Қазақстан • 05 Ақпан, 2018

Түйткілі көп тері өңдеу өндірісі

1466 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Еліміздегі кәсіпорындардың көп­шілігі өткен ғасырдың соңын­дағы тоқыраудан ес жия алмас­тай есеңгірегені белгілі. Сондай өнер­кәсіптің бірі тері өңдеу өндірісі деу­ге болады. Кезінде Қазақстан сапалы былғарымен күллі КСРО фаб­рикаларын қамтыған еді. 

Түйткілі көп тері өңдеу өндірісі

Бүгінде елімізде тері өңдейтін бар-жоғы 12 зауыт бар. Солардың бірі – Семей­дегі былғары-тері комбинаты. Осы­­дан екі жыл бұрын үдемелі инду­с­триялық-инновациялық да­му бағдарламасы аясында іске қо­сылғанымен, әлі күнге толық қуа­тымен жұмыс істей алмай ке­ле­ді. Қазір зауыттың өндірістік қуатының 30 пайызы ғана пайдаланылады. Ма­мандар мұның себебін тері шикізатының аздығымен түсін­діреді. Ал елімізде 6 миллион ірі қара, 16 миллион ұсақ мал бар. Жылына кем дегенде 5 мил­лион ұсақ мал, миллионға жуық ірі қара сойылады екен. Бірақ сойылған малдың терісі ұста­ғанның қолында, тістегеннің аузын­да кетеді. Содан да болар, елімізде жылына 13 пайыз ғана тері өнімі өндіріледі. Әлемдік на­рықта сұранысқа ие бренд тауардың бірі саналатын былғары өн­дірісі біздің елде күннен-күнге жұтаң тартып, кері кетіп барады. Бұл туралы Экономикалық сая­­сат институтының директоры Қайыр­бек Арыстанбек мырзамен пікірлескен едік.

– Үкімет интервенционистік эконо­микалық саясат жүргізіп отыр. Сон­­дықтан мемлекет эко­но­микаға тү­бегейлі араласып, он­дағы шекарасын осы күнге дейін айқындаған жоқ. Сонымен қатар Салық кодексі мен үдемелі индустриялық-инно­вациялық да­му бағдарламасы арасында жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экспорттау тұрғысынан кейбір кедергілер бар. Тәуелсіздіктің ал­ғашқы жылдары м­ұ­най­ды экспорттау барысында «голланд ауруы» жаппай таралған болатын. Оның кейбір белгілері елде орташа бағалардың шарықтауынан және жиналып қалуынан көрінеді. Баға факторынан шикізаттық емес секторда бәсекеге қабілеттіліктің төмендеуі де бұған өз әсерін тигізеді, – дейді Қ.Арыстанбек.

Жеңіл өнеркәсіптің «күрета­мыры» саналатын тері өндірісінің тағдыры алаңдауға тұрарлық. Олай дейтініміз, жылына еліміз­ден 7,5 миллион тонна тері ши­кізат қалпында, арзан ба­ға­мен шетел асады екен. Не­гіз­гі себеп – өнімді өңдейтін қа­зақ­стан­дық кәсіпорындар қау­қарсыз. Сон­дықтан қолжетімді жердегі шикі­зат өнімін пайдаланудан аса алмайды. Ал еліміздегі малдың 80 пайызы жекеменшіктің қорасында. Сол қорада талай те­рі тулақ болып жатыр. Сатып алар ешкім жоқ. Қалаға өткізу ең­­бекті ақтамайды. Тым арзан. Өйт­кені отандық өнімге сұраныс болмай отыр. Бүгінде бір кездегі дүркіреген тері өңдеуші зауыттар қаңырап бос тұр деуге болады. Бұған еліміздегі импорттың ықпалының басым болуы да кері әсерін тигізіп отыр. Салдарынан отандық өнім сырттан келетін тауарға жұтылып кетіп жатыр. Ал шикізат жетіспейді деу көп сыл­таудың бірі ғана. Өйткені өзге ел жоқтан бар жасап, малдың қиынан қылшығына дейін нарыққа салып жатқанда, біздің тұрғындар теріні аяққа таптап, қоқысқа тастаудан аса алмай отыр. Байлықтың үс­тінде отырып, өзгенің өніміне көз сатқанымыз қалай?

– Жоғарыда айтылғандай, ши­кі­зат экспортынан туындайтын «гол­ланд ауруы» жеңіл өнеркәсіпті қо­са алғанда, шикізаттық емес секторды баға теңсіздігі арқылы үнемі тұншықтырып отырады. Қазір біздің нарыққа жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экспорттайтын кейбір мемлекеттер Дүниежүзілік сауда ұйымының нормаларына қайшы келетін әдістерді пайдаланады. Сон­­­дықтан отандық нарықты экс­пан­сиялау саясатын жүргізу керек. Қа­жет болса демпингті қолдану, кейбір кәсіпорындарға жасырын субсидия беру және басқа да же­ңіл­діктер жасалу керек, – дейді бұл ретте Экономикалық саясат инс­титутының жетекшісі.

Қазіргі кезде әлемдік нарық­тағы тері шикізаты импортының 25 пайызы Түркияға тиесілі. Бұл елде бір күнде 3 мыңға жуық тері өндіріледі. Ал жылына 2 млрд АҚШ долларының тері бұйым­дарын сыртқа экспорттай­ды. Яғни миллиардтап табыс тауып отырған Түркия, Қытай, Қыр­ғыз елдеріне болмашы тиын-тебенге тері сатып, шикізатпен қам­тамасыз етіп, дайын өнімімен әлем­дік нарыққа шығуына кө­мек­тесіп келеміз. Сонда еліміз шикізатпен ғана шектеліп қалмақ па, әлде әлемдік нарықта мұндай мүмкіндік бізге жоқ па? Әлбетте  әлемдік нарықты бағындыру мүмкіндігі барлық елдерге бірдей беріледі. Ұтымды пайдалану елдің ерік-жігеріне тікелей байланысты екен. Сондықтан Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында ауыл шаруашылығы саласына айрықша тоқталып, «Шикізатты қайта өң­деуді қамтамасыз етіп, әлемдік на­рықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуы­мыз керек» деді. Осы орайда елімізде сапалы былғары өнімдеріне сұранысты арттыруда зор секіріс керек-ақ. Өйт­кені отандық өнімнің пайдасы шаш-етектен екені белгілі. Жолдауда «Ауыл шаруашылығы субъек­тілерінің кооператив тү­рінде жұмыс істеуіне жан-жақ­ты қолдау көрсету керек», де­лінген. Өйткені Кеңес Одағы ке­зінде әр ауданда шикізат дайын­дау кеңсесі жұмыс істеді. Ме­кемеде 40-50 адам, 10 шақты техникасы болды. Олардың мін­деті шаруашылықтардан жүн мен тері жинау еді. Қазір осы кеңсенің міндетіне халық зәру. Себебі жекелеген сатып алушылар ауыл­дан теріні тегін алуға құ­мар. Сондықтан қаншама тері­ отқа өртеліп, қоқысқа лақты­рылады. Бұл ретте импортты азай­тып, отандық өнімге ішкі сұраныс­ты арттыру тәсілін ұтымды пайдалануға көшкен көршілес ел­дердің тәжірибесін де ескерген абзал.

Айжамал КӨПЕЕВА