Қазақстан • 01 Ақпан, 2018

Ана мен баланы қорғау жайы қалай?

436 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұнайлы өңірде былтыр бала туу көрсеткіші 2016 жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға төмендеді. 16 556 әйел қалыпты босанса, 923-і мерзімінен бұрын жеңілденді. Медициналық мекемелердің қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілуі жыл санап жақсарып келеді. Алайда кадр тапшылығы мәселесі әлі бар. Қазірдің өзінде Атырау облысында 89 дәрігер жетіспейді.  

Ана мен баланы қорғау жайы қалай?

Облыстық денсаулық сақтау басқар­масының басшысы Мәншүк Аймұрзиева 2017 жылы акушерлік қызметте 66 дағдарысты жағдаят болғанын айтты. Өкініштісі, жасөспірімдер арасындағы жүктілік қалыпты жағдайға айналып келеді. Былтыр мектеп жасындағы 164 қыз бала жүкті ретінде есепке тұрып, 91-і өмірге сәби әкелген. 15-і түсік жасатыпты. Көңілге көлеңке түсірер осы жайтқа алаңдаған Парламент Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының осы проблеманың алдын алуға да қатысы бар. Отан отбасынан басталады. Әр отбасында ұлттық құндылықтарымыз салтанат құрса, салт-дәстүрімізден ауыт­қымасақ, қыздарымыз мұндай келең­сіздіктерге тап болмас еді, деді. Жасөспірімдердің тым ерте жүкті болу деректерінің, әсіресе, ауылдарда белең алып отырғаны тәрбие мәселесіне әлі де жете мән беру қажеттігін көрсетеді.

Соңғы жылдары Атырау облысында ана өлімі артып отыр. Өткен жылдың өзінде екі ана өлімі тіркелді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұл қайғылы жайттарға бала көтеретін жастағы әйелдермен жұмыс­тың жеткіліксіздігі, түрлі ауру­лардың уақытында анықталмауы, жүк­тіліктің жос­парланбауы себеп бол­ғанын жасырмады. Емдеу шаралары мен консилиумдардың уақтылы ұйымдастырылмауы, диагностика хат­тамасының сақталмауы да өкінішті жағ­дайларға әкеп соққан.

Бала өлімі көрсеткіші азайды дегенмен, былтыр бір жасқа дейінгі 109 сәбидің өмірден өтуі бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсуді талап етеді. Шетінеген шараналардың 56 пайызына перинаталдық кезеңдегі себептер әсер етсе, туабітті ауруға шал­­дыққандар мен инфекциялық ауру сал­дарынан көз жұмғандар да бар. Былтыр облыста 17 бала Даун синдромымен өмірге келді, төрт сәбиден хромосомалық патология анықталған. Мәселенің бәріне дәрігерлерді кінәлі деп қарауға да болмайды. Денсаулықтарына мән бермейтін, уақытында тексерулерден өтпейтін жүкті әйелдер қатары азаймай отыр. Діни сенімдеріне байланысты медициналық тексеруден өтуден бас тартатын әйелдердің де бары белгілі. Жаңа туған сәбилерге екпе салуға қарсы ата-аналардың саны өткен жылы 16 пайызға артқан.

Жастар мен жасөспірімдердің репро­дуктивтік, жыныстық, психикалық ден­саулықтарына мән беретін әлеу­меттік-медициналық қызметтер де жет­кіліксіз.

Аймақтағы денсаулық сақтау саласында бірқатар ілкімді істердің жасалып жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, облыстық балалар ауруханасында ашылған катамнестикалық кабинетте былтыр 597 бала ем алған. Бұл өз кезегінде шала туған нәрестелер арасындағы өлімнің азаюына оң ықпал етіп отыр. 220 медицина қызметкері біліктілігін арттырды. Денсаулық сақтау мекемелері заманға сай құрал-жабдықтармен қамтылып келеді.

 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ

Соңғы жаңалықтар