Қазақстан • 02 Ақпан, 2018

Жайықтың ақ жал толқыны

718 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қыс ішінде мұз құрсанып, ақ қар жамылып, алаңсыз жатқан Ақжайық көктем келе көл-көсір дарияға айналып, ағыл-тегіл күйге түседі. Мұз сүйегі сықырлап, көктем лебіне иіп, алқа төсін ашып тастайды. 

 

Жайықтың ақ жал толқыны

Алты ай қыс сақаға құйылған қорғасын­дай міз бақпай жатқан Ақжайықтың көкше мұзының көбесі сөгіліп, астан-кестең сең жүріп, табан астында тасқынға ұласады. О, шіркін, сол кезгі Ақжайықтың бусанып-буырқанған көркін көрсең ғой. Ақ жал толқын­дары арыстандай арпалысып, дөң­бекшіген күйі қанасына сыймай, арнасынан асып кетеді. Кең далаға иек артқан ұлы өзеннің артынша анасына қауышқан бала­дай момақан тыншып сала беретінін қайтерсің?! Сөйтіп Жайық өзені жаз ортасына дейін арнасын сақтап, Жер-ананың құшағында емін-еркін ағып жатады. Мені әлбетте, Ақжайықтың көктемдегі келбеті қызықтырады.

 Қандай талант болсын табиғатына тарт­­пай тұрмайды. Меніңше, албырт ақын жас Қасымның шабытын оятқан, Та­йырға тектілік сыйлаған, Жұбанның жіге­рін жаныған осы Ақжайықтың ақ жал толқындары шығар деп ойлаймын. Со­нау бір жылдары Ақұштап ақын 50-ге тол­ған кезде ұлы ұстаз Зейнолла Қабдолов екеу­міздің Жайықтың жағасында толқып тұрғанымызды қалай ұмытамын. Сонда өзім­нің сүйікті газетім «Егеменге» «Ақ­жайық ақын» деп қазақтың ару қызы Ақ­ұш­тап туралы мақала жазғаным есімде. Сонда да осы Ақжайық ерте көктемде ағыл-тегіл тасып, арнасында ақтарылып жатыр екен. Бейне бір ақ жалды арыстан секілді, дөңбекшиді, долданады, арнасына сыймай жағаға шапшиды. Мұны көрген кісінің ақын болмай, арқаланып кетпеуі мүмкін емес-ті.

Мен әңгімеге арқау еткелі отырған ел ағасы, Оралдан шыққан өр тұлғалы аза­мат­тардың бірі – Әділғазы Нұрғазыұлы Нұр­ғалиевті көргенде мен осындай әсерге бөленемін. Себебі қырық жылдан бері қарай жақсы білетін азаматтың қыр-сыры кім-кімге де таныс болары белгілі ғой. Сол жылдардың ішінде ағалы-інілі ғұмыр кешіп, қызығы мен шыжығы мол өмірдің біраз белестерінен асқан екенбіз. Осының бәріне себеп болған, менің дос-композитор ағам – Әсет Бейсеуовтің әсері екенін әсте ұмыта алар емеспін.

Әділғазыны маған атақты композитор Әсет Бейсеуов таныстырды. Көрген бетте Ақ­жайықтың ақ жал арыстанына тап келгендей күй кештім. Қимылы ерек, тұлғасы бөлек, тіке турасын айтып, кесек сөйлейтін, өр мінез кісі көз алдыма тұра қалды. 

Жетпісінші жылдардың бел ортасы болса керек. Орал облысындағы Жаңақала аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. Сол кездегі бәзбір шенеуніктердей шікірейіп тұрмайды. Қарапайым қалпын сақтаған қадірлі кісі болып шықты. Нар тұлғасынан кескін-келбетінен ел басқарған кісінің ақыл-парасаты айқын көрініп тұрды. Қасында аяулы жары Марфуға бар.

