Қазақстан • 06 Ақпан, 2018

Сот жүйесін цифрландыру – маңызды қадам

753 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жылдың басы Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауымен басталды. 

Сот жүйесін цифрландыру – маңызды қадам

Болашаққа батыл қадам басу, жаңа жаһандық заманға сай жаңғыру мәселелері жаңа Жолдауда нақтылана түскен. Аумалы-төкпелі дүрбелең дүниенің қауіп пен қа­теріне, әлемдік құрылымның әп-сәтте көз алдымыз­да өзгеруіне сақадай сай болуға шақырған Прези­дент Жолдауда он міндетті ел назарына ұсынды.

Әрине, дүниежүзілік алпауыт әрі айбатты елдердің қатарына қосылу үшін елімізде қажетті нәрсенің бәрі бар. Алайда шикізатпен шектеліп, оны өңдемесек, білім алып қана қойып, рухани дүниемізді жаңғыртпасақ, дамудың даңғыл жолына оңайлықпен түспесіміз анық. Сондықтан Жолдаудағы он міндет елімізді шыңға шығарар нақты бағыт, айқын бағдаршам болмақ.

Елбасы алғашқы міндетте индустрияландыру, яғни өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеу, сандық экономикаға көшу арқылы босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек екенін нақтылады. Сондай-ақ ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту, «ақылды технологиялар», отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық көзін табу, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу басты бағыттар ретінде айқындалады.

Аталған Жолдауда Елбасы құрылысқа, коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, табиғи монополиялар саласын реттейтін заңдарға тиісті өзгерістер енгізу, қаржы секторын «қайта жаңғырту», банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту, жеке тұлғалардың банкрот­тығы туралы заң қабылдау қажеттігін назарға алды. Тиімді мемлекеттік басқару, бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдау, «ақылды қалалар», білім, денсаулық саласын цифрландырудың маңыздылығы да қам­тылды. Бизнес субъектілерін қолдау Мемлекет бас­шы­сының басты назарында тұр. Осы орайда Маңғыстау облы­сында 2017 жылдың 12 айында 1757 шағын және орта кәсіпкерлер субъектілеріне қатысты істер қаралғанын айта кеткен жөн.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарынан серпін алған заң­ның үстемдігі, құқық саласы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдаудың қақ ортасынан көрініс тапты. Яғни дүние жүзінің дамуын аяқтан шалып, тұралатқан жемқорлықпен күресуге, заңның үстемдігіне арналған тоғызыншы міндетте сот-құқық жүйесінің алдына ауқымды міндеттер жүктелді. Сыбайлас жемқорлықты анықтау, себептері мен алғышарттарын түбірінен жою жөніндегі жұмыстарды күшейтуге әрбіріміз міндеттіміз. Еліміздегі аранын ашқан жемқорлармен қарқынды күрестің нәтижесінде 17 миллиард теңге көлемінде келтірілген залал өндіріліп, соңғы 3 жылда жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталғаны айтыл­ды. Осы орайда облыс көлеміндегі сандарды сөйлетсек, Маңғыстау облыстық соттарында 2016 жылдың 12 айында сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқық бұзушылықтар бойынша 41 тұлғаға қатысты 24 қылмыстық іс қаралып, кінәлі деп танылған 21 тұлғаға қатысты сот үкімімен 127 308 000 теңге айыппұл салынған. Салынған айыппұл жазасы 100% орындалған. Ал 2017 жылдың 14 желтоқсанына дейін сыбайлас жемқорлықпен байланыс­ты құқық бұзушылықтар бойынша 26 тұлғаға қатысты 26 қылмыстық іс қаралған. 6 тұлғаға қатысты 12 549 500 теңге айыппұл салынып, қазіргі таңда орындалу үстінде.

