Үкімет • 06 Ақпан, 2018

Былтыр ШОБ-ті дамыту аясында 17 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

252 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шағын және орта бизнесті дамыту бойынша қолға алынған шаралар туралы бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баяндады.

Былтыр ШОБ-ті дамыту аясында 17 мыңнан астам жұмыс орны құрылды

Тимур Сүлейменовтың айтуынша, жұмыспен қамтудың, инвестициялар тартудың негізгі көзі, экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастырудың іргетасы болып табылатын экономиканың аталған секторын дамыту  Ұлттық экономика министрлігі жұмысының негізгі басымдықтары болып табылады.

Аталған бағыттағы жұмыс үш жүйелік блок бойынша жүзеге асырылады:

мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бизнес ахуалды жақсарту;  

қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру және қолдау шараларын жетілдіру;

салалық кедергілерді жою.

«Мемлекеттік реттеуді жетілдіру және бизнес ахуалды жақсарту» бағыты бойынша сәйкес заң жобасы әзірленді, онда 100 заң мен 13 кодекске өзгерісті қамтитын шамамен 1000 түзету бар. 

Заң жобасы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды реформалауды, кәсіпкерлердің ауыртпалықты есептілігін азайтуды, бизнестің жаппай шығындарын қысқартуды, бәсекелестікті дамытуға кедергі келтіретін нарық субъектілерінің ерекше құқықтарын жоюды және «Doing business» Дүниежүзілік банкінің рейтингісі бойынша Қазақстанның позициясын жақсартуды көздейді.

«Келесі маңызды бағыт кәсіпкерлік қызметті қаржыландыруға қолжетімділікті арттыру болып табылады. Мұнда қолдаудың басты құралдары “Бизнестің жол картасы 2020” Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы, Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы, сондай-ақ халықаралық қаржы ұйымдарының кредиттік желілері болады», — деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

«Бизнестің жол картасы 2020» Бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 2017 жылдың қорытындысы бойынша қолдау шараларымен 192 мыңнан астам кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар халық қамтылды, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 10% артық.

2017 жылдың қорытындысы бойынша сыйақы және кредиттерге кепілдік беру мөлшерлемелерін субсидиялау арқылы қолдау көрсетілген кредит қоржыны 286,6 млрд теңгені құрады. Барлығы 3351 жобаға қолдау көрсетілді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда 10% артық. 490 млн теңге сомасына 276 жобаға мемлекеттік грант  ұсынылды, 12,1 млрд теңге сомасына 25 жобаға жетістпейтін инфрақұрылым жүргізілді, оқыту бағдарламаларымен және сервистік қызметтермен 74,8 мың жаңа бастаған және жұмыс істеп жатқан кәсіпкер қамтылды. 

2017 жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысушылар 3,5 трлн теңге сомаға өнім өндірді, 17,3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, 217 млрд теңге сомаға салық төленді.

Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының жұмыс істеп жатқан құралдарына жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халыққа бағытталған Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыдарламасы аясындағы қолдау шаралары айтарлықтай толықтыру болды.

Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 2017 жылдың қорытындысы бойынша 10 млрд теңге жоспар кезінде екінші деңгейдегі банктерде 11,8 млрд теңге несие орналастырылды, оның ішінде 2018 жылғы 5 қаңтардағы жағдай бойынша 10,1 млрд теңге сомаға жобалар қаржыландырылды, мақұлданды және қарауда болды.

Айта кеткен жөн, жергілікті атқарушы органдар бөлген қосымша қаражатты ескергенде шағын несиелендіру қоржыны 14,2 млрд теңгені құрады, оның ішінде банктерде 12,9 млрд теңге сомға несиелер орналастырылды. Бизнестің 172 жобасы 967 млн теңге сомаға банктік кепілдерге ие болды. 15 мың жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар оқытылды, олардың 3300 астам стартаптары қаржыландырылды.  

Сондай-ақ, министрлік инвестициялар және даму, ауыл шаруашылығы министрліктерімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірге «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік қолдау шаралары бойынша «Бірыңғай терезе» құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Ұсынылған шешімдерді іске асыру үшін 52 қолдау құралдарынан тұратын тізім анықталды. ҰЭМ мәліметтеріне сәйкес, мемлекеттік қолдау шараларын толық автоматтандыру оларды қолжетімді етуге, осы саладағы сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтуға, кәсіпкерлік субъектілерін қамтуды арттыруға мүмкіндік береді.  

Келесі маңызды бағыт салалық кедергілерді жою болып табылады. Өткен жылдардағы жұмысты ескере отырып, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірге 552 бизнестің проблемалы мәселелерін қарады, олардың 497-сі шешілді.   

Статистика комитетінің мәліметінше, жұмыс істеп тұрған бизнес саны 2017 жылдың қорытындысы бойынша 1 145 994 бірлікті құрады немесе 2016 жылмен салыстырғанда 3,6% артық. Оған қоса, ШОБ өнімдері өндірісі едәуір өсті. 2017 жылдың 9 айында өнім өндірісі 14,4 трлн теңге соманы құрады немесе 2016 жылмен салыстырғанда 28,5% артық.  

«Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыс Министрліктің басты назарында және тұрақты бақылауда екенін атап өткім келеді», — деп түйіндеді министр Тимур Сүлейменов.

Отырыста «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасы А. Әріпхановтың, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы А. Мырзахметовтың баяндамалары тыңдалды.