 Әсет үйінің қонақжай кең дастарқаны­ның басында отырмыз. Әсеттің әйелі Зәм­зураның дәм дастарқаны қашанда бұл кісі­лерге жаюлы болатын. Себебі Әсет пен Әділ­ғазының арасы бір-бірімен ертеден етене таныс, әбден араласып-құраласқан ақ ниет, адал достар болып шықты. Оған себеп те жоқ емес, Әсеттің анасы тура сол Әділғазы туып-өскен Оралдың «Пятимар» ауылынан екен. Шешесі әнші болыпты. Сол кезде Орал облыстық филармониясында жұмыс істеген. Ал Әсеттің әкесі Орал қалалық партия комитетінің екінші хатшысы болып жүргенде дәм жазып, бас қосып, өзінің туған елі Ұзынағашқа келген ғой. Әсеттің әкесі Көпбай Бейсеуов 1941 жылы «Қарғалы» шұға комбинатының алғаш­қы директоры болып жұмыс істеп жүр­ген жерінен майданға аттанған. Со­дан оралмаған. Әсет пен Әділғазыны тағ­дыр табыстырып, қарым-қатынасы үлкен достыққа ұласқан. Бала кезінен мек­тептегі әдебиет оқулығынан «Көрдің бе, Орал қырларын, жері қандай жап-жазық, Бір жағында құм Нарын, бір жағында Ақ­жайық» деп жырлаған Тайыр ақынның өлеңдерінен тақылдатып тақпақтап айтып өскен мен үшін осы өлкеге деген құштарлық пайда болды. Кейін Әсет осы өлкеге арнап талай ән жазды. Солардың бірі – атақты «Ағаларым» әні осы өлкеде дүниеге келген-ді.

 Айта берсе әңгіме көп. Мен Әсет пен Әділғазының достығын өзінше бөлек ма­қала ретінде жазғаным бар. Енді сол сөзімді қайталамай бұл күнде сексеннің сеңгіріне шығып отырған Әсеттің ардақты досы, ел ағасы, асыл азамат Әділғазы Нұрғалиев турасында көрген-білген жайларды осынау шағын мақалада біршама шолып өткенді жөн көрдім.

 Әділғазы дүниеге келген бүгінгі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы қазақ халқына қастерлі тұлғалар тудырған киелі жер. Осы күнгі Елбасының халқына аманат еткен «Рухани жаңғыруға» орай сөз етсек, бұл өлкенің әрбір төбесіне дейін тұнып тұрған қастерлі тарих екеніне көз жеткізер едік. Басқаны былай қойғанда, күй атасы мен күй анасы Құрманғазы, Динаны дүниеге әкелген қасиетті мекенге қалайша бас имейсің. Әділғазы мен Әсеттің достығы арқасында мен Орал өңірін терең танып білуге мүмкіндік алдым. 

Бір күні Әсет маған: – Әділғазы аяғын сын­дырып алып үйінен қарыс қадам шыға алмай жатыр. «Сынық жас санайды» дейді ғой. Әзір жата тұратын түрі бар. Қай­та-қайта «звондап» мазасын ала бер­гім кел­мейді. Сен онсыз да ел мен жерді ара­лап көп жүресің ғой, Оралға барып қайт­шы. Әділғазы қалай екен, өз көзіңмен көріп кел, – деді. Бұл сөзді Әсеттің әйелі Зәм­зура да құптап, екеуі бірдей қолқа салды. Қыдырып қайтудан жалыққан кезім бар ма? Тарттым да кеттім. Келсем, Әдекең үйін­де балдақпен жүр екен. Үйі бірден ка­бинетке айналып кеткен. Телефонда тыным жоқ. Жан-жаққа «звондап» тапсырма беріп жатады. Кейбіреулерін үйге шақырып алып ақыл-кеңесін айтады. Радиоқабылдағышы қасында. Елде болып жатқан жаңалықтармен да хабардар. Ара-арасында ән-күй тыңдап, тыңайып, көңілін бір демдеп алады. «Әнді сүйсең менше сүй» деп Абай айтқан кеп, осы Әділғазыға дәл келеді. Әділғазының әнді түсінуі, талдауы, бағалауы көп адамның ойына орала бермейді. Қазақ, орыс, шетел әндерін шемішкеше шағып, табиғатына үңіле біледі. Классикалық әндерді де тыңдауға құмар. Ал халық әндері мен күйлерін сүйсіне тыңдап, көсіле әңгімелегенде шешендігіне де тәнті боласың. Мен Әділғазының Әсеттей өнер иесін қалайша қастерлейтініне сол жолы көзім жетті. Соның бәрі әнді-өнерді сүйген үлкен жүректің ізгі қасиеті екен ғой.

