Қазақстан • 05 Ақпан, 2018

Тұрақтылық пен тұтастық – Мәңгілік Елдің тірегі

912 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жалпы, мемлекетіміздің тәуел­­сіздік алғаннан бергі кезе­ңіне көз жүгіртіп қарай­тын бол­сақ, небір күрделі жағдаят­тар­ды бастан өткергенін, талай қиын-қыстау күндерді, сын-сынақтарды сүрінбей еңсергенін көреміз. 

Тұрақтылық пен тұтастық – Мәңгілік Елдің тірегі

Тоқсаныншы жылдар­дың басында Кеңес Одағы құрамынан шыққан республикалар «балапан – басына, тұрымтай – тұсына» дегендей, өз күнін өзі көруге әрекет жасады. Жоспарлы экономикаға негіз­­делген мемлекетаралық бай­ланыс­тар үзіліп қалды. Зауыт-фабрикалар, өзге де өнеркәсіп ошақтары, ауыл шаруашылығы тұралап, қайраңда қалған кемедей дәрменсіз күйге түсті. Ел-жұрт жалақысын ала алмай, күнкөрістің қиындаған өліара кезеңі орнаған еді сол шақта. Скептик сәуегейлер сол тұста-ақ «Қазақстан Орталық Азиядағы қақтығыс ошақтарының біріне айналады» деп жорамалын жасап, «болашағын» болжап та тастаған еді. Бірақ тариxтың өрнегі өзгеше өрілді. Сын кезеңде ел тізгінін ұстаған Елбасымыз тәуелсіз Қазақстанды әлемдік аренаға шығарып, терезесін теңестіріп, шекарасын шегендеп, дамудың даңғыл жолына салғаны әмбеге аян.

Дегенмен уақыт бір орында тұрмайды. Жағамыз жайлауда деп жайбарақаттыққа салынуды ол шіркін көтермейді де, күтіп те тұрмайды. Бүгінгі заман – өзгерістің заманы. Жасам­паз жаңалықтың дәуірі. Дүйім дүние дидары көз ілеспес шап­шаң­дықпен дамып, ілгері басып келеді. Сондықтан да тариxтың шаңына көміліп қалмаймыз, үздік отыздықтың ортасынан ойып орын аламыз десек, қи­мыл­дауымыз керек.

Міне, Мемлекет басшысы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында осыны ескерте отырып, жүйелі жаңғыртудың нақты 10 міндетін атап көрсетті. Ел дамуы үшін аса маңызды стра­тегиялық құжаттың алтын арқауы ретінде цифрлы техно­логияларды өмірдің бар­лық салаларына енгізу талабын қойды. Өнеркәсіп, ауыл шаруа­шылығы, көліктік-логис­ти­калық инфрақұрылым, тұрғын үй құрылысы мен коммунал­дық сала, қаржы секторы, мем­ле­кеттік басқару саласына ай­рықша мән берілді. Сонымен қатар адами капиталды дамы­ту­дың ең басты шарттары – озық білім беру жүйесін қалып­тастыру, денсаулық сақтау және жұмыс­пен қамту салаларына баса назар аударылды.

Елбасы өз Жолдауында «мем­ле­кеттік органдар азаматтар­дың ес­кертулері мен ұсыныстарын нақты уақыт режімінде ескеруі және жедел әрекет етуі үшін заманауи цифрлы технологияларды қолдануы тиіс», деп атап көрсетеді. Иә, бүгінде дамыған мем­лекеттер инновациялық ин­­­дус­­­трия, digitalization, smart technology, smart nation, Big Data, жа­санды интеллект, блок­чейн және өзге де тың теxноло­гия­лар­мен жұмыс істеп, өміршең жоба­лар­­ды жүзеге асырып, соның игі­­лі­гін көріп отыр. Бірер мысал келтірейін.

