Қазақстан • 03 Ақпан, 2018

Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы өтті

359 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматыда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкімет басшыларының қатысуымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы өтті. Шағын және кеңейтілген құрамда өткен Үкіметаралық кеңес отырысына Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев,  Армения Республикасының Премьер-министрі Карен Карапетян, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Андрей Кобяков, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведев, Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Сапар Исаков және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты.

Алматыда Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы өтті

Қабылдаушы елдің Үкімет басшысы ретінде баяндама жасаған ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ЕАЭО-ның қызметін дамытудағы бірқатар тәжірибелік нәтижелерді мәлімдей келе, Одақтың шарттық-құқықтық базасы құрылып, үнемі жетілдіріліп тұратынына тоқталды. Жаһандық экономикалық тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан ЕАЭО шеңберінде де, үшінші елдермен сауда саласында да тауар айналымы өсімінің оң қарқынын сақтап қалғанын, 2017 жылы ҚР экономикасында айтарлықтай өсім байқалып, алдын-ала деректер бойынша 4 пайызға артқанын айтып өткен Үкімет басшысы: «ЕАЭО қалыптастыру жұмысы жалғасуда. Біздің үш жылдық жұмысымыздың оң нәтижесі бар. Біз Одақтың қазіргі және келешектегі дамуына байланысты бірқатар маңызды құжаттарды қабылдадық. Бұған дәлел ретінде ЕАЭО-ның жаңа Кеден кодексінің 1 қаңтарда күшіне енуін айтуға болады. Осылайша, кедендік ресімдеудің жедел өтуі үшін жағдайлар жасалды», – деді.

Айта кетсек, 2017 жылдың қаңтар-қараша айларында Қазақстанның ЕАЭО елдерімен саудасы $15,6 млрд соманы құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28 пайызға ұлғайған болатын. Оның ішінде, ЕАЭО-ға қатысушы мемлекеттерге өңделген тауарлар экспорты 34,4 пайызға өскен.

Бүгінде Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп, мүше мемлекеттер үкіметтері 2016 жылғы желтоқсан айында мемлекеттер басшылары бекіткен 2025 жылға дейін Цифрлы күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттарының ережелері мен басымдықтарын іс жүзінде іске асыруға көшкені белгілі. Осыған байланысты, ЕАЭО-ның Цифрлық күн тәртібін іске асыру барысын талқылау Күн тәртібінің түйінді мәселелерінің бірі болғанын айтып өту керек.

«Экономиканы цифрландыруға жоспарлы көшудің салдарынан жұмыстан босатылған еңбек күшін жұмыспен қамтуға қатысты кейбір мәселелер өзекті болып тұр. Азаматтардың жаңа жұмыс орнын Одақ аумағында да салыстырмалы түрде жылдам табу мүмкіндігі болуы керек», – деген Бақытжан Сағынтаев Қазақстан мен Ресей президенттерінің деңгейінде өткен Бірыңғай интеграцияланған Еуразиялық электронды еңбек биржасын құру және қызметкерлерге қойылатын бірыңғай біліктілік талаптарын әзірлеу жөніндегі талқылауды еске салып өтті.

ҚР Үкімет басшысы ЕАЭО-ның алдағы жұмыстары туралы айта келе: «2018 жыл –интеграциялық бірлестіктің жұмыс істеуіне байланысты өзекті мәселелер мен жаңа бастамаларды жүзеге асыруға бағытталған маңызды жыл болады», – деді. Сондай-ақ, Одақ жұмысын дамыта түсу үшін кеден процестерін автоматтандыру мәселесі сияқты шешімін табуға тиіс бірқатар маңызды факторларға назар аударды.

«Бірыңғай кедендік аумақ жағдайында экспорт кезіндегі кедендік декларацияларға, теміржол көлігін уақытша әкелуге қатысты интеграция жоқ. Осыған байланысты, Комиссия шешімдеріне, сондай-ақ, көлік саласындағы халықаралық заңнамаға өзгертулер енгізу бойынша бірлескен жұмыс жүргізу қажет деп есептеймін», – деген ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстарын ілгерілетіп, көлік құжаттарындағы кедендік белгілерді электронды түрде ұсыну мүмкіндігін қарастыру қажеттігін, сонымен қатар, Қазақстан БҰҰ ЮНКТАД-пен бірлесе отырып, экспорттың кедендік рәсімі мен кедендік транзит табысты декларацияланатын «Астана-1» ақпараттық жүйесін біртіндеп енгізетінін, ЕуразЭО шарттық-құқықтық базасын қалыптастыру жұмыстары жоспарлы түрде жалғасатынын жеткізді.

