Президент • 31 Қаңтар, 2018

Жақсы жол елге жора

1029 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ежелгі Ұлы Жібек жолы екі мың жылдан астам уақыт бойы Еуразия құрлығының халықтарын бір-бірімен байланыстырған. Оның Еуразия елдерінің дамуына, әсіресе Ежелгі Қытаймен әлеуметтік-экономикалық және мәдени алмасуларын дамытуға қосқан үлесі зор.

Жақсы жол елге жора

«Ұлы Жібек жолы» деген терминді алғаш рет 1877 жылы неміс географы Фердинанд фон Рихтофен өзінің «Қытай. Өзіндік саяхаттың нәтижелері» атты еңбегінің бірінші томында пайдаланған. Бұл жолды б.з.д. 114 жылдан бастап б.з. 127 жылына дейін Қытайды Екі өзен аралығы елдерімен (Әмудария мен Сырдария арасындағы Орталық Азиядағы аудандар), сондай-ақ Қытай мен Үндістанды Батыс елдерімен жібек саудасы үшін жалғастыратын жолдардың жүйесі ретінде анықтаған. Бүгінде бұл ұғымның өрісі кеңейді, Ұлы Жібек Жолы – ежелгі Қытай, Орталық және Батыс Азия, сонымен қатар Еуропаны Жерорта теңізі арқылы Африка құрлығымен байланыстыратын жолдар жүйесін білдіреді.

Бүгінде ежелгі Жібек жолы жобасы заманауи дәуірдің талаптарына сәйкес жаңа мазмұнмен жүзеге асырылуда. Осылайша, жаңа Жібек жолы экономикалық белдеуі туралы қытай тұжырымдамасы алғашқы рет 2013 жылдың қыркүйек айында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына сапары барысында Астанадағы Назарбаев университетінің қабырғасында жарияланды. Бұл тек екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ғана емес, жалпы әлемдік ынтымақтастықтың жаңа дәуірін айқындаған тарихи сәт болды. Биыл осы тарихи сәттің бес жылдығы. Десек те, бүгінде сол аз ғана уақыттың ішінде көптеген келісімдер мен нәтижелерге қол жеткізіліп отыр.

2015 жылдың наурыз айында Си Цзиньпин Қазақстан Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовпен кездесу барысында Жібек жолы экономикалық белдеуінің құрылысын салудағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум, ірі жобаларды жүзеге асыруда ынтымақтастыққа жәрдемдесу, жобаның іске асыруын жеңілдету үшін өнеркәсіп және қаржы саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге, сонымен қатар Жібек жолы белдеуі жобасын Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатымен ұштастыруды жүзеге асыруға өзара көмек көрсетуге үміт білдірді. Шынтуайтында, «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасы мен Елбасының «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатының көптеген ортақ тұстары бар екені айқын көрініп, бұл өз кезегінде екі ел арасындағы ынтымақтастыққа жаңа мүмкіндіктер ашты. Осыған байланысты Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Қытай-Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық Қоры және Жібек Жолы Қоры сияқты экономикалық алаңдарды пайдалану арқылы Қытаймен ынтымақтастықты нығайту жолында маңызды жұмыстар атқарыла бастады. Нәтижесінде, 2016 жылы қазақстандық «Нұрлы жол» стратегиялық бағдарламасы мен ҚХР-дың «Жібек жолы экономикалық белдеуінің» ұштасуы туралы келісімге қол қойылды.

Биылғы Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру міндеті ерекше аталып өткен болатын. Бұл Қазақстанның транзиттік хаб болу жолындағы басты қағидаттың шеңберінде жасалынып жатқан іс-әрекет.