Данияда әрбір азамат­тың, әрбір бизнестің жеке электронды бөлмесі бар, сол арқылы онлайн режімде мемлекеттік органдармен тікелей байланыса алады. 2015 жылдан бастап бар­лық азаматты мемлекеттік орган­дармен тек интернет арқы­лы тілдесуге міндеттеп қой­ған. Әр азамат цифрлы пас­порт­қа (digital ID) ие, ал мем­ле­кет­тік органдар мен муниципалитеттер бірыңғай кабинет арқылы барлық ведомствомен өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік беретін ортақ желімен байланыстырылған. Немесе халқының саны аздау, шағын Эсто­нияны алып қараңыз. Бүкіл ақпа­раттық базасын бірыңғай цифрлы жүйеге кіріктіре алған. Бүгін­де бұл мемлекет дәл осы электронды үкімет бойынша әлемдегі үздік елдер қатарында. Әлбетте, мұның барлығы ең алдымен, азаматтарға көрсетілетін барлық қызмет түрлерінің сапасын арттыруға, сыбайлас жем­қорлыққа жол бермеуге, уақыт­ты, бюджет қаражатын бір­не­ше есе үнемдеуге, айналып кел­генде халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей ықпал ететін факторлар.

Әрине бұл бағытта елімізде алғышарттар жасалып, бірқатар кешенді шаралардың қолға алынғаны белгілі. Қазақстанда электронды үкіметті құру идеясы 2004 жылғы Жолдауда мәлім­денген болатын. Содан бергі уақыт ішінде басқарушылық үрдіс­тердің бүкіл жиынтығын автоматтандыруға негізделген және мемлекеттік басқарудың тиімділігін жоғарылату, қоғам­ның әрбір мүшесіне көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасын арттыру мақсатына қызмет ететін мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін құру жұмысы жүзеге асырылып келеді. Бұл кешенді бағыт «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да одан әрі нақты­ланып, жүйелене түсті. Ауыз толтырып айтарлықтай жетіс­тіктеріміз де аз емес. Атап айтқанда, 2013 жылы бекітілген «Ақпаратты Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасы табыс­ты жүзеге асырылуда. Елі­міздегі ересектердің төрттен үші цифрлық сауаттылықтың ба­за­лық деңгейіне ие, интернетке қолжетімділік деңгейі де жылдан-жылға арта түсуде.

Жалпы алғанда, биылғы Жол­дау өткен жылы елімізде бас­талған қоғамдық сананы жаң­ғыр­ту бағдарламасының, Ұлт жос­парының, сондай-ақ кейінгі жыл­дары Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан кешенді жұмыстардың заңды жалғасы, нақты іс-қимыл жоспары деп айтуға болады.

Алдымызға кеуделі  міндет­тер қойылып отыр. Оны жүзеге асыру үшін бізде әлеует те бар, ресурстарымыз да жеткілікті. Елбасы «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапа­сы қажет», дей келе ұлт та­бы­сының басты факторы ми­не­ралд­ы ресурстар емес, адам екендігін айрықша атап өтті.

«Өзінің тарихын, тілін, мәде­ниетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көз­қарасы бар қазақстандық біз­дің қоғамымыздың идеалына ай­налуға тиіс. Рухани жаң­ғы­ру­дың мән-маңызы да нақ осында», деді Мемлекет басшысы. Яғни басқаға емес, өзінің адами ресурстарын, адами капиталын дамытуға күш салған мемлекеттер ғана жаһандану дәуірінің асау толқындарына жұтылып кет­пей, өзіндік дербестігін сақ­тай алады. Бұл – өмірдің өзі дә­лел­деген шындық, айналып өте алмайтын ақиқат.

Ал ең бастысы, тәуелсіздік алғалы өткен ширек ғасырдан аса уақыт ішінде талай сын-қатерлерден шыңдалып, шыны­ғып шыққан тұрақтылық пен тұтас­тығымызды, бейбіт өмір мен ымыралы ынтымағымызды көз­дің қарашығындай сақтауы­мыз керек.

Ерлан ҚҰСАЙЫН,

Қарағанды облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі