Кино • 02 Ақпан, 2018

Әдебиет – кинематографтың анасы

1715 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жалпы, әдебиеттің кинодағы рөлін бірнеше қырынан қарастыруға болады. Ең алдымен, әдебиеттің кино тіліне тигізген әсерін айтуы­мыз керек. Сонан соң, көркем әдебиет шығармалары бойынша әлем, қазақ киносында қаншама фильмдердің түсірілгеніне мән беруіміз тиіс.  

Әдебиет – кинематографтың анасы

Әрине, әдебиет пен киноның өзара байланысы бүгін ғана бас­талған жоқ. Кино өнері тари­хы­ның алғашқы кезеңінде әдеби шығармалар кейіпкерлері арасын­дағы диалогтарды, жанрлары мен сюжеттерін қолданды. Уақыт өте келе әдебиеттің көркемдік бейнелеу тәсілдері кино өнерінің поэ­тикасына, тіліне қажетті бейнелеу құралдары ретінде аса маңызды зертханаға айнала бастады. Әлем­нің беделді кинотеоретиктері мен режиссерлерінің өздері әдеби шығар­малардағы ритм, динамика, кеңістік пен уақыт, кадр композициясы, кадрлық құрылым т.б. ерекшеліктерінің кино саласының жеке өнер ретінде қалыптасуына тигізген әсеріне аса мән берді. Бұл мәселеге, әсіресе, кеңес киносының классиктері С.Эйзенштейн, М.Ромм өздерінің теориялық еңбектерінде, студенттер алдында оқыған дәріс­терінде басымырақ көңіл бөлді. Мысалы, Михаил Ромм: «... Ки­но өнерін меңгеруде, біз ең ал­ды­мен әдебиеттің өзінен көп дү­ние­ні үйренуіміз тиіс. Әдебиет – ки­не­матографтың анасы...» дей­­ді. Режиссер Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» ро­ма­нын­­дағы монтаждың, диа­лог­­тардың, әрқилы бейнелер мен кейіп­керлер болмысының, көп­шілік сахналарының, сюжет пен оқиғалардың баяндалу тәсілдері кинематограф үшін таптырмайтын оқулық екенін мысалға келтіреді. Немесе кинода параллельдік монтаж деген бар. Оны киноға тұңғыш рет Д. Гриффит деген америкалық режиссер енгізді. С. Эйзенштейн «Диккенс, Гриффит және біз» атты еңбегінде осы параллельдік монтаждың кинематографта пайда болуына ағылшын жазушысы Чарльз Диккенс шығармаларының әсері болды деп жазады. Әдебиеттің кино өнеріне тигізген әсері туралы мәселеде мұндай мысалдарды жиі кездестіруге болады. 

Әдебиеттің кинодағы рөлі тек экрандалған фильмдермен ға­на шектелмесі анық. Осы тұста әде­­би шығармалардың кинема­тографиялық табиғатына да мән беруіміз керек. Мысалы, қазақтың эпостық жырларынан, тіпті оның ар жағындағы «Орхон-Енисей» жазбаларынан бастап, көркем әдебиеттің мықты деген шығармаларының кинематографиялық табиғатын жазбай тануға болар еді. Мысалы, М.Әуезовтің «Көксерегін» алып көріңізші. Тұнып тұрған кине­ма­тограф. Шынын айту керек, аме­рикалықтардың түсіріп жүр­­ген фильмдері мен ондағы супер-кейіпкерлері осыдан қан­шама ғасырлар бұрын-ақ біздің эпостық жырларымызда пайда болды. Сол жырлардағы динамика, түс пен түр, кадрлардың ауы­сып отыруы, қимыл-қозғалыс, бәрі дайын фильм. Осы тұста «Қыз Жібек» фильмінің сәтті шығуының басты себептерінің бірі – жырдың кине­матографиялық табиғатынан алыс кетпеуінде екенін айтқымыз келеді. Мәселен, Люмьерлердің алғашқы сюжеттерінің барлығы дерлік интерьерде емес, негізінен далада, көшеде, бақтың ішінде, өзеннің жағасында т.б. түсірілді. Яғни кино әу бастан-ақ табиғи ортада пайда болды (ғимараттың ішіне кіріп жүргені кейінірек қой). Сол сияқты «Қыз Жібек» фильмінде де оқиғалар негізінен ен далада, табиғат аясында өтеді. Үй ішіндегі көріністер саусақпен санарлықтай. Жырдың өзінде де солай. Олай болса, басқа ерекшеліктерін айтпаған күннің өзінде, қазақ жырында кейін бірнеше ғасырдан соң Еуропа топырағында «тұсауын кескен» кино өнерінің негізгі табиғаты сақ­талған. Осы тұста эпостық жырларды экрандағанда жиі сәтсіздікке ұшырап отырудың бір себебі – олардың кинематографиялық таби­ғатын сақтай білмеуінде екеніне мән беруіміз керек. 