Мәселен, Қазақстан бүгінгі таңда Жібек жолы экономикалық белдеуінің Еуразиялық трансқұрлықтық дәлізінің үш бағытына тікелей қатысады: Қытай-Қазақстан-Ресей-Еуропа, Балтық теңізіне шығу үшін; Қытай-Қазақстан-Әзербайжан-Грузия-Түркия-Еуропа,ТРАСЕКА халықаралық бағдарламасы аясында Қара және Жерорта теңіздеріне шығу үшін; Қытай-Қазақстан-Түрікменстан-Иран-Пәкістан, Парсы шығанағы мен Үнді мұхитына шығу үшін. Осы бағытта қатынау үшін 6 маршрут белгіленсе, Қазақстан соның бесеуіне тікелей қатысады деп күтілуде. Бұл бағытта транзиттік көлік дәлізімен тікелей автокөлік және теміржол қатынасы болатын өндірістік инфрақұрылымды дамыту үшін әрі республикалық маңызы бар магистральдарды қосу мақсатында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автомобиль дәлізін салуға арналған ауқымды жоба үлкен маңызға ие.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізі Қытайдан Еуропаға дейінгі ең қысқа жол болып есептеледі және оның бүкіл Еуразия құрлығының транзиттік әлеуетін арттырудағы маңызы зор. Бұл дәліз арқылы 2020 жылға дейін Қытай мен Еуропалық Одақ арасындағы тауар айналымының шамамен 8%-ы өтеді деп болжануда (шамамен 50 миллиард доллар). Сонымен қатар, дәліздің маңызды артықшылығы – ол бүгінгі күні жалғыз әрекет ететін торап және де транзиттік ағынның көп бөлігі осы дәліз арқылы өтеді. Жобаның соңында жүк тасымалының жалпы көлемі 2,5 есеге артып, жылына 33 млн. тоннаға жетеді деп күтілуде. Салынған жолдар автокөліктердің өту мүмкіндігін 1,5 есеге, көлік және транзиттік қозғалыстың көлемін екі есе арттырып, жолға жұмсалатын уақыт 1,5 есе азаятын болады. Қазіргі таңда аталмыш дәліздің құрылысы елімізде толығымен аяқталды.

Бұған қоса темір жол тасымалының маңызы да артып келеді. Мәселен, ҚХР жеткізілімдерді әртараптандыру мақсатында Орталық Азия аумағы арқылы өтетін бағыттарын дамытуға ниетті екенін көрсетті. Ал аталмыш бағыттағы теміржол маршрутының басым бөлігі Қазақстан Республикасының аумағынан өтеді. Бұл Трансазия теміржолының солтүстік және орталық бағыты, Чунцин-Дуйсбург бағыты және Транскаспийлік халықаралық көлік бағыты. Бұдан басқа, 2017 жылы Қазақстан мен Иранның теміржол тарихында бірінші болып Қытайлық Ивудан Тегеранға дейінгі алғашқы контейнерлік пойыз іске қосылды (ұзындығы 9000 км-ден астам және жеткізу мерзімі 14 күн).

Қуатты сауда ағындарының өсу болжамдарына күмән тудырып отырған әлемдік сауданың төмендеуіне қарамастан, ұзақ мерзімді перспективада ЕО елдеріне жіберілетін қытай тауарларының жартысынан көбі Қазақстан аумағы арқылы тасымалданатын болады және одан түсетін өсім ел экономикасына оң серпін беретіні сөзсіз. Қазірдің өзінде аталмыш темір жол тораптары арқылы жаңа серпіліс байқалуда. Мәселен, 2017 жылы Қытай-Еуропа бағыты бойынша 3673 жүк пойызы жіберілді, бұл 2016 жылға қарағанда 116 пайызға жоғары. Ал 2017 жылдың аяғына қарай Еуропа елдерінің 36 қаласымен 38 қытай қаласын байланыстыратын маршруттар ашылды. Нәтижесінде Қытай мен Еуропа арасындағы пойыздардың уақыты 20 күннен 12-14 күнге дейін төмендеп, тасымалдау құны 40 пайызға азайды.

Осылайша, іс жүзінде бұл жаңа еуразиялық құрлықтық көпір мен «Қытай – Орталық Азия – Батыс Еуропа» экономикалық дәлізінің қалыптасып отырғандығын көрсетеді және де мұндағы басты көшбасшылар Қытай, Қазақстан және Ресей болып отыр. Тұтастай алғанда, Қазақстанның халықаралық көлік және коммуникациялық ағындарға ықпалдасуы алдағы уақытта толыққанды Еуразия трансқұрлықтық дәлізін құруға мүмкіндік беретін болады.

Сөз соңында қазақтың «Жол жолға жалғасады, ел елге жалғасады» деген мақалы еске түседі. Демек, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру үшін цифрлық технологиялар мен заманауи шешімдерді кеңінен пайдаланып, Елбасы қойған талап-міндеттерді өз деңгейінде қолданатын болсақ, онда Қазақстан шын мәнінде транзиттік хабқа айнала отырып, Еуразия құрлығының елдерін байланыстырады әрі табыс өсімін арттыру арқылы өз әлеуетін жоғарылататын болады.

Қазбек ӨМІРЗАҚҰЛЫ,
Елбасы кітапханасы Талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері

Соңғы жаңалықтар