Қазақстан • 05 Ақпан, 2018

Қарағанды спорт мектебін қайта құру қажет

499 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Спорттық резервтерді дайындау ісіне байланысты кейбір проблемаларды айтуға тура келіп отыр. Өйткені бұл мәселе де қазір барынша өзекті. Соның ішінде бізді Қарағанды қаласындағы Әлия Мол­да­ғұлова атын­­дағы облыстық арнайы мек­теп-интернаттың болашағы тол­ған­ды­рады.

Қарағанды спорт мектебін қайта құру қажет

Бүгінгі таңда бұл мектепте спорт­тың 13 түрі бойынша 438 жас­өспірім 7-11 сыныптарда білім алып әрі спорт­тық шеберліктерін шың­дауда. Олар­­ды 25 жоғары білік­ті маман жат­тық­тырады. Мұға­лім­дердің 70 пай­ыз­дан астамы жоғары категориялы. Мек­тептің арнайы спорттық база­сы, дә­рігерлік орталығы және оқу корпу­сы бар.

Мұнда білім алып жатқан шәкірт­те­р­­­дің көбі аз қамтылған отба­сы­лар­­дан шыққандар. Олардың дені мектепті бітіргеннен кейін жоғ­а­ры оқу орындарына түсіп, өз­де­­рі­нің білімдері мен спорттық бі­лік­­тілік­те­рін шыңдай алмайды. Спорт­тық карьераларын орта жол­дан аяқ­тап, мек­тепті бітірген дең­гейде қа­лады. Сөйтіп кейбір талант­ты жас­тар­дың кәсіби спорттағы бола­ша­ғы бұл­дыр болып отыр.

Оның үстіне мектепті бітірген жастардың бізде оқуға түсе алмаған соң Ресейге кету тенденциясы артып жатыр. Мәселен, 2015 жылы – 7, 2016 жылы 8 түлегіміз Ресейге көшіп кеткен. Осының өзі бізге экономикалық тұр­­ғыдан да соққы болып тиюде, өйт­­кені мемлекет әрбір оқушының шы­ғынына бір жылға 1 млн 500 мың теңге төлейді, ал 7 сыныптан 11 сыныпқа дейінгі бес жылда әр­қай­сына кем дегенде 7 млн 500 мың теңге шығын шығады екен. Енді сол балаларымыз өзге елдің туының ас­тында қызмет етуге мәжбүр.

Осыған байланысты облыстық спорттық мектеп-интернатты олимпиадалық резервтің облыстық спорттық колледжіне айналдыру керек деген ұсыныс енгізіп отырмыз. Сонда біз:

– спорттық резервтің үзілмейтін жүйесін дайындар едік;

– жасөспірімдер спортының үлкен спорттық жетіс­тік­терге бастайтын жоғары буынмен жалғасуын қамтамасыз етер едік;

– облыс спортшыларының Ұлт­тық құрама командалардың қата­рына өтуі артар еді;

– колледжді бітіргеннен кейін әрбір түлекке «Жаттықтырушы-оқытушы» мамандығы берілетін болғандықтан, елі­міз­дегі жаттықтырушылар қа­тарын көбейтіп, олардың мек­теп­­тердегі дене тәрбиесінің оқы­ту­шылары, БЖСМ-ға (балалар мен жас­өспірімдердің спорттық мек­тебі), ауыл­дық, аудандық мектеп­терге, фит­нес орталықтарға, өндіріс­тік кә­сіпорындарға нұсқаушы, жат­тық­ты­рушы болып орналасуын қам­тамасыз етер едік.

Қарағанды облысының Дене тәрбиесі және спорт басқармасының 2017 жылғы мәліметіне қарағанда, тек осы облыста ғана 9 аудан 76 спорт мама­­нына зәру болып отыр. Мұндай жағ­дайлар басқа облыстарда да бар еке­ні сөзсіз. Біз айтып отырған колледж ашылса, осы зәрулікті жоюға болар еді.

Спорт колледждерінің ашылуы Президенттің 2018 жылғы Жол­дау­ының талаптарына да сай келе­ді. Елбасы қажет еткеннің бәріне ақы­сыз кәсіби-техникалық білім бе­руі­міз керек деп талап қойғаны бел­гілі.

Міне, осы мәселелерді айта отырып, мен Мәдениет және спорт ми­ни­стрі Арыстанбек Мұхаме­ди­ұлы­на де­путаттық сауал жолдадым. Сауа­л­ды қолдап Мәжіліс депутаты, Олим­пи­ада чемпионы О.Шишигина да қол қойды. Министр біздің ұсыны­сы­­мызға қолдау көрсетеді деген үміт­теміз.

Серік СӘПИЕВ,

Мәжіліс депутаты,

Олимпиада чемпионы