА вице-президенті Анар Мақашеваның айтуынша, мемлекет автокөлікті жылына 4 пайыздық несиемен сату жөніндегі бағдарламаны жүзеге асыру арқылы өндірушілерге қолдау көрсетіп отыр.

– Бұл бағдарлама оң нәтиже көрсеткендіктен, 2018 жылы да жалғасын таппақ. Мемлекет авто­өнеркәсіпті қолдауға 10 млрд теңге көлемінде қаржы бөліп отыр, осы жылдың басында қа­зақ­­стандықтар екінші деңгейлі банк­терден несие алу арқылы тағы да отандық көліктерді 3% жылдық мөлшерлемемен лизингке коммерциялық техникаларды сатып ала алады. Аталмыш бағдарлама коммерциялық техника сегментінде жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік берді. 3% жылдық мөлшерлемені «БРК Лизинг» АҚ ұсынып отыр. Бағдарлама шарты да көңілге қонымды: шамамен 3% бастапқы жарнасын, лизинг ресімдеуге қажетті аз ғана құжаттар жиын­ты­ғын өткізсе жетіп жатыр. Бұл орта және шағын бизнес үшін коммерциялық техника сатып алудың ең қолайлы тәсілі болмақ, – дейді Анар Мақашева.

Жыл қорытындысы бойынша  елімізде ең көп сатылатын автокөлік брендтерінің үздік бестігін өткен жылғыдай Toyota бастап тұр. Былтыр Toyota-ның 9267 данасы сатылып, нарықтағы үлесі 21 %-ды құраған. Ал 1175 бірлік сатылған Lexus-тың премиум нарықтағы үлесі 40,7 %-ға тең. Аталмыш брендтердің ұзақ жылдар бойы өз сегментінде көш бастап тұруының сырымен бөліскен «Тойота Моторс Қазақстан» компаниясының президенті Кит Симмонс был­тыр­ғымен салыстырғанда нарық­тың әлі де 5-10 мың бірлікке ұлғая түсетінін айта келіп, қазақ­стандық тұтынушылардың біз­дің брендімізге құрметпен қарай­ты­нын барынша бағалаймыз. Былтыр біз дилерлік желілерімізді кү­шей­туге, клиентке қызмет көр­сету мәдениетін жетілдіруге ба­ғыт­талған бірқатар қадам жа­садық. Ондай қадамдар біз үшін қашанда маңызды болып келген, солай болып қала береді де деп атап өтті. «Тойота Моторс Қазақстан» президенті компанияның әлеуметтік бастамаларды, оның ішінде Ұлттық олимпиада комитетімен және паралимпиадалықтарға қолдау көр­­сету мақсатында Ұлттық па­ра­лимпиадалық комитетпен се­ріктестікті дамытуды жалғас­ты­ра беретінін жеткізді.

2017 жылдың қорытындысы бойынша жақын және алыс шетелдерге 1480 қазақстандық автокөлік экспортталған екен. Осылайша 2016 жылғымен салыс­тырғанда 2017 жылы қазақ­стандық автоөнімдердің экспорты төрт есеге ұлғайған.

– Нарық үшін бұл ауыз толтырып айтарлық көрсеткіш болмаса да, Қазақстан шетелге шығаратын техникалар көлемін әжептәуір ұлғайтқанын көрсетеді,– деген Астана Моторс» ҚМК атқа­ру­шы директоры Антон Афонин өткен жылы Қытайға Lada 4x4 үлгісіндегі 1205 көлік құралын, Тәжікстан мен Ресейге JAC S3 үлгісіндегі 66 автокөлік сатылғанын айтады.

