Парламент • 01 Ақпан, 2018

Сенат төрағасы Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Елшісімен кездесті

347 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенаты Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ-нің Қазақстандағы Елшісі Мұхаммед әл-Джаберді оның өтініші бойынша қабылдады, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенат төрағасы Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Елшісімен кездесті

Спикердің айтуынша, екі елдің көшбасшылары арасындағы сенімге негізделген қарым-қатынастар мен жоғары деңгейдегі тұрақты үнқатысу табысты ынтымақтастықтың кепілі болып табылады.

Қ.Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктерінің Федеральдық Ұлттық кеңесінің төрағасы Амал әл-Кубейсидің 2016 жылдың мамыр айындағы Қазақстанға сапары жаңа серпін берген парламентаралық байланыстардың даму сипатын атап өтті. Оның «Діндер терроризмге қарсы» атты халықаралық конференцияға белсенді қатысуы маңызды оқиға болды.

Қ.Тоқаев дипломатты 2018 жылдың қазан айында өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезінің күн тәртібі туралы хабардар етті және форумның жұмысына Әмірліктер Парламенті басшылығының қатысатындығына үміт білдірді. Парламент Жоғарғы Палатасының төрағасы Астанадағы Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіндегі ең үздік павильондардың бірін ұйымдастырғаны үшін Біріккен Араб Әмірліктеріне алғыс айтты және 2020 жылы ЭКСПО көрмесін Дубайда сәтті өткізуге тілектестігін жеткізді.

Кездесу барысында Астанадағы Халықаралық қаржы орталығы мен Дубай халықаралық қаржы орталығы арасындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы пікір алмасылды. Қ.Тоқаев «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын іске асыруға байланысты БАӘ-нің компанияларына ашылатын мүмкіндіктерге назар аударды.

Мұхаммед әл-Джабер Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі күш-жігерін жоғары бағалады және Әмірліктердің екі жақты тұрғыда және халықаралық ұйымдар аясында ынтымақтасуға дайын екендігін айтты. Атап айтқанда, ол Әмірліктер Президент Н.Назарбаевтың Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ислам ұйымын құру туралы бастамасын қолдайтынын жеткізді. Елші сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын, сондай-ақ ғарышты игеру, туризм, мәдениет, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықтың зор әлеуетін атап өтті.