 Киноның негізгі діңгегі – қимыл-қозғалыс, көріністер ғой. Көрермен экрандағы дүниені нақты көріп отырады. Сол сияқты әдебиеттің мықты деген шығармаларын оқып отырғанда, ондағы оқиғалар немесе кейіпкерлерінің іс-әрекеті көз алдыңыздан кәдімгі экрандағыдай бірінен соң бірі тізбектеліп өтіп жатады. Осыған қатысты жазушы Әкім Таразидің «Әр оқырманның өзінің сана экраны бар. Прозаның да құпия сыры – экран. Өзің анық көре алсаң, оқырман да көреді. Ал шұбылтып жазсаң оқырман үшін қызық емес...» деген сөзі бар. Немесе Лев Толстойдың 1853 жылдың 26 қазан күні өзінің күнде­лігінде қалдырған «Үнемі анық және түсінікті етіп жазуды әдетке айналдыруым керек» деген сөздерін еске түсірейік. Ал Михаил Булгаков жазушы өзіне анық көрініп тұрғанын ғана суреттеуі керектігін, ал көз алдында елестетіп, ап-айқын көре алмаған дүниесін қағаз бетіне түсі­руінің қажеті жоқтығын айтады. Демек, әдебиет пен кинематография шығармаларының ұстанымы ортақ: анық көріп отыруыңыз керек. 

 Кино өнеріндегі ең бір күрделі, жауапкершілігі мол әрі кірпияз деген мәселелердің бірі – әдеби шы­ғармаларды экрандау. Бір режиссер әдеби түпнұсқаға аса өзгеріс енгізбеуге, соңынан ізбе-із жүріп отыруға тырысады. Келесі бір фильмде оқиғалардың өтетін орны мен кейіпкерлері, сюжеті өзге елге, тіпті басқа дәуірге көшірілуі мүмкін. Бұл жағдайда, жаңа кейіпкерлер енуі немесе оқиғалары өзгеруі де ғажап емес. Әлем, қазақ киносының тарихында экрандаудың барлық түрлері жиі кездеседі. Дегенмен сол фильм­дердің кейбірі сәтті шықты, кейбірі түпнұсқаның биігіне жете алмады. Әрине, «Менің атым Қожа», «Қыз Жібек», «Лир патша», «Гамлет» т.б. сияқты фильмдер күнде түсіріле бермейді ғой. Бі­рақ, күні бүгінге дейін Америка, Еуро­па, Азия киносында болсын, кине­матографистердің әдебиет ауылына жиі-жиі соғып жүргенінің куәсі болып жүрміз.     

 Әлбетте, кино өнерінің тарихында әдеби шығармалар негізге алынып түсірілген фильмдер өте көп. Қазақ киносында да солай. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, соның барлығы сәтті шыққан жоқ. Дегенмен әдебиетте де, кинода да жұлдызы жанған шығармалар бар­шылық. Соңғы жылдары қазақ кинематографистері әдеби шығар­маларға, жиі болмаса да, назар аударып жүр. Бір қуантарлығы, солардың кейбірі – жас кинематографистер. Бірақ олар көп емес, екі-үшеуден әрі аспайды. Мәселен, режиссерлер Елзат Ескендір Оралхан Бөкейдің «Өліара» хикаятын, Ербол Бораншы жас жазушы Ерболат Әбікенұлының «Пәтер іздеп жүр едік» деген әңгімесін экрандады. Жақында ғана режиссер Жаңабек Жетіруов Әбіш Кекілбаевтың повесі бойынша «Шыңырау» фильмінің түсірілім жұмыстарын аяқтады. Ал режиссер Дәрежан Өмірбаев осыдан біраз жылдар бұрын А.Чеховтың әңгімелерінің желісі не­гі­зінде «Махаббат туралы», Л.Тол­­стойдың «Анна Каренина», Ф.Дос­тоев­скийдің «Қылмыс пен жаза» романдарының желісімен «Шұ­­ға», «Студент» фильмдерін түсірді. 

 Олай болса, әдебиеттің кино өнері үшін қазыналы алтын көм­бе болып қала берері сөз­сіз. Сондықтан осы өнерге келе­тін (келген) жастар әлем, қазақ жазу­шы­ларының шығармаларымен жақсы таныс болуы өте маңызды. Әсіресе, қазақ жазушыларының шығармаларын жетік біліп келсе дейміз. Себебі сол әдебиетте, ең алдымен ұлттың тілі, рухы, жаны бар. Өзінің тілін, әдебиетін, мәдениетін білетін кинематографистің қолынан рухы дүмбілез дүние шықпайды...

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ,
кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақ 
ұлттық өнер университетінің профессоры