Аймақтар • 05 Ақпан, 2018

Жетісуда мал басы көбейіп, өнім артып келеді

580 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 «Елде  болса, ерінге тиеді» дегендей, дүкен аралаған мен базар жағалағанның алдымен сатып алатыны азық-түлік өнімі екені анық. Осы орайда тұтынатын азықтың бағасы қолжетімді, сапасы сенімді болғаны әбден керек. Ал бұл талапқа жергілікті өнім өндірушілердің қолынан шыққан тауардың толықтай сай келетіні және ақиқат. 

Жетісуда мал басы көбейіп, өнім артып келеді

Жалпы, елді азық-түлікпен қам­ту бағытында аймақтағы ауыл­шаруашылық өнімін өнді­рушілердің үлесі үлкен. Тұтыну нарығындағы импорт ағынына толықтай төтеп бере алмаса да, өзіміздің топырақта өскен дақыл мен жеміс-жидектің өңделіп, дайын асқа айналған түрі кө­бейіп отырғаны қуантады. Бұл отандық агросаясаттың оң нәти­жесі.

Мысалға, өткен жыл бо­йы­на Алматы облысында ауыл­шаруа­шылық өнімдерінің нақты көлем индексі 103,3 пайызды құрап, құны 647,6 млрд тең­ге болатын өнім өндірілген екен. Бұл дегеніңіз тұтынушыға ті­ке­лей жөнелтілген ет, сүт, жұмыртқа, ұн мен жарма сияқ­ты өнім түрлерінің жүлгесі үзіл­мегендігін көрсетеді. Қараңыз, 2017 жылы облыстың мал мен­ құс асыраушы шаруалары­ ті­рідей салмағы 352,4 мың тон­на болатын ірі қара мен уақ мал және құс басын союға жібе­ріпті. Демек жыл ішінде қара қазанда ет пісіп, бала-шаға айран-сүтсіз отырмағаны да. Оның тағы бір дәлелін сүт пен жұмыртқа өндіру көлемінің 2016 жылмен салыстырғанда 107,6 пайызға артып, тиісінше сүт – 719 мың тонна, жұмыртқа 1081,8 млн дана болып тұтынуға жө­нелтілгенінен де байқауға болады.

Екінші жағынан алғанда, өнім өндіру көлемінің артуы өңірдегі мал басының көбейіп, егін егудің үлесі артқандығын да білдіреді. Есепті жылдың қорытындысы бойын­ша жетісу­лық диқандар өсіріп, жиып-терген дәнді дақыл – 774,3 мың тонна, жүгері – 521,9 мың тонна, күріш 48,9 мың тонна, қант қызылшасы 333,9 мың тоннаны құраған. Мұның сыртында 303,2 мың тонна майлы дақылдар, 723,2 тонна картоп пен 957 мың тонна көкөніс өсіріліп, 105,1 мың тонна жеміс-жидек және жиналған екен. Осы мөлшерден-ақ Алматы облысының аграрлық саласында тер төгіп жүрген азаматтардың елдің азық-түлік қауіпсіздігіне орасан үлес қосып отырғандығы көрініс таппай ма?

 Бұдан бөлек облыста ірі қара малы 965,5 мың басқа жетіп, қой мен ешкінің есебі 3 408,1 мың басты құрап отыр. Ал биылғы қыстамаға 295, 7 мың бас жылқы жайылымға кіргені жайлы және бір дерек бар. Мал шаруашылығы туралы айтқанда аймақтағы түйе басының көбейіп қана қоймай, шұбат өндіруде алдыңғы қатар­дағы өндіріске жол ашып отыр­ғандығын ерекше айтуымыз ке­рек. Мәселен, Іле ауданына қа­рас­ты Ақши ауылындағы түйе сүтін өңдейтін шағын цех жылына 3 жарым мың тонна шұбат өндіріп, дайын өнім түрінде сатуға шығарып келеді. Қазір қорасында 4 мың басқа жуық түйе­сі бар Сыдық Дәулетовтің аты алыс-жақынға әбден таныс болса керек. Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарында «Дәулет-Бе­кет» шаруа қожалығын құрып, ой­­сылқара тұқымын өсіруді қолға алған кәсіпкер бүгінде өз ісінің хас шебері болып алған. Облыс Алматы қаласын былай қойғанда Дәу­летовтің түйесінен сауылған сүтті Ресей аттай қа­лап алдырады екен.

– Түйені өзіміз бағып, өзіміз сауамыз. Өңдейміз әрі дайын өнімге айналдырып экспорттаймыз. Түйеші мен сауыншыға жұмыс табылады. Табыс бар. Кәсібімізге орай нәсібіміз бұйы­рып тұр, – дейді Сыдық мыр­за.

Былтырғы жылы Дәулетовтің шаруашылығы Ресейге 20 тон­наға жуық шұбат жөнелткен. Түбі алыс елдердің нарығына шы­ғуға ниетті. Бұл – орындалатын мақсат. Қазір Үкімет түйе сүтінің әр литріне 55 теңгеден, ал ойсылқара етінің әр килосына 90 теңгеден субсидия төлейді. Яғни еңбек еткеннің қарекеті елеусіз қалмайды деген сөз.

Айтпақшы аймақтағы ауыл­­ша­руашылық өнімін дайын­дай­­тын бәсекеге қабілетті ­жә­не­­­ еңбек нарығындағы жұ­мыс бе­руші өндірістің біраз бө­лігін шаруа қожалықтары құ­­­­райды екен. Олардың облыс эко­номи­касындағы үлесі 40,8 пайыз шамасында. Демек дүкен ара­лаған мен базар жағалағанның себе­тіндегі азық-түліктің сан түрін өндіруде жетісулық диқан мен шаруаның да үлесі бар деген сөз.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше