Қазақстан • 02 Ақпан, 2018

Цифрлы қоғам қан­дай мүмкіндіктер ұсынады?

1344 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы тура бір жыл бұрын Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қабылдауды тапсырған болатын. 

Цифрлы қоғам қан­дай мүмкіндіктер ұсынады?

Биылғы Жолдауда жүктелген төртінші өнеркәсіптік революция аясындағы мүмкіндіктердің барлығы осы кешенді бағдарламаның жүзеге асырылуымен тікелей байланысты. Бұл жаһандық өзгерістерден өрбитін, өмірімізді өзгеше өруге жағдай жасауымен ерекшеленетін ауқымы шексіз жоба. 

Белгілі болғанындай, аталған  бағдарламаның бес бағыты – эко­но­мика саласын цифрландыру, цифрлы мемлекетке көшу, цифрлы Жібек жолын іске асыру, адами капиталды дамыту, ин­новациялық экожүйені құру қатар атқарылатын болды. Әрине кез келген істі жүзеге асыратын кәсіби маман.

Бүгінде еліміздің 89 жоғары оқу орнында ақпараттық технология мамандары оқытылады. 2013-2017 жылдар аралығында осы салада еңбек етуі тиіс 109 557 маман даяр­ланды. Сондықтан маман тап­шы­лығы туралы айтудың реті жоқ. Сондай-ақ жетекші ІТ маман­дарын дайындайтын Халық­аралық ақпараттық техноло­гиялар университеті, Назарбаев Университеті, Л.Н.Гу­ми­лев атындағы Еуразия ұлттық универ­ситеті, Қазақ-Британ техни­калық университеті іспет­ті іргелі оқу орындарымен қатар ЭКСПО кешенінде халық­аралық ІТ-стартаптар технопаркі құрылуда. Мұның бәрі отандық инновациялық озық жобалардың дамуына даңғыл жол ашу үшін орасан қолдау көрсетіліп жат­қанын көрсетеді. 

Ақпарат және коммуника­циялар министрлігінің мәлі­метінше, 2021 жылы елімізде аудан, қала орталықтарынан шал­ғайда орналасқан 1 249 елді мекен­ді жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл алыстағы ауыл тұрғындарына мемлекеттік, дәрігерлік қызмет көрсетуге оңтайлы жағдай тудырып, бизнес-жобаларды бастауға, жаңа технологияларды үйретуге үлкен мүмкіндік беретіні кәміл. Елбасы биылғы Жолдауында балалар технопарктері мен биз­нес-инкубаторларының желісін құру­дың да маңыздылығын атап өткен болатын. Шын мәнін­де, барлық өңірде ІТ техно­ло­гия­ға икемі бар балаларды тәр­бие­леудің жөні бөлек.

Жалпы, цифрлы қоғам қан­дай мүмкіндіктер ұсынады? Осы сауалға аз-кем тоқталып көре­йік. Бүгінде Airbnb, Uber, Alibaba сияқты дизруптивті плат­формалар кеңінен танымал. Бұл бірнеше жыл бұрын біз­дің түсінігімізде жоқ ұғым­дар еді. Сол сияқты бар әлем­ді жаулап алған IPhone 2007 жылы ғана нарыққа енді. 2015 жылы әлемде смартфонды пай­даланушылар саны 2 млрд адамға жетті. Сондықтан қазір көптеген жаңа компания­лар «ақпараттық тауарларды» таныс­тыруға көшті. Яғни оны сақ­тауға, тасымалдауға және көптеп шығару­ға мүлде шығын жұмсамайды. Дизруптивті технологияларды әрі қарай өркендетуге капиталдың да керегі жоқ. Мәселен, Instagram, WhatsApp сияқты компаниялар бастапқы қаржыландыруды қажет етпеді. Бұл төртінші өнер­кәсіптік революция шең­беріндегі бизнестің ауқымы мен капиталдың рөлі мүлде өзгергенін көрсетеді. Сондықтан цифрлы технология көптеген саланы алға жылжытуға соны серпін беретіні анық. Өйткені қара­пайым смартфонның мың­даған қосымшалары тіршілікті оңтай­ландыра түсті. Осыдан 30 жыл бұрын қолданған 5 мың компьютердің жүгін, яғни экви­в­алентін қазір бір планшет қана атқарады. Бұл ақпарат са­қтау құнының нөлге теңесіп қал­ғанын көрсетеді. Айталық, 20 жыл бұрын 1 Гб құны 10 мың долларға бағаланса, қазір 0,03 доллар тұрады.
Дүниежүзілік экономикалық форумның негізін салушы әрі президенті Клаус Шваб «Төртінші өнеркәсіптік революция» атты еңбе­гінде қазіргі мегатрендтерді анықтау үшін технологиялық драйверлерді үш блокқа, физикалық, цифрлы және биологиялық блокқа бөліп қарастырады. Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. 

