Қазақстан • 06 Ақпан, 2018

Елорда әкімі тасқын суға қарсы кешенді іс-шаралардың жоспарын бекітті

216 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Апта сайын өтетін аппараттың жиынын қаладағы коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы Төлеген Закарьянов 2018 жылы елорда аумағындағы тасқын суға қатысты кешенді жоспарын таныстырудан бастады.

Елорда әкімі тасқын суға қарсы кешенді іс-шаралардың жоспарын бекітті

Жоспар 202 тармақтан тұрады, оған жауапты атқарушы ретінде қала әкімдігінің 22 құрылымдық бөлімшелері, 8 аумақтық министрлік органы мен бөлімшелері, 2 коммуналдық кәсіпорын кіреді.

Т.Закарьянов баяндамасында жоспардың ең негізгілерін айта келе, тасқын кезінде төтенше жағдайдың болу ықтималдығын жоюды, әсіресе «Көктал» тұрғын алабындағы жаяу жүргіншілер жүретін аспалы көпірге ерекше тоқтала кетті.

«Сіздің тапсырмаңыз бойынша осы жылы аспалы көпірдің жобалау-сметалық құжатын дайындадық, ол 15 наурызға дейін жөндеуден өтетін болады», – деді Т.Закарьянов.

Оның айтуынша, көктемгі жауын-шашынның көлеміне болжам жасау үшін «Казгидромет» РМК бірлесіп Мойылды өзенінің бассейні мен Есілдің жоғары жағына зерттеу жүргізетін маршруттық карта жасалынды. Қаңтарда мониторинг пен талдау жасау үшін қардың қоры туралы мәлімет алынған болатын.

Осыған орай, қала әкімдігі қарды шығару жұмыстарын ұйымдастыруға кірісіп кетті. Қыс басталғалы сыртқа шығарылған қардың көлемі 1,8 млн куб м жетті, ал былтыр осы уақытта шығарылған қар – 3,3 млн кубометр болған.

Осыған қарамастан Астана әкімі Әсет Исекешев МСҚБ басқармасына, құрылыс, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту және аудан әкімдіктеріне әлеуметтік маңызы бар нысандардың (балабақша, мектеп, орта арнаулы оқу орындары, ЖОО) аумағын, құрылыс алаңдарын қардан тазартуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиын соңында қала әкімі тиісті іс-шараларды жүйелі әрі кешенді түрде жүзеге асыруда тасқын суға қатысты қателіктер жібермеуін тапсырды.