Осы жолы Орал өңірінің әлемге танымал әйгілі тұлғаларымен, өнер иелерімен қоса, қасиетті елдің қастерлі тарихымен де жете таныстым. Солар туып-өскен, еңбек ет­кен жерлерде болып, жақсы кісілермен жүз­дестім.

Қоғам, мемлекет қайраткері Сейітқали Меңдешевтің туған ауылында, тұрған үйіне барып, ағайындарының арасында болдым. Осы өлкеде көп жылдар басшылық жасап, ел абыройын арқалаған азаматтардың өмір жолына үңіліп, тарихымен таныстым. Тек қана С.Меңдешев емес, бұл өңірден А.Дауылбаев, М.Сапарғалиев, І.Еділбаев, М.Бутин сияқты қоғам қайраткерлерімен қоса, Ғ.Шоланов, Х.Маданов, Ә.Ізтілеуов, Ә.Нарым­бетов сынды атақты ғалымдардың шық­қанына көз жеткізіп, еңбектерімен таныстым.

 Бұл өлкені Әділғазыдан бұрын басқа­рып, атақ-абыройға кенелген білікті басшылар – Кенжебек Меңдешов, Сейітқали Сапа­ровтың сындарлы істерін ел аңыз ғып айтады екен. Өткен-кеткен басшыларына қаңқу сөз айтып, топырақ шашпайтын елдің қадір-қасиетіне осы жолы тәнті болдым.
Осы жолғы сапарымда мен сол кездегі Еңбек Қызыл Ту орденді, атақты жылқышы Ыбы­райым Серғазиевтің ұлының үйін­де болып ел таныған ақын Зәкария Сейсен­ғалиевпен танысуым, менің сол елге деген таным-түсінігімді ықылас-пейілімді аша түскендей еді.

Ел мақтаған екі асыл азаматтан кейін би­лік тізгінін ұстаған Әділғазы асуы – әри­не оңай болған жоқ. Әйтсе де, ізгілік пен ұстамдылықты өміріне арқау еткен арлы азамат бұл жолдан да сүрінбей өтті. Халық құрметіне бөленді, ел абыройлысына айналды.

Алматы мал дәрігерлік-зоотехникалық институтын табысты тәмамдап, еңбек жолын Шыңғырлау, Бөрлі, Тайпақ аудандарында бастаған Әділғазының шыңдалып, өсіп-өркендеу кезеңі – туған өлкесі Жаңақала жерінде өтті. Ерен еңбегінің нәтижесінде Кеңес Одағының атақ-марапаттарынан кенде болған жоқ. Сол кезеңдегі Қазақстан коммунистік партиясының съездеріне бір­неше мәрте делегат болып қатысты. «Құрмет Белгісі» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» ме­далін иеленді. Одан да өзге бірнеше медальдармен марапатталды. Өзі көп жыл қызмет атқарған Жаңақала ауданының құр­метті азаматы атанды.

Кеңес Одағы кезінде КСРО ауыл шаруа­шылығы қызметкерлері делегациясының құра­мында АҚШ, Канада елдерінде, сон­дай-ақ туристік сапармен Үндістан, Шри-Ланка, Түркия, Египет, Сирия, Иор­дания, Венгрия, Чехословакия, Польша мем­лекеттерінде болды. 

Жұбайы Марфуға Құспанқызы Ысқақова жоғары білімді дәрігер. Қызы – Гүлмира, ұлы – Жігер ауыл шаруашылығының мамандары. Кішісі – Санжар шетелде білім алып жүр.

Әділғазы Нұрғазыұлы Нұрғалиев бі­лік­ті басшы ғана емес, білімді ғалым ре­тін­де танымал тұлға. Ол Қазақстанда шыға­рыл­ған «Көшім» тұқымды жылқының, «Еділ­бай» қойының, «Бірлік» типінің авторы. Сон­дай-ақ ол «Батыс Қазақстанның мал шар­уашылығы», «Жаңақала алыптар мен жайсаң жандардың мекені» кітабын жазған. Бұл күнде Әдекең зейнет жасында болса да, облыстық ауыл шаруашылығы кәсіподақтар комитетінің төрағасы болып қызмет атқарып келеді.

Әдекең әлі де тұғырынан түспеген тұлға. Бұл күнде сексеннің сеңгіріне шықса да, өзін сергек ұстайды. Ел сенімін ақтаған ардагер ақсақалдың әлі де туған еліне тигізер пайдасы, айтар ақыл-кеңесі аз емес.

Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ,
ақын