Қазақстан • 05 Ақпан, 2018

Астана әкімі әлеуметтік маңызы бар нысандардың аумағын қардан тазартуды тапсырды

438 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қалалық Коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы Төлеген Закарьянов аппараттың жиынында  биыл Астана аумағындағы тасқын қаупіне қарсы кешенді жоспарын таныстырды.

Астана әкімі әлеуметтік маңызы бар нысандардың аумағын қардан тазартуды тапсырды

Т.Закарьянов баяндамасында жоспардың ең негізгілерін айта келе, тасқын кезінде төтенше жағдайдың болу ықтималдығын жоюды, әсіресе «Көктал» тұрғын алабындағы жаяу жүргіншілер жүретін аспалы көпірге ерекше тоқтала кетті.

«Сіздің тапсырмаңыз бойынша осы жылы аспалы көпірдің жобалау-сметалық құжатын дайындадық, ол 15 наурызға дейін жөндеуден өтетін болады», деді Т.Закарьянов.

Оның айтуынша, көктемгі жауын-шашынның көлеміне болжам жасау үшін «Қазгидромет» РМК бірлесіп Мойылды өзенінің бассейні мен Есілдің жоғары жағына зерттеу жүргізетін маршруттық карта жасалынды. Қаңтарда мониторинг пен талдау жасау үшін қардың қоры туралы мәлімет алынған болатын.

Осыған орай, қала әкімдігі қарды шығару жұмыстарын ұйымдастыруға кірісіп кетті. Қыс басталғалы сыртқа шығарылған қардың көлемі 1,8 млн куб м жетті, ал былтыр осы уақытта шығарылған қар – 3,3 млн кубометр болған.

Осыған қарамастан Астана әкімі Әсет Исекешев МСҚБ басқармасына, құрылыс, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту және аудан әкімдіктеріне әлеуметтік маңызы бар нысандардың (балабақша, мектеп, орта арнаулы оқу орындары, ЖОО) аумағын, құрылыс алаңдарын қардан тазартуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиын соңында қала әкімі тиісті іс-шараларды жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асыруда тасқын суға қатысты қателіктер жібермеуін тапсырды.