Бүгінде пара алғандар қылмыстық заңға сәйкес, айыппұл төлеу арқылы жеңіл жазамен қылмыстық жауапкершіліктен құтыла алады. Жемқорларды соттап, түрмеге тоғытудан гөрі олардың қаржыны қазынаға қайтарғаны дұрыс та шығар, бірақ оларды тегістей басынан сипай беру сыбайлас жемқорлықпен күрестің пәрменіне кері әсер етпей ме?! Бұл да ойландыратын мәселе!

Тағы бір айта кететін жайт, мемлекеттік қызметтің беделін көтеру үшін бұрын сотталғандар мемлекеттік қызметке орналаса алмайды. Бұл да, әрине дұрыс шешім. Көршілес Қытайда жемқорлық үшін ұзақ мерзімге түрмеге қамау, өлім жазасы мен қол шабу сияқты жазалар көзделіп, 2000 жылдан бері 10 мыңнан астам шенеунік жемқорлық фактілері үшін өлім жазасына кесілген екен. Кезінде Сингапур де сыбайлас жемқорлықпен әбден былғанған мемлекеттердің қатарында еді. Ли Куан Ю бастаған мемлекеттік реформа елді тығырықтан түбегейлі алып шығып, соттардың тәуелсіздігін қамтамасыз ету, жалақылары мен мәртебесін көтеру арқылы жемқорлықтың жолы кесілді.

Сондықтан біздің елде жазалауды ізгілендіргенімізбен, мемлекет пен халықтың алдында адал қызметін атқару үшін ант бере отырып, лауазымды адам бола тұра, өзінің қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланып, пара алғандар міндетті түрде қатаң жазалануы тиіс деп ойлаймын. Қара халықтың емес, өз құлқынының қамын күйттейтіндерді айыппұл жазасымен шектемей, абақтыға тоғыту арқылы қайта тәрбиелеген дұрыс деп санаймын. Себебі кез келген жемқор қолымен жасағанды мойнымен көтеруі тиіс. Сондай-ақ «Ауруға ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дегендей, басты назар сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күреске емес, оның алғышарттарын жоюға аударылуы тиістігін де айтқым келеді.

Бұл бағытта Елбасының еліміздің жарқын болашағы үшін әр саланы цифрландыру туралы бастамасын қос қолдап қолдай отырып, ол сот саласында да жемқорлық­ты ауыздықтауға бірден бір септігін тигізеді деп сенім білдіремін. Жоғарғы соттың сайтында 2014 жылы «Сот кабинеті» сервисі іске қосылып, электронды цифрлы қолтаңбаға ие азаматтар сотқа талап арыз-шағым, өтініш, пікір немесе қарсы талап арызды электронды түрде беріп, мемлекеттік баж салығын онлайн режімде төлеу мүм­кіндігін пайдаланса, 2017 жылдан бастап сот процестерін бақылайтын ахуалдық орталық іске қосылды. Сондай-ақ «100 нақты қадам» ұлт Жоспарының 20-қадамын орындау мақсатында Маңғыстау облысы бойынша барлық сот зал­дары аудио-бейнетіркеу жүйесімен, соның ішінде, бейнебайланыс құрылғыларымен 100 пайызға жабдық­талған. Азаматтардың еркін түрде кез келген қызметке қолже­тім­ділігін қалыптастыру, үйден шықпай сотқа арыз-шағым беру немесе қаладан қалаға сапарлатпай, сот отырысына қатыса алуы, тіпті кейбір қылмыстық істердің қозғалысын ғаламтор арқылы бақылау мүмкіндігі мемлекеттік қызметке деген мөлдірлікті көрсетсе, соның ішінде сот билігіне деген сенімді қалыптастырары сөзсіз.

Қорыта айтқанда, бүкіл саланы цифрландыру – жаңғыру мен жаңаруға ұмтылған келешек ұрпақтың бақытты өмір сүруінің нақты   кепілі болмақ.

Жақсылық АЛАНОВ,
Маңғыстау облыстық сотының төрағасы