Қазақстан • 02 Ақпан, 2018

Астанада көне кітаптар көрмесі өтті

719 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Таңғажайып кітаптар мен қолжазбалар топтамасы» тақырыбында құнды көрме өткізілді.

Астанада көне кітаптар көрмесі өтті

Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»

Мұндағы жәдігерлердің ішіндегі ең көнесі 1532 жылы ескі латын тілінде жарық көрген кітап (суретте). Туындының сыртқы мұқабасы адамның терісінен жасалыпты.

Тағы бір құнды дүние ХV ғасырда өмір сүрген парсы ақыны Әбдірахмен Жәмидің (Абд әр-Рахман Нұр әд-Дин ибн Ахмед Жами) ауызынан жазып алынып, Молла Самарқанидың көшірмесімен бүгінге жеткен үлкен кітап. Мұнда ақынның ғақлия жырлары топтастырылған.

Сонымен қатар көрме сөресінен – ХVІІ ғасыр туындысы Әбулғари Сұлтан Абдулдың орама қолжазбасы, алғаш рет қазақ тілінде  араб графикасымен 1920 жылдары жазылған Шәді төренің «Сияр шариф»  атты жазбасы,  Қожа Ахмет Ясауидің литографияланған «Диуани Хикмет»  кітабының ХVІІ ғасырдағы нұсқасы, шығыс шайырлары – Хафиз, Жами, Физули, Бедия, Руми, Әлішер Науаилердің парсы тілінде жазылған көне туындылары және ХVІІІ ғасыр мұрасы шағатай тілінде құсни хат үлгісінде жазылған өсиет-өлеңдер топтамасын байқадық. 

Сирек кітаптар қорының маманы Мөлдір Баймаханбетованың айтуына қарағанда, бұл жазбалардың дені Мұхамед (с.ғ.с) пайғамбардың өмірбаяны және сахабалары жайлы діни қисса-дастандар екен.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»