Қазақстан • 01 Ақпан, 2018

Көшелерге билердің есімі берілді

527 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысына қарасты Сандықтау аудандық соты судья­ларының ұсынысымен және жергілікті әкімдіктің қолдауы­мен осы аудандағы кейбір елді мекендерде көше атаулары қазақтың тарихи тұлғаларының есімімен өзгертілді. Аталған шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.  

 

Көшелерге билердің есімі берілді

Көше атауларын өзгерту туралы шешім қоғамдық кеңес отырысында ашық дауыс беру арқылы қабылданғандығын айта кету керек. Соның нәтижесінде Сандықтау ауданына қарасты Каменка ауылының бидай даярлау атауына ие Заготзерно көшесі Қанай би болып өзгертілді. Қай жағынан қарасаң да бұл атау өзін ақтап тұр. Ал Васильевка ауылының Школьная атты көшесін Сақұлақ би деп атау туралы шешім де жергілікті тұрғындардың көңілінен шыққан сияқты. Сол сияқты Ұлан ауылындағы Гвардейская көшесі қазақтың белді үш биінің бірі Әйтеке би есімімен аталатын болды. Осы елді мекендегі тағы бір көше, яғни Степная көшесі Қанай би атауын алса, Школьная атауы Төле би болып өзгертілді.

Тағы бір елді мекендегі, яғни Мысок ауылындағы Набережная көшесі Қазыбек би болып шыға келді. Осылайша бұрын ешқандай тарихи маңызы жоқ көше атаулары қазақтың біртуар билерінің есімімен аталды. Қазақ мемлекеттігінің нығаюына және құқықтық қоғам қалыптастырудағы билердің ерең еңбектерін ұрпақ жадында мәңгі қалдыру мақсатында өзгертілген көше атаулары өскелең ұрпақ тәрбиесінде өзіндік үлес қосарына ешкімнің дауы бола қоймас. Реті келгенде бір кездері кеңестік саясат салдарынан тарихи атауын жойған елді мекендердің өз атауларын иемденетін күн де алыс емес деуге толық негіз бар.

 

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы