Қазақстан • 02 Ақпан, 2018

Алматыда «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумы басталды

270 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына жолдаған хатын оқып берді. 

Алматыда «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» халықаралық форумы басталды

«Құрметті форум қатысушылары, «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумына қош келдіңіздер. Әлемде жылдам әрі түбегейлі технологиялық өзгерістер дәуірі басталды.

Тиімді цифрландыру шаралары ұлттық экономиканың қарқынды дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттырудың негізгі факторына айналуда. Әлемнің озық елдері, олардың G-20 және Еуропалық Одақ секілді бірлестіктері өздерінің Цифрландыру бойынша стратегиялық құжаттарын қабылдады. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ та 2025 жылға дейінгі Цифрлық күн тәртібін қабылдады.

Бүгінгі Форум аталған күн тәртібін іске асырудың маңызды қадамы. Ортақ нарықтың болуы цифрландыру мәселелерінде бірлескен тәсілдер мен шараларды әзірлеуді талап етеді. Күштерді жұмылдыру ЕуразЭҚ-тың тұтастай және әр елдің жекелей дамуы үшін синергетикалық тиімділікті қамтамасыз етеді. Бұл іс-шара қажетті шешімдерді әзірлеуге және ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Форумның барлық қатысушысына жемісті еңбек және алға қойылған мақсаттарына қол жеткізуді тілеймін», — делінген Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың хатында.

Бақытжан Сағынтаев баяндамасында цифрлық күн тәртібіне байланысты Қазақстан тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. «Біз цифрлық күн тәртібінде осымен екінші жыл өмір сүріп жатырмыз. Қазақстан электронды қызмет көрсетуді 10 жыл бұрын бастады. Біздің мақсатымыз - мемлекеттік қызметтердің 80 пайызын электронды форматқа көшіру. Инфрақұрылым үшін Қазақстан аумағы өте үлкен. Біз ауылдарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуді 2020 жылға дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Халықты цифрлық қызмет түріне тарту керек, оны қолдану сәнге айналуы керек. Біз мектеп қабырғасынан математиктер мен бағдарламашыларды әзірлеп, жоғары оқу орындарын осы салаға бағыттап жатырмыз. Инновация керек, сол үшін біз шетелдік әріптестермен қарым-қатынас орнатамыз, әсіресе цифрландыру мәселесінде бірге әрекет ету маңызды. Сөз жоқ, әр мемлекет өзінше дамиды, дегенмен, ең маңыздысы - форумнан кейін цифрландыру саласында ынтымақтаса алуымызда болып отыр», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Баяндамасында Премьер-Министр елімізде технологиялық кәсіпкерлікке жағдай жасалып отырғанын айтты. «ЭКСПО аумағында IT-хаб жұмысын жарты жылдан кейін іске қосамыз. Ол туралы шешім қабылданды, заң шығарылды. Ағылшын құқығындағы Астана халықаралық қаржы орталығы туралы конситуциялық заң қабылданды, біздің IT-хаб осы орталыққа қосылды. Біз оған әлемнің дарынды адамдарын тартқымыз келеді. Сонымен қатар, біз киберқауіпсіздік туралы ұмытпауымыз керек. ЕАЭО мәселесіне келгенде біз келісімді әзірлеу барысында экономика құру саласында ғана интеграция орнатуға келіскенбіз. Бірақ, уақыт өте келе біз шекаралардың ашықтығана жетеміз, себебі, цифрлық платформада шектеу, шекара деген жоқ, осы ой мені жиі мазалайды», - деді Б.Сағынтаев.

Айта кетейік, форум Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Форум жұмысына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстанның Премьер-Министрлері, сондай-ақ халықаралық бірқатар IT компаниялардың өкілдері қатысуда.