Қазақстан • 06 Ақпан, 2018

Жерді пайдалануда қоғамдық бақылаудың рөлі артады

253 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың қатысуымен жер қатынастарын реттеу мәселелері бо­йынша баспасөз конференциясы өтті. 

Жерді пайдалануда қоғамдық бақылаудың рөлі артады

Жиын барысында спикер «Жер қатынастарын реттеу мәселелері бо­йынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы осы күндері Парламент Мәжілісінде қаралып жатқанын мәлімдеді.  

Бұл заң жобасын 2016 жылы Жер реформасы жөніндегі комиссия әзірлеген болатын. Соны­мен бірге, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Жарлығымен және Жер кодексінің кейбір нормаларын тоқтата тұру туралы заңға сәйкес кодекстің кейбір нормаларына шектеу күшіне енді.

Мораторий енгізілген 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін жарамды болып саналады. Ол жарғылық капиталында шетелдіктердің үлесі 50%-дан асатын заңды тұлғаларға, шетел азаматтарына және ауыл шаруашылығы алқаптарын ұзақ мерзімді жалға беру туралы жер заңнамасының ереже­лерін тоқтатады. Сон­дық­тан да, бұл жаңа заң жобасы қазақ­­­стан­дықтардың ауыл­шаруа­­­­шылық жерлерін жалға беру мен сақтау институтын жетілдіруге бағытталған. Атап айтқан­да, қоғамдық кеңестер мен ұйым­дардың өкілдерін қосып, комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде 50%-ын құрайтын бірыңғай жер комиссиясын құру жоспарлануда. Жер комиссиясының отырыстары дыбыс және бейне тасымалдаушыларда міндетті түрде тіркелуі тиіс және комиссияның шешім­деріне қарсы сотқа шағым­дану мүмкіндігі қарастырылады.

Заң жобасының ережелері ауылшаруашылық жерлерін пайдаланудың тұрақты мони­торингін енгізуді көздейді. Айталық 5 жыл ішінде жыл сайын, ал кейінгі кезеңдегі  әрбір 3 жылда суармалы жерлерде және 5 жыл сайын тәлім­ді жайылымдарға тұрақты түр­де мониторинг жүргізіледі. Бұл шара­лар ауылшаруашылық жер­лерін тиімді және ұтымды пайдалануды, пайдаланыл­ма­ған жерлерді айқындауға және ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жерді пайдалану­дағы қоғамдық бақылау рөлін және жерді ұтымды пайдалану үшін жер пайдаланушылардың жауап­­­­­кер­шілігінің де деңгейін арт­тырады.

Сонымен қатар кезінде ауыл­шаруашылық алқаптарының мөлшеріне шектеулердің жоқ­тығы латифундистердің пайда болуына себеп болды. Ал мұндай шектеудің болмауы жерді фермерлердің жаңа буынына беру мүмкіндігін тежеуге әкелді. Осыған байланысты, жоғарыда аталған заң жобасы лизингке берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің барынша (ең жоғары) өлшемдерін анықтау әдістемесін әзірлеуді және бекітуді ұсынады. Бұдан басқа, табиғи-агроөнеркәсіптік аймақтарға және облыстың ма­ман­дануына байланысты ұсы­нылған ауыл шаруашылығы жерлерінің оңтайлы мөлшерін белгілеу керек. Сондай-ақ жаңа заң жобасының ережелері «бір қолдан» ауыл шаруашылығы ал­қаптарының ірі учаске­лерін лизингке алып қоюға бағытталған.

Шетелдік азаматтармен неке­­­де тұратын Қа­зақ­­стан аза­маттарына, сондай-ақ шет­ел ка­питалы бар заңды тұл­ға­­­лар­ға ше­кара­­лық белдеуде және шекара ай­­мағында орналасқан жерлерді беруге тыйым салу ұсынылады. Бұл шаралар ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және Қазақстан Республи­касының аумақтық тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Заң жобасында халық­тың жеке шаруашылығындағы малына қажетті жайы­лым­­дық жерлердің ауқымы анық­талады. Өйткені елді ме­кен­дер аумағында қолда­ныс­­тағы жайылымдар халық­тың қажеттіліктерін қанағат­тан­дыр­майды және деграда­цияға ұшырайды. Елді мекендер төңірегінде бос жайылымдар мен шабындықтар жоқ, олар негізінен меншікке немесе жалға беріледі. Әкімдіктер жүр­гізген алдын ала есептеу­лерге сәйкес ауылдық елді ме­кен­дердің жайылымдарға деген қажеттілігі 27,7 млн гектарды құрайды. Сон­дық­тан заң жобасы халықтың жайы­лым­дық жерлерге деген қажет­тілігін мемлекет мұқтаж­дық­тары қатарына  енгізеді.

Жеке тұрғын үй құрылысы үшін (ЖТҚ) жер учаскелеріне халықтың қажеттіліктерін мем­лекеттік қажеттіліктер тізі­міне енгізу жоспарлануда. Бұл тал­дауға сәйкес Call Center ор­та­лы­ғына келетін «jerturaly.kz» сайтына қоңыраулар мен сұрақ­тардың 75%-дан астамы ЖТҚ-мен байланысты болғанымен түсіндіріледі.

Бүгінгі таңда бүкіл ел бо­йынша ЖТҚ үшін жерді тегін алу кезегінде тұрған адамдар саны 1,2 миллионнан асады. Ал жер учаскелерін ЖТҚ үшін тиісті инфрақұрылыммен қам­тама­сыз етуде елді мекендер аума­­ғында бос жерлер жоқ бол­ған­­дық­тан проблема туындайды.

«Жер қатынастарын реттеу туралы Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­­сының кейбір заңна­­­ма­лық актілеріне өзгерістер мен толық­­­тырулар енгізу тура­лы» аталған заң жо­басының норма­­лары мен ере­­желері бүгінгі күн­і отан­­дық фермерлер үшін аса өткір мәсе­ле­лерді шешуге бағытталған.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»