Қазақстан • 02 Ақпан, 2018

«Қалдырған ізің мәңгілік» атты кітап жарық көрді

1460 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазір жергілікті баспа үйлерінен түрлі кітаптар шығып жатады. Жақында қостанайлықтар қолына тиген «Қалдырған ізің мәңгілік» атты кітап елең еткізді.

«Қалдырған ізің мәңгілік» атты кітап жарық көрді

Кітап тәуел­сіздігіміздің ширек ғасырында бі­лім беру саласындағы қол жеткен жетістіктер, білім беруде үздік әдістемелерін қалыптастырған із­денімпаз ұстаздар мен мектебінің мерейін үстем еткен дарынды шәкірт­тер жөнінде сыр шертеді. «Өткен ғасырдың 40-шы жылдары өмірге келген біздер ұстаз дегенде биязы да кішіпейіл, жүзінен мейірім шуағы төгілген, үстіндегі көнетоз киіміне шаң жуытпайтын, қашан көрсең де дауыс көтеріп сөйлемейтін, бар ынта-ықыласы шәкірт санасына білім құйсам дейтін, үнемі білсем, үйренсем деп ізденіп жүретін білімді де қарапайым жан көз алдымызға елестейді», деп жазады кітапты құрастырушы қазақ журналистикасының ардагері Қажи Қорғанов. Ал бүгінгі ұстаздың уақыт өзгерістеріне байланысты еңбегі ауыр­ламаса жеңілдеген жоқ, сонымен қатар еңбекқорлық, мейірімділік, адамгершілік, ізденімпаздық секілді асыл қасиеттер ұстаз тұлғасының басты ерекшелігі болып қала береді. 

Ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Мектептің жаны – мұғалім. Мұға­лім қалай болса, мектебі һәм сон­дай болмақшы», деген болатын. Қазақ даласына білім дәнін шаш­қан кемеңгердің осы пікірі қанша уақыт өтсе де маңызын бір өзгерткен емес. «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет өте ауыр», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі – соның айғағы. «Қалдырған ізің мәңгілік» атты кітапта облыс аудандары мен қалаларындағы дәстүрі бар озық мектептер, ұстаздар әулеті, үздік әдістемелермен жұмыс істейтін мұғалімдер жайында қысқа да нұсқа жазылады. Кітап құрастырушының Қос­танай өңіріндегі мектептер түлегі қоғам қайраткері Ілияс Ома­ров, атақты мүсінші Кәкімжан Нау­рызбаев, белгілі ғалым-ұстаз Әбіл­файыз Ыдырысов, академиктер Сағындық Сатыбалдин, Кенжеғали Са­ғадиев, мемлекет және қоғам қайраткері Нығметжан Есенғарин, өнер тарланы Сейтім Жақыпов пен баспагер Хайдолла Тілемісов және тағы басқалар туралы жылы жазылған естеліктерінен жас буынның алары болуға тиіс. Ұстаздар мен мектептер шежіресін жасаған кітапта білім ұяларындағы қалыптасқан дәс­түрлер де елеуге тұрарлық. Мысалы, Әулиекөл ауданындағы Сұл­тан Баймағамбетов атындағы мек­теп-гимназия ұжымының батыр ерлікпен қаза тапқан Ресей жеріндегі мектеппен байланыс орнатуы, Сарыкөл ауданындағы Урицкий орта мектебіндегі оқушылардың «Поиск» клубының мектеп түлегі, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, ұш­қыш Леонид Беданың ерлігін зерттеуі нағыз патриотизмге тәрбиелеудің үл­гісі деп айтуға болады. Әр мектепте өмір қайнап жатады, тамаша бастамалар туындайды. Кітап бо­лашақтың адамын мүсіндеген ұс­таздар қауымының бақыты да осында екенін көрсетеді. Шежіре-кі­тап жетістікке жеткен, жоғары на­градаларға ие болған ұстаздар туралы да хабардар етеді.

Облыс өңірінде бүгінде 529 мектеп бар, соның ішінде 131 мектеп қазақ тілінде білім береді. Тәуелсіздік жылдары білім саласындағы бас­ты өзгеріс, басты жетістік те осы екені сөзсіз. Қай тілде білім берсе де, бүгінгі мектептерге жас ұрпақты ұлтжандылыққа, елін, жерін сүйетін патриоттыққа тәрбиелеу жүктелген. Сонда ғана Елбасы мақаласында айтылған рухани жаңғыру жүзеге асып, ұлттық кодты жоғалтпаймыз. Кітап білім ұяларында қызмет етіп жүрген еңбек торысы және зиялы қауым – мұғалімдер еңбегін ардақтауды, мектепке, ұстазға деген құрметті насихаттауды мақсат етеді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