– Біздің компаниямыз үшін негізгі экспорттық нарық Ресей болып қала бермек. Ресейлік на­­рық­тың әлеуеті орасан. Был­тыр жыл соңына қарай «Сары­арқаАвтоӨнеркәсіп» зауыты» JAC автокөліктерінің толық топтамасын шығарды. Ол зауыттың Ресейге автокөлік экспорттау жоспары іске асып қалар деген ойдамыз, солай болған жағдайда қазақстандық автокөлік экспорты ондаған мың көлікпен өл­шенер еді. Дегенмен Ресей на­ры­ғына шықпас бұрын, біздің ол жақта көп тараған көлік түр­л­ерін ұсына алмайтынымызды түсініп алу керек. Сондықтан бірінші кезекте, ресейлік нарықта әлі болмаған немесе ресейлік кәсіпорындар шығармайтын үлгілерге үміт артқанымыз жөн. Ал жеңіл автокөліктерге келер болсақ, оларға JAC түріндегі, ал коммерциялық техника бойынша Hyundai Trans Auto шығаратын кейбір үлгілер жатады, – деді Антон Афонин.

Ол, сондай-ақ, қазақстандық авток­өліктерді Қырғызстан мен Тәжікстанға жеткізу арқылы бір­шама табысқа жетуге болатынын айтып өтті.

Қазақстандық автопарктің жанар­майдың балама түріне ауы­суы 2018 жылы да жалғаса бер­мек. Мұндай үрдіс электрмо­би­ль­дерге қызмет көрсету инф­ра­­құрылымын дамытуға мәж­бү­рле­мек. Оған сәйкес жобалар ҚАБА бастамасы бойынша жүзеге асырылатынын айтқан «Mercur Auto» компаниясының бас директоры Қанат Ақышев компанияның биыл Қазақстанға бренд­тік электрмобильдер жет­кі­зуді жоспарлап отырғанын мә­лі­мдеді.

– Яғни ондай автокөліктерді сату­мен айналыспас бұрын, алдымен оларға қызмет көрсететін инфрақұрылым, яғни қуаттайтын бекеттер орнатып алу қажет. Бұл бір ғана брендтің немесе марканың қолынан келетін іс емес, оны шешу үшін барлық дилерлер күш біріктіру керек. Электрмобильмен жүргісі келген клиент көлігін қуаттауды үйренуі тиіс. Жұмысшылар то­бын құру міндетін біз мой­нымызға алмақпыз, өйткені қу­аттау бекеттерін орнату қажет­тігін нарықтың өзі талап етіп отыр. Біз ұсынып жүрген әлемдік дең­гейдегі брендтердің көбісі электрмобиль шығару туралы ше­шімді қабылдап та қойды. Ал көптеген елдерде 2025 жылдан бастап іштен жанатын қоз­ғал­тқышы бар автокөліктер та­сы­малдауға тыйым салынбақ. Сондықтан біз үшін бұл бір жа­ғы­нан, келешегі бар сала болса, екінші жағынан бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып келе жатыр, – деді Қанат Ақышев.

2016 жылдың соңында Қазақстанда ескі көліктерді сатып алу бағ­дарламасы іске қосылғаны белгілі. Сол бағдарламаға сәй­кес, қазақстандық автокөлік ие­ле­рі өздерінің ескі көліктерін өт­кі­зіп, ақшалай өтемақы неме­се қазақстандық өндірістің жа­ңа автокөлігін сатып алу­ға жеңілдік беретін сертифи­кат ала алады. Ақшалай өте­ма­қы­ның сомасы тәрізді, серти­фи­кат құны да өткізілген авто­кө­лік жағдайына байланысты. Атал­мыш бағдарлама туралы «Оператор РОП» ЖШС-нің Пай­да­­лануға жарамайтын көлік құ­рал­дары жобасын жүзеге асыру бөлімінің жетекшісі Рыскүл Ес­дәулетова кеңінен әңгімелеп бер­ді. Бағдарлама жұмыс істей бастаған уақыттан бері операторлар 8 мыңға жуық ескі автокөлік жинаған және олардың бәріне жеңілдігі бар сертификаттар берілген. Бүгінгі күні ол сертифи­каттар бойынша Қазақстанда шы­ғарылған 3 мыңнан астам авт­о-
көлік сатып алынған. «Қазір­ше бұл бағдарлама бойынша жеке тұлғалар жеңіл авто­көліктер ғана сатып алуда, дегенмен 2018 жылы коммерциялық техника сатып алғысы келетін заңды тұлғалар да осы бағдарламаға қызығушылық танытып қалар деген ойдамыз», дейді Рыскүл Есдәулетова.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