Алғашқы блоктың өзегін 3D басу, робот-техника, жүргізушісіз автокөліктер мен жаңа материалдар құрайды. Мәселен, қарапайым дронның қоршаған ортаны тануы мен бейімделуінің мүмкіндіктерін дамыту көптеген тапсырмаларды орындауға жол ашпақ. Айталық, оны жоғары кернеулі электр желі­­лерін жөндеуге, әскери іс-қи­­мыл­дар жүріп жатқан орынға ме­­дициналық құралдар жеткізуге, ауыл шаруашылығында егістік ал­қап­тарды тыңайтуға, суаруға, мал бағуға тиімді қолдануға болады. Ал 3D басу моделі барлық салада, жел стансаларын орнату сынды ауқымды жобалардан бастап, адам ағзасына тез бейімделетін медициналық импланттар салу сияқты кішігірім жұмыстарда да қолданылады. Өйткені 3D фор­маты ішкі органдар мен жа­су­шаларға дейінгі өлшемді дәл­ме-дәл ала алады. Қазір зерт­теу­шілер оның келесі буыны 4D технологиясын жасауда. Ро­бот­тар жөнінде айтар болсақ, бұ­рын олардың бағдарламасы ав­то­номды құрылғы арқылы ен­гізілсе, қазір ауада таралатын тех­нологияның көмегімен алыс­тан басқаруға болады. Адам мен машина арасындағы өзара қарым-қатынасты күшейтуге бағытталған роботтың келесі буыны тіпті таңғалдыруы мүм­кін. Сол сияқты өндіріс пен инфра­қ­ұ­рылымды дамытуда графен си­­яқты жаңа материалдар пайда бол­ды. Оның қаттылығы құрыш­тан 200 есе жоғары, ал қалың­ды­ғы адамның шашынан да жұқа. Жы­лу мен қуат жеткізуде өте ти­імді бұл материал бағасы жағы­нан қолжетімді болған кезде бел­гілі бір тауарға тәуелді елдер­дің экономикасын түбегейлі өзге­р­туі ықтимал.

Цифрлы блокта интернет зат­тарының кеңінен таралуын ай­туға болады. Мәселен, қаз­ір алыс құрлықта сатылымға шы­­ға­рыл­ған дүниені интер­нет арқылы сатып алып, тап­сы­ры­сыңыздың қай жерде келе жат­қанын, қашан келетінін қада­ға­лап отыра аласыз. Яғни, виртуальды әлем мен шынайы өмірдің арасындағы алшақтық жойыла бастады. Көптеген ақыл­ды әрі арзан құрылғылар үйге, киімге, аксессуарларға, қала­ларға, көліктерге, энергия же­лі­леріне орнатылды, өндіріс үде­рістерінде жиі қолданыла бас­та­ды. Интернетке қосылатын зат­­тардың саны жылдан жылға өсіп барады. Бір-бірін білмейтін жеке­леген тұлғалар мен мекемелер арасында өзара сенімге негізделген келісімдер технологиясы пайда болды. «Блокчейн» деп аталатын бұл технология банк-кастодиандар, орталық тіркеулер арқылы бағдарламаланып, крип­то­графиялық тұрғыдан қорғала­тын­дықтан сенімге селкеу тү­сір­­мейді. Мәселен, «Bitcoin» цифр­лы валютамен қаржылық келісімдерді тіркейді. Келешекте түр­лі құжаттарды тіркеуге қолда­ны­луы әбден мүмкін. Қазірд­ің өзін­де оны Гондурас үкіметі жерге меншік құқын басқаруға пайда­лануда. Цифрлы платформада кедер­гі, уақыт жоғалту, шығын айтар­лықтай аз. Айталық, әлемдегі ірі Uber такси компаниясының өзі­нің меншік көлік құралы жоқ, уақытша тұрғынжай табуға қыз­мет көрсететін Airbnb бірде-бір жылжымайтын мүлікке иелік ет­пейді, әлемдегі ең қымбат бөлшек саудамен шұғылданатын Alibaba компаниясының өзінің тауар қоры болған емес. 
Биологиялық блоктағы инновациялар да таңдай қақтырарлық. Қазірдің өзінде өте қуатты IBM Watson компьютерлік жүйесі бір­­неше минуттың ішінде гене­ти­к­алық мәліметтердің талдауы мен ауру және емдеу тарихын салыс­тыру арқылы науқасқа қа­тер­лі ісікті емдеудің жеке бағ­дарламасын ұсына алады. Био­логиялық инженерияның д­а­муы көп­теген дертті емдеуге, био­өнім­дердің өнімділігін арт­ты­руға жол ашады. Алайда гендік тех­нологияның дамуы шыңына жеткенімен, оның арғы жағында әлеу­меттік, медициналық, эти­ка­лық, психологиялық проблемалар да қылаң береді.

Әрине, әлемдік қауым­дас­тықтың бір мүшесі ретінде бұл тү­бе­гейлі өзгерістерге Қазақстан да бет алды. Елбасы айтқан «ақылды ұлт» ретінде қалыптаса аламыз ба, алмаймыз ба? Әлде тұтынушы нарық ретінде қала береміз бе? Бұл сауалға жауап беретін уақыт тым алыс емес сияқты. 

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»