ЕАЭО шеңберіндегі интеграциялық өзара іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселелері қаралған шағын құрамда жұмыстың аралық нәтижелері қорытындыланып, Ұйымның одан әрі жұмысының бағыттары белгіленіп, келісілген саясатты жүргізу тетіктері талқыланды.

Кеңейтілген құрам отырысында қатысушылар сондай-ақ макроэкономикалық ахуал, ЕАЭО елдерінде тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар, 2017 жылы өзара сауда жағдайы туралы Еуразиялық экономикалық комиссияның баяндамаларын тыңдады. ЕҮАК шеңберінде премьер-министрлердің тапсырмасы бойынша әзірленген және ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағында тауарлардың айналымына бақылауды арттыруға бағытталған «ЕАЭО-да тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы» келісімге қол қойылды. Сондай-ақ, комиссия ЕАЭО-дағы қант нарығында қалыптасып жатқан жағдайды талдаудың нәтижелері мен агроөнеркәсіп кешені дамуының бірлескен болжамдарын жасап, 2017–2018 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік пен шикізаттың жекелеген түрлері бойынша, яғни ЕАЭО елдерінің зығыр талшығына, тері-былғары шикізатына, мақта талшығына және жүнге сұранысы мен ұсынысының теңгерімдерін ұсынды.

ЕҮАК отырысының қорытындысы бойынша ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағында тауар айналымын бақылауды күшейтуге бағытталған, премьер-министрлер тапсырмасы бойынша әзірленген Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы14 құжат қабылданды.Бұдан өзге, өнеркәсіп саласында мемлекетаралық бағдарламалар мен жобаларды әзірлеу, қаржыландыру және іске асыру туралы ереже бекітілді.

Жиын аясында сондай-ақ, ЕАЭО шеңберінен тыс авиациялық оқиғаларды тергеу жөніндегі орган құру жұмысының барысы, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қызметкерлерін зейнетақымен қамтамасыз ету туралы шартты жүзеге асыру, Одаққа мүше елдердегі макроэкономикалық жағдай және тұрақты экономикалық дамуды қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар қабылданып, ЕАЭО мүшелері арасындағы өзара сауда және АӨК дамыту болжамдарына қатысты мәселелер бойынша Үкіметаралық кеңес өкімдеріне қол қойылды.

ЕҮАК кезекті отырысының аяқталу қорытындысына орай,Ресей Федерациясының Премьер-Министрі Дмитрий Медведев тілшілермен кездесу барысында 2017 жылғы стратегиялық міндеттері мен жалпы экономикалық ахуалы, одақ институттарын дамыту бойынша жүргізген жұмыстары нәтижелі болғанын айта келіп, ЕАЭО аясындағы елдер арасындағы макроэкономикалық көрсеткіштердің сапалы деңгейде екеніне, тауар айналымының 27 пайызға өскеніне тоқталды. Дмитрий Медведев сондай-ақ, Одақ алдында тұрған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру мақсатында нарықтағы бизнес, кеден, транспорт саласындағы кейбір кедергілерді жою қажеттігін, тауар мен қызмет түрлерінің бірыңғай нарығын құру маңыздылығын, ол үшін сарапшылардың кедергілерді жою тобы жұмысын белсенді түрде жалғастыра беруі тиістігін айтты. «Шағын құрам жұмысы барысында Беларусь Республикасы министрлер кеңесінің №666 қаулысына қатысты мәселені талқылау кезінде болған шағын жер сілкінісі түрлі ойға жетелегенмен, барлық шешімдер сәтті қабылданып, қол қойылды. Бұл да бір біз үшін сабақ, ал Беларусь Республикасы үшін Құдайдың жіберген белгісі шығар», – деп сөзін әзілмен аяқтады ресейлік Үкімет басшысы.

Отырыс қатысушылары Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің мүшесі ретінде Қырғыз Республикасының өкілін тағайындады.

ЕҮАК-тің келесі отырысын Минскіде (Беларусь) өткізу жоспарланып отыр.

Мира БАЙБЕК,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Суреттерді түсірген: Мақсат ҚҰСАЙЫНОВ

Соңғы жаңалықтар