Әлем • 05 Ақпан, 2018

Дональд Трамптың жолдауында не айтылды?

316 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Дональд Трамп Америка халқына арнаған жолдауын жариялады. Онда Ақ үй басшысы бірқатар мәселелерді қамтып, атқарылған шаруаларға тоқталып, алдағы жоспарымен бөліскен. Әлемдік баспасөздер Д.Трамптың жолдауы аяқтала сала онда айтылған мәселелерді талқылауға кірісіп кетті.  

Дональд Трамптың жолдауында не айтылды?

The Guardian газеті жолдау­дың маңызды тұстарын атап көр­сетті. Басылымның хабар­лауынша, Ақ үй басшы­сы сөзін көбіне қағазға қарап оқыған. Бұл өз кезегінде Д.Трамптың күтп­еген сөзді айтып қалуының алдын алды деп есептейді. Күт­кендегідей, АҚШ президенті эко­номи­ка­ның күшей­генін және салықтың қыс­қар­ғанын мәлімдеп, инфрақұрылым мен иммиг­рациядан қаржы аямау керектігін жеткізді.

«Трамп Солтүстік Кореяға қар­сылығын әсерлі ету үшін КХДР-да азапқа тарты­лып, қай­тыс болған Отто Уор­мбир­дің отбасы мен елден қаш­қан Цзи Сонг-Хоны ресми қонақтар тізіміне қосты. Соны­мен қатар бұзақылар та­ра­пынан айуандықпен өлті­ріл­ген екі қыздың оқиғасын иммиграциялық реформаға қатысты айтқан сөздерінде атап өтті», дейді The Guardian.

Бұдан бөлек, басылым Конг­рес­ке жиналғандар Д.Трамп­тың жолдауын түр­лі дең­гейде қолдағанын, демо­кра­т­тар ара-тұра қол шапалақ­тағанын айтады. Ал республикашылар президенттің ұлттық әнұранға қатысты пікіріне қызу қолдау көрсеткен.

CNN арнасы Ақ үй бас­шының жолдауында айтылған мәсе­лелердің рас-өтірігін тек­серіп шыққан екен. Мәселен Д.Трамп елде жасалған салық реформасын бұрын-соңды тарихта болмаған деп сипаттаған-тұғын. CNN-нің хабарлауынша, АҚШ президентінің бұл сөзі шындыққа жанаспайды. Өйткені Джон Кеннеди, Рональд Рейган, Барак Обама кезіндегі салық жүйесіндегі өзгерістер Д.Трамптың бастамасынан әлдеқайда жоғары болған.

АҚШ президенті Амери­кадағы қара нәсілдер арасын­да­ғы жұмыс­сыз­дық азайғанын, жаңа 2,4 миллион жұмыс орны ашылғанын келтірген. CNN-нің журналистері мұны растап отыр. Ал жалақының өсуі, автокөлік индустриясының қай­­та жаңғыруы жөнінде ай­тыл­­ған пікірі шындыққа жанас­пай­ды деп есептейді. Өйткені еңбекақының өсу қарқынының бұ­рынғыдан айырмасы шамалы. Автокөлік нарығындағы оң өзгерістер Барак Обама кезінен басталған, дейді CNN.

Журналистер көші-қонның ішкі терроризмді ұлғайтуға әсері, АҚШ-қа келген әр иммигрант өзімен бірге отбасын да әкелетіні, қылмыстық топ­тар­дың мүшелері көбейгені жөнін­дегі пікірге сын айтты. Сонымен қатар Д.Трамп АҚШ-тың әлемдегі ең үлкен энер­гия экспорттаушы мемле­кет екенін хабарлаған. CNN мұ­ның да шындыққа жанас­пай­тынын жеткізді. Мәселен Аме­ри­каның 2026 жылға дейін экспорттайтын энергия көздерінен импорты басым.

Ақ үй басшысы «Қорғаныс мақ­саты аясында біз ядро­лық арсеналы­мызды ешқашан қолданбаймыз деген үмітпен оны жаңғыртып, қай­та құруы­мыз керек», деген болатын. «РИА Новости» Д.Трампт­ың АҚШ-тағы осы сөзіне ерекше назар аударыпты.

Агенттіктің пайымдауынша, АҚШ президентінің мұндай мәлімдеме жасауына негіз бар. Қазіргі таңда америкалық ядролық қару түрлері ресейлік нұсқа­лармен бәсекелесе алмайды деп есептейді «РИА Новости». Өйткені АҚШ қырғи-қабақ соғысы кезінен бері ядролық арсеналын жаңартпаған. Ал осы уақыт ішінде Ресей тарапы бірқатар құрлықаралық баллистикалық зымырандарын сынақтан өткізіп үлгерді. «РИА Новостидің» пайымдауынша, егер Д.Трамптың ұсынысы қолдау тапса, АҚШ алдағы уақытта құрлық, әуе және судағы ядролық қару арсеналын күшейтуге күш салады.

Жолдаудан кейін Д.Трамп твиттер­дегі парақшасына шараны 45,6 миллион халық көргенін, мұндай көрсеткіш тарихта болмағанын мәлімдеді. BBC журналистері АҚШ прези­де­нтінің бұл пікіріне де сын айт­ты. Nielsen дерекқорына сүйенсек, 2010 жылғы Барак Обаманың жолдауын 48 миллион, 1993 жылғы Билл Клинтонның жолдауын 66,9 миллион, 2003 жылғы Джордж Буштың жолдауын 62,1 миллион адам тамашалаған. Осы­лайша жолдау барысында Д.Трамп­тың бірқатар қателік жібергенін әлемдік баспасөз құралдары анықтап берді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»